Айқын мақсат, нақты іс

1927
Adyrna.kz Telegram

Таң қылаң бере Қонаев пен Алматы қалаларынан бұқаралық ақпарат құралдарының бір топ өкілі Жамбыл ауданына арнайы шақыртумен аттандық. Аудан Алматыға іргелес орналасқандықтан ба, әлде көптен көрмеген әріптестермен сағынысып қауышқандықтан ба екен, біз отырған көлік көзді ашып-жұмғанша, жыр алыбы Жамбыл бабамыздың қанатсөзі жазылған билбордтың алдына кеп тоқтай қалды. Бізді аудан әкімінің орынбасары Ә.Қамбарұлы бастаған топ қарсы алды. Жасалған бағдарлама бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының бірінші тоқсандағы қорытындысы жайлы аудан әкімінің есебін тыңдап,  ел жағдайымен танысуымыз керек.

Жамбыл ауданы 1928 жылдың қыркүйегінде құрылған. Аумағы 19 300 шаршы км, құрамына 24 ауылдық округ пен 61 елдімекен кіреді. Өңірде отыз ұлттың өкілі тұрады, барлық жан саны – 169 мың. Аудан орталығы – Ұзынағаш кенті. Алматы агломерациясы аумағына аудан 2,9 мың шаршы километр құрайтын 6 селолық округпен, 12 елді мекенмен кіреді, олар – Ұзынағаш, Ынтымақ, Жаңақұрылыс, Қарғалы, Қарасу, Еңбекшіарал, Қайназар, Мыңбаев, Үмбетәлі, Қасымбек, Шолаққарғалы, Таран. Аудан экономикасының басты бағыты – ауылшаруашылық саласы.

Биылғы І тоқсанның қорытындысы бойынша, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалды. Аудан әкімі Нұрлан Ертастың айтуынша, кәсіпкерлікті әрі қарай дамытып, жаңа бизнес идеяларды қолдау бойынша барлық қажетті жағдайлар жасалуда. Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл 2,5 пайызбен кредит беру басталған. Қазірге дейін мал шаруашылығын дамытуға  233 несие алушыдан жалпы құны  1,2 млрд.теңгеге өтінім түсіп, соған сәйкес жұмыс атқарылуда. Бұған қоса ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында «Кең дала» бағдарламасы іске қосылыпты.

Біз, осы баспасөз турын ұйымдастырушы «Өлке тынысы» ЖШС бас директорының орынбасары Мұратбек Балтабеков бастаған журналистер тобы аяқтай аралап, көзбен көрген тұста осында – ел ішінде кәсіп қылуға айтарлықтай қарқын қосылып, шаруашылықтарда оң бетбұрыс жүріп жатқаны байқалды. Аудан әкімінің кезекті есеп беруінен соң Ұзынағашта салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысымен таныстық. Нысанға тапсырыс беруші аудандық әкімдіктің құрылыс бөлімінің басшысы Марат Әкеғұловтың мәлімдеуінше, салынып жатқан бес үйдің үшеуі биыл тамыз айында пайдалануға беріледі. Аталған жобаның құны 2 млрд 305 млн теңге. Бұл тұрғын үйлер «Отбасы банк» арқылы несиеге беріледі екен. Әзірше пәтерлердің шаршы метрі қаншадан саудаланатыны белгісіз. Біз барған кезде әрлеу, абаттандыру жұмыстары жүріп жатты. Келешекте бұл үйлер орталықтандырылған су, газ жүйесіне қосылады. «Құрылыс 2021 жылы басталған. Бас мердігер компания – «Талас-Құрылыс» ЖШС. Тұрғын үй эконом санаты бойынша салынуда», – деп атап өтті бөлім басшысы. Айта кетейік, бүгінде ауданда 3 286 адам үй кезегінде тұр. Осы ретте аудандағы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында биыл 345 млн 600 мың теңге бөлініп, 36 үйді сатып алу жоспарланып отыр.

Бұдан соң осындағы 1500 орынды құрылыс нысаны – жаңа мектеп құрылысымен таныстық. Жобалық құны 4,6 млрд. теңгені құрайтын мектептің құрылысы жақында аяқталып, жаңа оқу жылы қарсаңында қолданысқа берілмек. Айта кетейік, мұнда үш ауысымды мектептер саны әлі де болса көбірек екен. Биылғы оқу жылының өзінде аудан мектептері 36 929 оқушы қабылдағанын ескерсек, өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 5 пайыз, яғни  1 763 балаға артқан. Соған сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жалпы тізіміне аудан бойынша 7 мектеп енгізіліп, мәселені шешу жолында іс-шаралар жүргізу басталған.

Пресс-тур жоспарындағы келесі мекеме – аудан орталығындағы «Алатау» тігін цехы. Цехта 120 адам қызмет етеді. Оның ішінде халықты жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша тігіншілік курсын бітірген оншақты адам бар.

«Біз негізінде мемлекеттік сатып алулар сайтындағы конкурстарға қатысамыз. Бүгінде Қорғаныс министрлігінің тапсырмасын орындаудамыз. Әзірше жеке адамдардан тапсырыс алып жатқан жоқпыз. Цех толықтай жеке кәсіпкердің қаржысына тұрғызылған. Ендігі жылы аяқ киім шығаратын өндіріс ошағын ашып, 300-400 адамды жұмыспен қамтуды ниет қылып отырмыз», – деді цех директорының орынбасары Анар Егізбаева. Жалпы ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен жылма-жыл келген 50-ге тарта жас маманға тұрғын үй сатып алуға 1500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде кредит және 200-ге жуық маманға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы  беріледі екен. «Алатау» цехында жас маман, дизайнер-тігінші Қадылбекова Мерекемен тілдесу барысында жасап жатқан ісіне деген сүйінспеншілік пен адалдықты, жалақысына деген ризашылықты аңғардым.

Біз ат басын тіреген келесі нысан – Қасымбек ауылындағы «Айтқали Био Гарден» серіктестігі 2017 жылы 25 гектар жерге алма көшеттерін еккен екен. Үш жылдан кейін 100 тонна өнім алынған. Бақта алманың луна, розелла, лорион, ретопаз, сириус түрлері өсіріледі. Оның бір түрі ғана маусым айында піседі. Піскен алма көтерме бағамен саудаланады.

Ал «Alinar argo» ЖШС жылыжайда қияр, құлпынай өсірумен айналысады. Жылыжай жылына 40 тоннадан аса өнім береді. Бүгінде алматылықтардың дастарқанына түсіп отырған жеміс-жемсіннің елеулі бір бөлігін осында өсірілетін құлпынайдың клери, альбион сұрыптары құрайды. Алайда, мемлекет тарапынан беріліп отырған субсидия талаптарында жергілікті жағдайға бейімделген сұрыптар мәселесі үнемі ескеріле бермейді – шаруашылық басшысы Тимур Увалиевтің бір ойы осыған сайды.

Бағлан Кенжебаев Ұзынағашқа Шардарадан келген. «Almaty balyk – 2050» ЖШС деген атпен  тоған шаруашылығын ашқан. Сонау жерден «мен мұндалап» көрінетін ағаш үйлері құдды Техастың ранчосындай әсер қалдырады екен. Бағлан Оразалыұлының мақсаты айқын, ісі мығым көрінді. Алдағы уақытта балық шаруашылығын туризммен ұштастыруды мақсат етіп отыр.

Іссапар барысында аудан жұртшылығының іскерлігін, жаһаткерлігін байқадым. Әйтсе де өзім – Сыр елінің, Жыр елінің қызы – алғаш аяқ басқан Жамбыл жәкемнің атамекені дәстүрді, төл өнерді дәріптеуде әлі де болса бір аяғынан ақсап жатқандай көрінді. Бұл мекеннен мен қазақылықты, ақсақалы үлгі-насихатын айтып, күйшісі мен жыршысы дала сарынымен кешеден бүгінге қалтқысыз жеткен бабалар аманатын күткен едім.

Алға қойылған міндетті сапалы атқарып, батыл бастамаларға қызу қолдау көрсетіп, аудан халқының әл-ауқаты мен тұрмысын жақсарта отырып, тиісті бағдарламалардың толыққанды жүзеге асырылуын аудан басшылығы мықтап қолға алса, халық та өз тарапынан ел экономикасын көтеруге бар білімі мен күш-жігерін жұмсайтыны анық.

Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Пікірлер