Ауадан су өндіру. Токай университетінің түлегі патентін Қазақстаннан емес, басқа елден алғысы келеді

4244
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық өнертапқыш ауадан су өндіретін құрылғы ойлап тапты. «Адырна» тілшісі жас зерттеушімен тілдесіп, бұл жаңалықтың барысымен танысты.

Кеше су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болды. Әуелде осы сала мамандарын құттықтағандар туралы хабарланушы еді, кешегі мерекеде ондай атаулы оқиға болмағанға ұқсайды. Тіпті су шаруашылығы өз қарамағына кіретін Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың тарапынан да құттықтаужарияланбаған. Салалық мекеменің ресми сайтында соңғы мәлімет министрдің шетелдік сапарымен шектелген.

Мұның бәрі Қазақстан қоғамында су шаруашылығының қадірі жетпей жатқанын көрсетеді. Алдағы алаңдататын ықтимал су тапшылығы, ағымдағы су проблемалары – мұның бәрі Қазақстанда әзірге екінші қатардағы мәселелер екені байқалады.

Орталық Азияда су аяғында отырған, Арал мәселесін кешірген Қазақстан үшін су алтыннан да қымбат болуға тиіс. Трансұлттық өзендердің ешқайсысы да Қазақстан қалағандай деңгейдесумен қамтамасыз етіп жатқан жоқ. Тіпті қыл аяғы ауызсу тапшылығын шешу бағытында да жұлқынған идеялар көрінбейді. Басқасын былай қойғанда, бииылдың өзінде ел астанасының да судан тарыға бастағаны білінді.

Міне, осындай жағдайда 32 жастағы қазақстандық ғалым ауызсудың балама көздерін зерттеп, ауадан су өндіруге болатынын көрсетті.
 

ҚАРАҒАНДЫ, ВАШИНГТОН, ТОКИО

Марат Турабаев «Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде 4 жыл білім алдым» дейді. Оқуын аяқтағаннан соң «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып, АҚШ-та бір жыл ағылшын тілін үйренген екен.

«2 жылдан кейін Жапония астанасы Токиода орналасқан Токай университетінде машина жасау (нанотехнология) мамандығы бойынша магистратурада оқу бақыты бұйырды. Бұл жоғары оқу орны Жапонияның инженерлік ғылым, физика, химия, ақпараттық технологиялар, медицина, робот техникасы, нанотехнология, энергетика сынды салаларында жоғары нәтижеге ие», - дейді кейіпкеріміз.

«ҚАУІПТІҢ АЛДЫН ЕРТЕРЕК АЛУЫМЫЗ КЕРЕК»

Марат Турабаев қазіргі таңда әлем жұртшылығын су ресурсының сарқылуы ерекше алаңдатып отырғанын айтады. Осы бағыттағы ізденіс соңы Мараттың ауыз су қажеттілігін жоюға арналған технологияны ойлап табуына себепші болған.

«Күніне 800 литрге дейін ауыз су алуға қабілетті қондырғыны құрастырдық. Ол күн энергиясын ғана пайдаланып, ауадағы ылғалды конденсациялайды»,-дейді Марат.

Оның айтуынша, суды электр энергиясымен де буландыруға болады, бірақ электр энергиясының да сарқылып бара жатқанын ескерген жөн. Марат өзінің осы құралын Алматының Бағанашылында жасаған екен.

«Қазірдің өзінде дүниежүзінде ауыз су дағдырысы басталып кетті. Бұл мәселе 2040 жылға қарай шарықтау шегіне жетуі мүмкін. Сондықтан қауіптің алдын ертерек алуымыз керек. Біздің технологияны ауылдар мен қалаларда қолдануға болады. Ол ауыз судың жетіспеушілігін азайтуға көмектеседі»,-дейді зерттеуші.

«ГЕРМАНИЯДАН, НЕ АМЕРИКАДАН ПАТЕНТ АЛҒЫМ КЕЛЕДІ». НЕГЕ?

Өнертапқыш қондырғыны жасап шығару үшін бірнеше уақыт ізденген.

«Технологияны зерттеуге, жобалауға және сынауға бір жарым жыл кетті. Ал қондырғының өзі шамамен 1 ай ішінде жиналды. Негізгі жұмысты өзім жасадым. Химиялық тұрғыдан Жапониядағы профессорлар көмектесіп, кеңестерін берді. Сондай-ақ қасымда болған достарым да қолғабыс жасады», - деп түсіндірді Марат Турабаев.

Алдағы уақытта өнертапқыш қондырғыны патенттеу мәселесін қолға алмақ.

«Патентті Германия немесе Америкада алғым келеді. Қазіргі таңда сол үшін қаржы жинап жатырмын», - деді ол.

«Патентті неге Қазақстанда алмайсың?» деген сұраққа жас зерттеушінің айтқаны мынау болды.

«2016 жылы электронды сақтандыру жүйесін жасап, оны Қазақстанда патенттеген болатынмын. Алайда 3 жылдан кейін елімізде көлік құралы иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру полисінің қолданыстағы үлгісі электронды сақтандыру полисіне алмастырылды. Заң шықты. Қазіргі таңда сақтандыру жасайтын компаниялар менің патентімде жазылған механизммен жұмыс істеп жүр. Алайда мен бұған ештеме істей алмадым. Заңгерлерге жүгіндім, олар да көмек бере алмады. Сол себепті келесі патентті шетелде алғым келеді»,- деді Марат Турабаев.

Диана Асан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер