NIS Қазақстанды әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялауда

3256
Adyrna.kz Telegram

Назарбаев Зияткерлік мектептері NIS-тің әлемдік стандарттарын растайтын беделді еуропалық сертификатқа ие болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Германиядағы ACQUIN-нің штаб-пәтерінде Күләш Шәмшидиноваға NIS Педагогикалық шеберлік орталығын жаңа сертификаттау туралы куәлік табысталды.

Германияның Байройт қаласындағы ACQUIN-нің штаб-пәтерінде «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиноваға Педагогикалық шеберлік орталығының жаңа жетістігі туралы куәлік табыс етілді. Бұл – мұғалімдердің кәсіби дамуындағы «Мектеп командасы: тиімді басқару және білім беру сапасы» атты өзекті бағдарламасын шартсыз сертификаттау.

Мюнхен қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы Денис Рогов NIS-ті жаңаша танылуымен бірінші болып құттықтады.

ACQUIN аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институты «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының жоғары стандарттары мен Педагогикалық шеберлік орталығының кәсіби жетістіктерін мойындады. ACQUIN бағдарламалық және институционалды аккредиттеу бөлімінің басшысы Ясмин Рудольф NIS-тің Қазақстанды әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялағанын ерекше атап өтті. ACQUIN аккредиттеу бөлімінің үйлестірушісі Юлия Балакший сертификаттаумен жұмыс істеген ACQUIN-нің Швейцария мен Германиядағы сарапшылары өздерінің білім беру жүйелерінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кәсіби командасы дайындаған табысты шешімдерді енгізуге дайын екендерін жеткізді.

"Педагогикалық шеберлік орталығы қосымша кәсіптік білім беру жүйесінде сыртқы сараптамаға арналған бағдарламаларды елімізде бірінші болып ұсынды. ACQUIN өкілдері Педагогикалық шеберлік орталығының барлық бағдарламалары шартсыз сертификаттаудан бірден өткенін айтты",– дейді Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Жанбота Кабдыкаримова.

Жаңа танылу ПШО-ның үш жыл бойы беделді еуропалық агенттікте өтіп жатқан маңызды аккредитацияларының ауқымды сериясын жалғастырды.

Германиядағы аккредиттеу, сертификаттау және сапаны қамтамасыз ету институтында осыған дейін Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген он бағдарлама аккредиттелген. Олар мұғалімнің көшбасшылығына, тиімді оқыту мен қазіргі білім берудегі басқа да өзекті басымдықтарға бағытталған. Бұл мектептің топ-менеджментіне, математика мұғалімдері мен психологтарға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының, колледждер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының оқытушыларына арналған тақырыптық бағдарламалар, соның ішінде «Мұғалім тәжірибесіндегі зерттеу» курсы. Педагогтердің кәсіби дамуы үшін жасақталған барлық бағдарламалар бүгінде елімізде табысты жұмыс істеуде.

"Міндетті сыртқы бағалау стандарттары сапа саясатына сәйкестікті, бағдарламаларды әзірлеу мен бекітудің ашық және стандартталған рәсімдерін, оқыту мен бағалаудың жоғары деңгейін, тренерлер құрамының абсолютті кәсібилігін, тұрақты ресурстық базаны және жүйелі мониторингті қамтиды", – деп атап өтті «Мектеп командасы» жобасының менеджері Айша Садықова.

Педагогикалық шеберлік орталығының табысты дамуының келесі кезеңінде институционалды аккредиттеуден өту жоспарда тұр.

Беделді ACQUIN аккредиттеу агенттігі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз етуге арналған барлық тиісті халықаралық қауымдастықтар мен жобалық бастамалардың мүшесі болып табылады, 2009 жылдан бастап жоғары білім беру сапасын қамтамасыз етудің Еуропалық тізілімінде тіркелген. Стратегиялық басымдықтары – бағдарламалық және институционалды аккредиттеудің халықаралық процедуралары, Еуропалық Одақтың ғылыми жобалары.

Пікірлер