Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттен несие алған компаниялардың қаржыны қайтармай жатқанын айтты. Елбасы қарыз мөлшері ұлғайып жатқанын жеткізген шенеунікті сілкіледі.
Ақышев өз кезегінде бұл ақпаратты растады. Оның айтуынша, көптеген компаниялар қарызды әлі қайтармай жатса да, жұмысын тоқтатпаған.
"Біз оларға несие береміз бе, әлде тәртіп орнатамыз ба? Қанша қайтармады, солай жүре береді" ,- деді президент.
Елбасы жағдай өзгермесе, қылмыстық іс қозғап, қаржыны қайтару керектігін айтты.
"Мен бақылау комитетін құруды ұсынғанда, сен "өзімнің қолымнан келеді" дедің. Енді бақыла өзің. Заң шықты. Әрбір акционер өз банкінен ақша ұрлайды. Сосын артынан жүгіріп жүреміз. Біз қайда болдық? Бұл жаман жұмыс" , - деді мемлекет басшысы.