4 маусым - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні.
Тәуелсіз Қазақстанның нышандары - Ту, Елтаңба және Әнұран. Қазақ елінің бұл нышандары – мемлекетіміздің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы. Әрі еліміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондықтан “Адырна” тілшісі Алматы тұрғындарынан рәміздердің авторын сұрап, сауал қойды.
“Тудың авторын білесіз бе?” деген сауалға қала тұрғындарының бірі “Сәкен Майғазиев” деп шатасып кетті. Тосыннан қойған сұрақтың жауабын жастардың біразы білмейтін болып шықты. Өкінішке қарай, елтаңбаның да авторының кім екенінен бейхабар.
Ал әнұранның авторларын сұрағанда Шәмші Қалдаяқов пен Нұрсұлтан Назарбаев екенін айтып, Жұмекен Нәжімеденовті ешкім есіне түсіре алмады. Ал тұрғындардың барлығы әнұранды жатқа біледі.
Дегенмен, елдің ұлттық болмысын, дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытатын белгілердің авторларын біліп жүргеніміз абзал!