Путиннің шақыртуымен Мәскеудегі Жеңіс шеруіне 6 елдің басшысы барды. Арасында Қасым-Жомарт Тоқаев та бар

2050
Adyrna.kz Telegram

Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған Мәскеудегі шеруді тамашалауға 6 мемлекеттің басшысы барды. Олардың қатарында Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Беларусь елдері басшылары бар. Былтырғы Қызыл алаңда өткен шеруге бір де бір елдің басшысы бармаған еді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

9 мамыр, бүгін, Мәскеудегі шеруге Беларусь Президенті Александр Лукашенко асыға жетті. Журналистер басшының көлігін қала көшелерінен байқағанын жазды.  Бұған дейін Лукашенко Мәскеудегі ұйымдастырылған шеруде бір рет қана төбе көрсеткен еді. Ол ұдайы Минскідегі мерекелік іс-шараларға бола әскери шеруге қатысудан бас тартатын.

Жеңіс күні Мәскеуге Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев барды, деп хабарлайды ТАСС. Бір ерекшелігі, Өзбекстан мемлекеті егемендіктен кейін, елін Ислам Каримов басқарып тұрғанда, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты жаңа тарихи баға бергені байқалады. Өзбекстанда соңғы бірнеше жыл бойы "Ұлы Отан соғысы" тіркесі қолданылмайтын болған. Оның орныша өзбектер "Екінші жаһан соғысы" атауын дұрыс деп тапқан. Негізінен алғанда, Өзбекстанда 9 мамыр соғыс құрбандары мен ардагерлерін Еске алу және құрметтеу күні ретінде атап өтіледі.

Сонымен қатар, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге арнайы ат басын бұрды. Тәжікстан басшысы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шараларға қатысуды жоспарлап отыр, сапар екі күнге созылады.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та сапармен  Мәскеуде жүр. Сондай-ақ, Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызыл алаңдағы шеруді тамашалайды.

Ресей басылымдары Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге кеше жетіп алғанын жазды. Қазақстан мен Қырғызстан президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров өз сапарларын Тверь облысы, Ржевск ауданындағы мемориалға гүл шоқтарын қоюдан бастаған.

Биыл Жеңіс күніне 78 жыл. Өткен жылғы Мәскеу шеруін тамашалауға бірде-бір шетелдік көшбасшы бармаған еді.

Орайы келгенде айта кетейік, 2014 жылы Қырым мен Севастополь аймағында басталған Ресей-Украина қақтығыстары әлі жалғасып жатыр. 2021 жылдан бастап бұл қақтығыс өрши түсті. Сол жылдың 21 ақпанында Ресей билігі "өз-өзінің" егемендігін жариялаған КХДР мен ЛНР-дің тәуелсіздігін мойындады. 2022 жылы 24 ақпанда Украинаға толыққанды шабуыл жасап, аймағына басып кірді.

2023 жылы 17 наурызда Гаагадағы Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді ұстауға шешім шығарды.

Айта кету керек, Қазақстанның ұлттық ақпараттық кеңістігінде де "Ұлы Отан соғысы" тіркесіне қатысты көзқарас өзгере бастағаны байқалады. Әлеуметтік желі қолданушылары көбіне "Екінші дүниежүзілік соғыс" атауының дұрыс екенін айтып, дәлелдеумен болады.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер