Алматы облысында еңбек нарығындағы жағдай тұрақты. 2022 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,7% құрады.
Алматы облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 2021-2022 жылдардағы еңбек нарығының көрсеткіштеріне мониторинг жүргізген. Талдау нәтижелері жекелеген аудандардың ішкі еңбек нарығында белгілі бір мәселелердің и бар екенін көрсетті.
Мәселен, 2022 жылы жұмыссыздықтың жалпы деңгейі Кеген - 5,7%, Райымбек - 5,6%, Балқаш-5,4%, Ұйғыр аудандарында -5,2% және Қонаев қаласында 4,8%-ды көрсетіп, орта облыстық деңгейден жоғары болды.
2023 жылғы 1 қаңтарға облыс халқының саны 2022 жылдың басымен салыстырғанда табиғи және көші-қон өсімі есебінен 27,5 мың адамға артты.
Бұл ретте, халықтың ең көп өсімі Алматы қаласына жақын аудандарда тіркелді, атап айтқанда: Қарасай 11,6 мың адамға, Талғар 7,0 мың адамға, Іле 6,9 мың адамға, Жамбыл 2,1 мың адамға, Еңбекшіқазақ 1,4 мың адамға, сондай-ақ Қонаев қаласында 0,5 мың адамға аз өсім байқалды.
Сонымен қатар, Райымбек - 0,7 мың адам, Кеген - 0,7 мың адам, Балқаш - 0,4 мың адам, Ұйғыр аудандарында -0,3 мың адам халық санының азаюы орын алуда.
Облыс экономикасында 2023 жылдың 1 қаңтарына жұмыс күшінің саны 2022 жылдың басымен салыстырғанда 42,2 мың адамға өсті. Жұмыс күшінің ең көп өсуі келесі аудандарда тіркелді: Іле 24,6 мың адамға, Қарасай 15,6 мың адамға және Қонаев қаласында 7,1 мың адамға. Сонымен қатар, Еңбекшіқазақ ауданында 15,8 мың адамға және Райымбек ауданында 5,4 мың адамға айтарлықтай төмендеу байқалады.
Жұмыс күшінің өсуіне жұмыспен қамтылған халық санының артуы айтарлықтай әсер етеді. Жалпы есепті кезеңде облыстың жұмыспен қамтылған халқы 37,8 мың адамға өсіп, 697,7 мың адамды құрады. Жұмыспен қамтылған халық арасында жалдамалы қызметкерлер саны - 499,1 мың адамды, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар - 198,6 мың адамды құрады.
Іле ауданында-23,6 мың адам, Талғар ауданында -15,2 мың адам және Қонаев қаласында - 6,7 мың адам жұмыспен қамтылған азаматтардың ең көп өсуі байқалды. Сонымен қатар, жұмыспен қамтылғандар санының төмендеуі мына аудандарда тіркелді: Еңбекшіқазақ-15 мың адам, Райымбек-5,1 мың адам, Жамбыл-2,9 мың адам, Кеген-0,8 мың адам.
Еңбек нарығының жүргізілген мониторингін ескере отырып, ішкі еңбек нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерімсіздікті болдырмау мақсатында облыста инвестициялар тарту, өндірістер құру жөніндегі жұмыс жандандырылады. Халықтың кәсіпкерлік қызметін ынталандыру үшін гранттар, несиелер сияқты тетіктер кеңінен қолданылады.