Сейсмологтер ескертеді: Алматыда алдығы аптада 3-3,5 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін

2679
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық сейсмикалық болжау комиссиясы кезектен тыс алқасөз жүргізді. Отырыс барысында елімізде болуы мүмкін жер дүмпулерінің шама-шарқы талқыланды. Келесі аптада Алматы қаласында топырақ толқуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы seismology.kz-ке сілтеме көрсете отырып. 

Брифингте Сейсмология институтының директоры Дәулет Сәрсенбаев Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары аумағында алдағы аптадағы жер сілкінісіне қатысты болжау комиссиясының қорытындысын мәлімдеді.

«Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытындысы әзірденді. Осы қорытындыға сәйкес, 2023 жыл ішінде Алматы полигоны аумағында 0,7 ықтималдығымен магнитудасы 5,6, яғни жеті балдық жер сілкінісі күтілмейді. Алдағы аптада шамамен 3-3,5 баллды құрайтын жер дүмпулері болуы ықтимал. Бұл біздің аймаққа тән қалыпты сейсмологиялық фондық режим», – деп атап өтті.

Қазіргі уақытта Алматы болжау полигонының аумағында (Алматы қ., Алматы және Жетісу облыстары) 47 станция жұмыс істейді. Институт базасында тұрақты болжау комиссиясы жұмыс істейді, оның құрамына төрт ғылыми зертхананың қызметкерлері мен Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедицияның (СТӘЭ) қызметкерлері кіреді. Режимдік бақылаудың кешенді станциялары желісінен күн сайын алынатын сейсмологиялық, геофизикалық, гидрогеодинамикалық, геохимиялық және басқа да деректерге (200 параметрге дейін) тұрақты мониторинг жүргізіледі.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер