Жемқорлық дерегі өршіп тұрған Талдықорған қаласының жаңа әкімі тағайындалды

2006
Adyrna.kz Telegram
Талдықорған қаласының әкімі болып Жетісу облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ернат Бәзіл тағайындалды. Бұл туралы қала белсенділерінің жиынында хабарланды. Еске сала кетейік, Талдықорған қаласының бұрынғы әкімі өз еркімен қызметінен кеткен еді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ернат Бәзіл 1978 жылы дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясын, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. "Инженер-құрылысшы", "Қаржы" мамандықтары бойынша.

Еңбек жолын Алматы қаласындағы "Базис-А" корпорациясы" ЖШС-да учаске бригадирі болып бастап, кейін бригадир, учаске бастығы қызметтерін атқарды.

Осы жылдары құрылыс басқармасының жетекші, бас маманы, бөлім бастығы, бас маман, бөлім бастығы, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласы отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы, Алматы қаласы Жетісу ауданы әкімінің орынбасары, Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды.

2023 жылдың ақпан айынан бастап Жетісу облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Талдықорған қаласының экс-әкімі Әсет Масабаев әкім қызметінен өз еркімен кеткен еді.

Орайы келгенде айта кетейік, соңғы кездері Талдықорған қалалық білім, денсаулық сақтау саласында бірқатар жемқорлық дерегі тіркелді. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорған қалалық білім беру саласындағы жемқорлық қылмыстары 4-5 жыл бұрын басталғанын мәлімдейді. Білім бөлімі қызметкерлерінің бюджет қаражатынан жүйелі түрде 2 миллиард теңге ұрлағаны айтылады.  Сондай-ақ Талдықорған қаласы білім бөлімінің басшысы бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін қарамағындағылардан 280 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген еді.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер