Ардақ Назаров: Малшылардың зейнет жасын төмендету керек

2763
Adyrna.kz Telegram

Малшылардың зейнетке шығу жасын төмендету керек. Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол шаруа адамы мен малшының жұмысы ауыр екенін атап өтті.

«Әскери қызметкер сияқты 25 жыл тоқтаусыз мал баққан адамды зейнетке шығару керек. Кезінде малшы мәртебесі биік болғаны соншалық «Батыр, Социалистік Еңбек Ерлері»Жолсейіт Молдасанов, Жазылбек Қуанышбаев сынды аталарымыз әлі ел есінде. Аталған құрмет пен ескерулер, жағдай жасалса, малшының мәртебесі көтеріліп, біліктілігі артады. Кейінгі буын арасынан ата кәсіпке бет бұрушылар мен қызығушылардың саны көбейеді»,—деді ол.

Депутат Мәжіліс отырысында малшыларға бірқатар жеңілдік беруді ұсынды.  Атап айтсақ:

— жылына бір рет малшыны жанұясымен бірге тегін медициналық қызметтерден өткізіп, шипажайға демалуға жолдама беру;
— Еңбек бағдарламасы арқылы мемлекеттен белгілі бір пайызда жалақы төлеу;
— қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету;
— зейнетке шығу жасын төмендету, 25 жыл тоқтаусыз мал баққан адамды зейнет демалысына шығару;
— малшы балаларын балабақшамен қамтамасыз ету, мектеп жасындағы балаларының жақсы білім алуына жағдай жасап, арнайы интернаттар ашу;
— білікті шаруалар мен малшыларды «Еңбек Ері» атағымен марапаттау.

Пікірлер