Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстық мәслихаттың кезекті III сессиясы өтті

1347
Adyrna.kz Telegram
www.gov.kz
www.gov.kz

Қонаев қалалық Мәдениет үйінде облыстық мәслихаттың кезекті III сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділов жүргізді.

Бірінші мәселе бойынша Алматы облысының 2022 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Бибігүл Ұзақова баяндама жасады.

Ұзақованың айтуынша, өткен жылы экономика секторының барлық бағытында өсу қарқыны байқалып, облыстың жалпы өңірлік өнімі 2022 жылдың 9 айында 2538,5 млрд теңгені, жан басына шаққанда 1 706,3 млн теңгені құраған. Өнеркәсіпте өңдеуші сектордың 8,7 пайызға ұлғаюы есебінен өндіріс көлемі 8,9 пайызға артып, 1,5 трлн теңгеден асқан.

«Ауыл шаруашылығында жалпы өнім 736,5 млрд теңгеге жетті немесе 2021 жылмен салыстырғанда 100,1 пайызға орындалды. Оның ішінде мал шаруашылығы өнімінің өндірісі 2,3 пайызға өсті. Жалпы АӨК-ні қолдауға 34,1 млрд теңге, оның ішінде субсидияларға 31,0 млрд теңге бағытталды. 15 мыңға жуық шаруа қожалығына қолдау көрсетілді.
Шағын және орта бизнестің белсенді субъектілерінің саны 116,6 мың бірлікті құрады. Облыс экономикасына 609 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, өсім 14,1 пайызды құрады. Биылғы сауда көлемі 8,4 пайызға ұлғайып, 1,6 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік бюджет жоспары 105 пайызға орындалды, жоспар бойынша 743,2 млрд теңге болса, 780,1 млрд теңге түсті. Республикалық бюджетке 384,0 млрд теңге, жергілікті бюджетке 396,1 млрд теңге түсті», - деді басқарма басшысы.

Өткен жылғы бюджеттің шамамен 50,1 пайызы әлеуметтік шығыстарға, демек, білім беру, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру саласына және 49,9 пайызы нақты секторға және басқа да шығыстарға, яғни, тұрғын үй-коммуналдық, ауыл шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, көлік және коммуникация, құрылыс қызметіне бағытталды.

 

Пікірлер