Түркістан облысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін ұлттық құрылтайға 390 млн теңге бөлінгендігі ақпарат құралдарында айтыла бастағаны мәлім. Қомақты қаржысымен көпшілік назарын аударған Түркістандағы ұлттық құрылтайдың негізгі отырысы бүгін өтеді деп жоспарланған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Еске салайық, Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы былтыр 16 маусымда Ұлытау облысында өткен болатын. Алқалы жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынған еді.
«Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады», – деді Қ.Тоқаев.
Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп жоспарланған.
Құрылтай өтетін алаң қазақтың 12 қанатты киіз үйі тәрізді безендірілген. Әр аймақтан жиналған түрлі сала өкілдері кеше Түркістанға келіп, алғашқы секциялық жұмыстарға қатысты.
Құрылтай барлық облыстың, сан түрлі саланың, әр буынның өкілдерін қамтиды. Мұнда азаматтық ұстанымы бар орта буынның тәжірибесі, жаңаша ойлайтын жастардың тың идеялары ортаға салынады.
Орайы келгенде айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Түркістандағы ұлттық құрылтайды өткізуге 390 млн теңге жұмсалатындығы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған еді.
"Адырна" ұлттық порталы