Кибершабуылдан қорғау: “Қазақстанның киберқауіпсіздігі” тұжырымы қалай жұмыс істейді?

2309
Adyrna.kz Telegram

Жаһандық киберқауіпсіздік индексінде (Global cybersecurity Index) Қазақстан өз позициясын қарқынды түрде арттырып келеді. Мәселен, жуырдағы есеп бойынша, Қазақстан бірден киберқауіпсіздігі күшті елдердер арасында 40-орынға ұсынылды. Өткен жылдың рейтингісінде ел 82-орынға ие болған еді.

Сарапшылар елдің құқықтық саладағы жетістіктерін ерекше атап өтеді. Атап айтатын болсақ, Қазақстан мемлекеті ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және қауіпсіздік саласындағы талаптарды әлдеқашан біріздендіргені айтылады. Цифрландыру бағыты бүгін де киберқауіпсіздік стратегиясына айтарлықтай үлкен мән береді. Соңғы екі жыл ішінде киберқауіпсіздік саласын дамыту үшін негізгі тұжырымдамалық тәсілдер толықтай әзірленді. "Қазақстанның киберқауіпсіздігі" тұжырымдамасы, сондай-ақ бірқатар заңнамалық актілер, салалық бұйрықтар әзірленіп, бекітілді. Арнайы сынақ зертханалары құрылды, Ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті үйлестіретін орталық іске қосылды, аталған мамандық түрлері бойынша гранттар саны арта түсті.

“Қазақстанның киберқалқаны" бағдарламасы аясында Қазақстандағы киберқауіпсіздік үшін 336 аса маңызды нысан негізге алынды, оларға мемлекеттік құрылымдар, банктер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар жатады. Бұл мекемелерге жасалған шабуылдар халықаралық немесе мемлекетаралық деңгейде әсер етуі әбден мүмкін. "Қазақстанның киберқалқаны" тұжырымдамасын белсенді іске асыру процесі 2018 жылы басталып, 2022 жылға дейін есептелген еді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда киберқылмыспен күресетін арнайы қорғау жүйесін құру қажет екенін алғаш рет 2017 жылыы қаңтарда халыққа жыл сайынғы Жолдауында мәлімдеген болатын. Сол кезде ол Үкімет пен ҰҚК-ге "Қазақстанның киберқалқаны"жүйесін құру жөнінде шаралар мен жобалар қабылдауды тапсырды.

Халықаралық киберқауіпсіздік сарапшылары 2019 жылдан бастап әлемде кибершабуылдар әр 14 секунд сайын орын алып отырғанын айтады. Кибершабуылдар санының артуымен қоғамға келтірілетін залал саны да күн сайын өсуде: егер экономиканың әртүрлі секторларындағы компаниялардың шығындары 2019 жылы олар 2,5 трлн долларға жеткен. 2022 жылы Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамы бойынша кибершабуылдардан болатын планеталық залал 8 трлн долларға дейін өскен.

"Қазақстанның киберқауіпсіздігі" тұжырымдамасы цифрлық экономиканы әрі қарай қарқынды түрде перспективалық дамытуға және өндірістік процестерді технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға, ақпараттық-коммуникациялық қызмет көрсету саласын кеңейтуге, олардың бәсекелестік ортасына бағытталған.
Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіретін арнайы орталықты құру және оны дамыту жөніндегі барлық іс-шаралар "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында қолға алынған болатын. 2018 жылы Мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарын және республиканың аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымын кибершабуылдар мен киберқауіптерден қорғауды қамтамасыз ететін ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы құрылып, жұмысын бастады.Ол бүгін де серверлік және телекоммуникациялық жабдықтармен, үлкен деректерді сақтау жүйелерімен және аналитикалық құралдармен жабдықталған.

2019 жылы "ҚР ҰБХО аналитикалық жүйесі" АӨК қалыптастырудың екінші кезеңін іске асыру аяқталды, оның шеңберінде орталық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілерінің автоматтандырылған жұмыс орындарын мониторингілеу мен қорғаудың бағдарламалық-техникалық құралдары сатып алынды.

Осы жобаны іске асыруға барлық мемлекеттік мен жергілікті атқарушы органдар, "Атамекен" ҰКП, "мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ, салалық ұйымдар мен құзырет орталықтары атсалысты.
Тұжырымдаманы әзірлеу барысында Ұлыбритания, Швейцария, Австрия, Нидерланды, Германия, Финляндия сияқты елдер сияқты ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дайындау және сонымен қатар пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибелердің барлығы зерделенді. Бұл тұжырымдаманы орындау Қазақстанның БҰҰ-ның жаһандық киберқауіпсіздік бағдарламасына қосқан үлесі болып табылады.

БҰҰ деңгейінде халықаралық телекоммуникация Одағының жаһандық киберқауіпсіздік бағдарламасы немесе БҰҰ Бас Ассамблеясының "жаһандық киберқауіпсіздік мәдениетін құру және аса маңызды ақпараттық инфрақұрылымдарды қорғау жөніндегі ұлттық күш-жігерді бағалау" қарары сияқты бірқатар құжаттар бар. Онда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қауіпсіз пайдалану саласын қамтитын киберқауіпсіздік шаралары қамтылған.

Пікірлер