Түркістан облысында анасы мен қызын ауылдасы аяусыздықпен өлтіріп кеткені айтылды

1986
Adyrna.kz Telegram
фото: Гүлмира Әбіқайдың Facebook парақшасынан алынды
фото: Гүлмира Әбіқайдың Facebook парақшасынан алынды

Түркістан облысында 16 жастағы қызы мен 45 жастағы анасын ауылдасы айуандықпен өлтіріп кеткені айтылды. Келес ауданында жан түршігерлік қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы журналист Гүлмира Әбіқай желідегі жазбасында жариялады. 

30 жастағы күдікті бұған дейін ауыл мектебінде сабақ берген. Күдікті өзі өлтірген мектеп оқушысына сексуалдық зорлық көрсеткені үшін жұмыстан қуылған болатын. Қаза болғандардың туыстарының айтуынша, күдікті қылмыскер осылайша жұмыстан шығарылғаны үшін кек алғысы келген.

Сол қаралы түнде 16 жастағы Нұрия әпкесінің үйінен өзі үйіне келген. Туыстарының айтуынша, қаскүнем үйге түнгі екіде кіріп, алдымен 45 жастағы жесір әйелдің басынан кірпішпен ұрып, кейін 10-сынып оқушысын зорлаған. Олардың айтуынша, зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыздың шыңғырған айқайын көршілері естіген.

Марқұмның денесін жуған туыстарының айтуынша, марқұмның денесінің сау тамтығы қалмаған. Қыздың бір көзі ойылып, кеудесі көгеріп, анасының миы жаншылып кеткен, дейді. Қан-жоса болған үйді марқұмдардың туыстары жуып шыққанымен, жантүршігерлік қылмыстың іздері әлі де қалғанын айтады.

Туыстары отбасы иесінің осыдан 15 жыл бұрын өлтірілгенін айтады. Жесір әйел Зарипа Нарымбетова үш қыз тәрбиелеп өсіріп, екеуін құтты орнына қондырған. Ол өзі мектепте аспаз болып жұмыс істеген. Анасы мен қызын өлтірді деп Нұрия оқыған мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғаілімі айыпталып отырғаны айтылды.

Жақындары оның бір жыл бұрын 15 жастағы Нұрияға махаббат хаттарын жаза бастағанын атап өтті. Мұны білген анасы оның үстінен мектеп директорына шағымданған, содан кейін күдікті жұмыстан босатылған. Кінәлі деп айып тағылып отырған үш баланың әкесі қазір қамауда отыр. Марқұмдардың туыстары оның бұл жантүршігерлік кісі өлтіру әрекетін жалғыз өзі жасағанына күмәнданып отыр. Олардың ойынша, оның қасында сыбайласы болған.

12 қыркүйек күні анасы мен қызын жерлеу рәсімі өтті. Кісі қолынан қаза тапқан марқұмдардың туыстары жақындарының өліміне күдіктілердің анықталып, лайықты жазасын алуын сұрайды.

Қазір бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Полиция Түркістан облысының тұрғыны мен оның кәмелетке толмаған қызын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті жедел іздестіру шараларымен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында қажетті жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде. Басқа мәліметтер тергеу мүддесі үшін жария етілмейді», - деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады.

Пікірлер