Түркістан облысында жылыжайдағы өнімдер үсіп жатыр

2604
Adyrna.kz Telegram
Фото: inform.kz
Фото: inform.kz

Түркістан облысында көмірдің жоқтығынан жылыжайларды жылыту мүмкін болмай, ондағы көшеттер мен өнімдер үсіп жатыр, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеп.

Ақпарат бойынша, Түркістан облысында жылыжай иелері пісіп үлгермеген өнімін қоқысқа тастауға мәжбүр. Себебі шаруалар күн суығанда көмірдің жоқтығынан жылыжайларын жылыта алмаған.

Сайрам ауданындағы «НұрАгро» шаруа қожалығында 150 тонна қызанақ жарамсыз болып қалған. Иесі Нұржан Садуақасов құзырлы органдардан арнайы комиссияның келуін күтіп отыр. Содан соң бүлінген егінді жинап, малға бермек.

Бұл жағдайға қатысты түсінік берген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жылыжай иелеріне қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Биыл қаңтар айында ауа райы -22 градусқа дейін күрт суып, қар қалың түсті. Жеке жылыжай шаруашылықтары тиісті көмір қорын қалыптастырмағандықтан қыс мезгіліне дайын болмай шықты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шұғыл іс-шаралар атқарылып, 591,0 гектар (1058 агроқұрылым) жылыжайларға қыста 200,8 мың тонна көмір отыны қажеттігі анықталды. «Қазақстан темір жолы» АҚ арқылы 186,7 мың тонна көмір облысқа жеткізілді - делінген ақпаратта.

Әкімдік мәліметіне сүйенсек, жылыжайлардың 94%-ы қолдан жасалған жеңіл конструкциялы болғандықтан, өнімдері үсіп кеткен. Оның ішінде 167 тауар өндірушінің 36 гектар жылыжайы қар салмағын көтере алмай, жарамсыз күйге түскен. Осылайша, жеке кәсіпкерлер шығынға ұшырады.

«Әкімдік тарапынан тауар өндірушілердің мүлкіне келтірілген нұқсан жөнінде акт ұсынылған жағдайда қаржы ұйымдары алдындағы берешегін (несие) өтеу мерзімін 1 жылға кейінге шегеру жөнінде ұсыныс жолданады. Сондай-ақ зардап шеккен жылыжай иелерін қаржы ұйымдары арқылы жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету жұмыстары атқарылады», - делінген Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Пікірлер