“Ауруханадағы” Күдебаевтың шетелге қашып кеткені туралы ақпарат тарады

3749
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚР ІІМ
Фото: ҚР ІІМ

Қаңтар оқиғасына байланысты сотты болған Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың елден қашып кеткені туралы БАҚ беттерінде ақпарат тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Tengrinews.kz тілшісі ақпараттың мән-жайын анықтау мақсатында құзырлы органдарға хабарласқан.

Жоғарғы соттағылар Күдебаев сот процесі уақытында елден шықпау туралы қолхатпен жүргенін айтады.

Одан бөлек, редакция өкілдері қылмыстық-түзеу жүйесі комитетінен ақпарат сұрады. Алайда, ведомство өкілдері бұл ақпаратқа қатысты жауап бермеген.

Кейін Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға және ҰҚК ШҚ-на жүгінген. Алайда қазіргі уақытта органдар бұл жағдайға ресми түрде түсініктеме берген жоқ.

Серік Күдебаевтың шетелге қашып кеткені туралы ақпаратты Nege.kz редакциясы  да хабарлады. Басылым мәліметінше, Күдебаев Қырғызстан арқылы Өзбекстанға өтіп, ары қарай чартер арқылы Солтүстік Кипрге кетіп қалған.

“Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Құдебаев қаңтар айындағы оқиғалар бойынша елден қашып кетті. Оған бір ай бұрын сот үкімі шығуы керек еді, бірақ сот қандай да бір себептермен кейінге қалдырылды. Күдебаев ауруханаға жатты”, – деп жазылған хабарламада.

Дереккөз мәлімет бойынша, Күдебаевтың осындай мазмұнда қашуға дайындалуы мүмкін. Өйткені ол Қырғызстанмен шекарадан кедергісіз өтіп, сол жерден Өзбекстанға, кейін чартерлік рейспен Қазақстанның экстрадициялау туралы келісімі жоқ Солтүстік Кипрге ұшып кетуі мүмкін.

Айта кетейік, кеше сотталушының сот отырысына келмеуіне байланысты сотталушының дәлелді себептерін растайтын мәліметтер жоқ екені айтылды.

“Соған байланысты Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 157 және 335-баптарына сәйкес сот Күдебаевты көрсетілген уақытқа мәжбүрлеп әкелу туралы қаулы шығарды”, – делінген сот хабарламасында.

Еске салайық, Серік Күдебаев былтыр сәуірдің аяғында өз еркімен қызметінен босатылды. Ал мамырда ол қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылды.

Бұған дейін полиция генерал-майоры Серік Күдебаев "билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін" орташа қауіпсіздік колониясында тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылды.

10 наурызда Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев ауруханаға түскен болатын. Ал оған қатысты үкім 10 наурызда шығуы керек еді. Алайда бұрынғы полиция басшысына қатысты сот отырысы белгісіз мерзімге шегерілді. 27 наурызда Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет шегерілді. Артынша 20 наурызда Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілетіні белгілі болды.

Пікірлер