Жетісу облысы биыл қызылшадан 47 мың тонна қант өндіруді жоспарлап отыр

1457
Adyrna.kz Telegram

Жетісу облысында қант өндірісін дамыту үшін осы жылы қант қызылшасының алқабы 2 есеге ұлғайтылып, 8 515 гектар болды. Одан 47 мың тонна қант өндіру жоспарлануда. Бұл өңірдің қантқа деген сұранысын толық жауып (11 мың тн), өнімді еліміздің өзге өңірлеріне шығаруға мүмкіндік береді. Бұл туралы Ескелді ауданындағы «Тау Жетісу» базасында Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың брифингісінде белгілі болды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Сол сияқты өз баяндамасында облыс басшысы су шаруашылығы нысандарын қайта жаңғырту мен жөндеу жұмыстары туралы да айтып өтті. Оның айтуынша, Ислам Даму Банкі қаражаты есебінен Ақсу ауданында 6,3 млрд. теңгеге суару жүйелерінде құрылыс жұмыстары биыл аяқталады, ал Көксу ауданында осы жылы басталады, оған 8,3 млрд. теңге қарастырылған. Соның нәтижесінде Ақсу ауданында 11,5 мың га, Көксуда 13,6 мың гектар жер сумен қамтылады.

- Ақсу ауданындағы Қызылағаш суару массивінің құрылысына республикалық бюджеттен 8,9 млрд. теңге бөлініп, бүгінгі күнге су құбырлары салына бастады. Биыл бітуі тиіс. Осының арқасында 6,7 мың гектар жерге суару жүйелері салынады, оның 5,3 мың га жаңа жерлер. Жалпы 30 мың гектар алқап суармалы сумен қамтылады, - деді Б.Исабаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Пікірлер