Марафонға барар жолда. Полицияның тағы бір желаяқты ұстағаны айтылды

1889
Adyrna.kz Telegram

Журналист, кәсіпкер, әуесқой марафоншы, альпинист Еренғайып Қуатайұлы өзіңің Facebook парақшасында 1 мамыр күні құқық қорғау органдары тарапынан көрген "теперіші" жайлы жазды. Автордың айтуынша, беті-басы тұмшаланған бес жігіт оны себепсіз ұстап әкеткен, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Журналист, әуесқой спортшы Еренғайып Қуатайұлы болған жайды былай түсіндіреді:

-  Бірінші мамыр. Бірлік күні. Астана. Кенесары хан ескерткіші. Сағат 13:45. Танысымды күтіп орындықта отырғанмын. Біз осы жерде 13:30-да кездесетін болғанбыз. “Брат, мұнда отыруға болмайды!” деген дауысқа жалт қарап, “неге отыруға болмайды?” дегенімше бет аузы тұмшаланған бес жігіт қойша жұлқылап көлікке бір-ақ тықты. Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына алып келді.

Саусақ іздерін алды. Фотоға түсірді. Сұрақ-жауап алды. Кенесары хан ескерткішіне нешеде не мақсатпен келгенімді сұрады. Таңертең Алматыдан ұшып келгенімді, Қарағандыға бара жатқанымды, 2 мамыр күні Қарағанды-Түркістан ультра марафонына қатысатынымды, жолай астаналық танысыма жолығып кету үшін осы жерге келгенімді айттым.
“Сіз әлеуметтік желіден Мұхтар Әбіләзовтің саяси үндеулерін тыңдайсыз ба?” деген сұрақ қойылғанда мені мұнда не үшін алып келгендерін түсіндім, - дейді журналист.

Автор кейіннен өзін жолдан қалдырған Астана полицейлерінің әрекетін айтыптап, жоспарының бұзылғаны жайлы айтады.

- Заңсыз, еш себепсіз ішкі істер басқармасында мені төрт сағат қырық минут ұстады. Бір марафон және бір жарты марафон жүгіріп тастайтын қайран уақытым рәсуа болды! Бәрінен кездесуім керек адамнан қатты ұялып отырмын! Құрметті дос, Сіз менің осы жазбамды оқып отырсаңыз, сізден кешірім сұраймын!..
Қарағандыға енді ғана жеттім. Танертең ерте ультра марафонның алғашқа 21 км эстафетасын бастап жүгіремін!

Жаңа Қазақстанға бір сұрақ: Сіздер қандай Қазақстан құрып жатырсыздар?
Астана қалалық (ҚР Ішкі істер министрлігі / Министерство внутренних дел РК) ішкі істер департаменті, мені не үшін бес сағатқа жуық ұстадыңыздар? Жауап күтемін! - деді автор.

Әуесқой желаяқтың "жазықсыз жазбасына" ҚР Мәжіліс депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Ермұрат Бәпи пікір білдірді.

- Еренғайып Қуатайұлы - талантты журналист, сыйлас әріптес, дос, әуесқой альпинист, кәсіби марафоншы. Бірге қызмет еттік. Қазақстанның ақпарат кеңістігінің дамуына өзінің үлесін қосқан азамат, бүгінде бизнесте табысты еңбек етуде. Қазақстанның ішкі марафонын былай қойғанда, АҚШ-тың әйгілі Бостон марафонында, Еуропаның беделді марафондарында, жуырда ғана Жапонияның Токио марафонында әлемнен жиылған мыңдаған спортшының арасында жанкешті өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізді. 2020 жылы Тянь-Шаньдағы биіктігі алты мың метрден асатын Мәрмәр қабырға атты шыңды бағындырған.

Ал кешегі полицейлердің күн жарықта "жау шақырып" жүрген қадамы өте ұят болған екен…
"Шаш ал" десе, кейде бас аламыз… Ең жаманы - осындай бассыздықтар арқылы беделді азаматтарды қоғамға қарсы қоямыз және қоғамда теріс пікір тудырамыз… Өте ұятты жағдай болған екен. Марат Ахметжанов басқаратын тиісті мемлекеттік орган ресми жауап беру керек, - деді Жанарбек Әшімжан.

Журналист, депутат Ермұрат Бәпи құқық қорғау органдарынан кешірім сұрауды талап етіп, "жазықсыз желаяққа" жақтасты.

- ҚР Ішкі істер министрлігі! Министр Марат Ахметжанов мырза! Еренғайып Қуатайұлы мырзаға шұғыл жауап беріп, кешірім сұрау қажет болады, - деді депутат.

Орайы келгенде айта кетейік, спортшы Марат Жыланбаевты да полиция қызметкерлері ұстап әкетті.  Ол "полиция бөлімшесінде көп уақыт бөгелмейтінін айтқан" мамандарға сенгенін айтады. Осылайша, спортшы Астана қаласы, Алматы аудандық полиция бөліміне жеткізіледі. 2023 жылдың ақпанында Жыланбаев депутаттыққа ұсынылды, бірақ кейінірек сот оны "мерзімінен бұрын үгіт жүргізгені үшін" айыппұл салынады.

Журналист Думан Мұхамедкәрім де "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 25 тәулікке қамалды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер