"Барлық бағытта жемісті жұмыс атқарылды" - Талдықорған қаласының әкімі облыс орталығының даму көрсеткіштері және алдағы жоспарларымен бөлісті

2431
Adyrna.kz Telegram

Баспана, инженерлік инфрақұрылым, электр жүйелері, қаланы абаттандыру, жол жөндеу жұмыстары, жабайы сауда мен өзге де өзекті мәселелер төңірегінде Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев баяндады. Қала әкімінің бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне 2022 жылғы атқарылған жұмыстардың нәтижелерін таныстырып, алдағы  жылға жоспарларымен бөлісті.

Қала әкімінің мәлімдеуінше, әкімшілікке келіп түскен барлық мәселелер шешімін табуда.

Бүгінгі күнге көпшілікті толғандыратын ең бір өзекті мәселе – баспана мәселесі. Бүгінгі күні облыс орталығында баспана кезегінде 15 мыңға жуық азамат тіркелген. Көпшілік өз кезегін күтіп,баспаналы болуға ниет етіп жүргенде, кей ниеті теріс азаматтар өз пайдасына қызмет еткен. Мәселен, бүгінгі күнге дейін Талдықорғанда мыңға жуық пәтер заңға қайшы қолданысқа берілген.

 «Заң талаптарын бұзып қолданысқа берілген 1 026 пәтердің 210 мемлекеттік органдардың балансына берілсе, 147 факт бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің арнайы тексеруінде.

Бүгінгі күні тұрғын үй комиссиясымен 457 өтінім қаралып, олардың 223 оң шешімін тапты, 107 өтінім бойынша іс сот қарауына жолданды. Басқа өтінімдер берілу барысында тағы да қаралып, уақытылы шешімдер шығарылмақ », - деді Талдықорған қаласының әкімі.

Пәтерді иелену бір бөлек, оның сапасы мүлде бөлек мәселе. Қала басшысы Әсет Масабаевтың айтуынша, әкімшілікке осы мәселеге қатысты көптеген арыз-шағымдар түседі.

«Жылыту маусымы басталған сәттен жылу жүйелеріне қатысты көптеген арыздар түсті. Басты себеп мердігерлер іске қосқан жылыту жүйелерінің жұмысының нашарлығы. Мәселен, Болашақ шағын ауданының №12,13,14 тұрғын үйлерінің жылыту жүйелері бітелген, осы себептен жылу тоғызыншы қабаттан жоғары көтеріле алмады. Осы мәселеге қатысты барлық арыздар қаралып, 23 көпқабатты үйде орын алған ақаулар жөнделді», - дейді әкім.

Тағы бір мысал. Өткен жылы Бірлік шағын ауданында іске қосылған екі тұрғын үйде қараша айында техникалық қабатта ыстық су краны істен шығып, 9 пәтерді су басты. Бұл ақауды мердігер компания кепілдік міндеттемісі есебінен өзі қалпына келтіріп, жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Жаңа баспаналардың сапасы мәселесі бүгінде біздің басты назарымызда дейді қала әкімі. Осы себептен құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 3 мердігерге 2,5 млн.теңге қаражат көлемінде әкімшілік салық салынған. Бір мердігер, «Лидер НК» ЖШС мүлде лицензиясынан айырылды.

Тұрғындар мен БАҚ өкілдері арасында апатты баспаналар мәселесі де көп талқыға түседі. Талдықорғанда жалпы саны 114 пәтері бар 15 апатты  тұрғын үй бар.

Әсет Масабаев бұл баспаналар жайында: «Өткен жылы қаланың тұрғын үй фондын жаңарту бағдарламасы аяснда Кивилев көшесі бойындағы 4 тұрғын үй иелерінің мәселелері шешілді. 2023 жылы қалған 82 пәтер иесіне жалпы сомасы 1,2 млрд.теңге қаражатқа  жаңа пәтерлер алуды жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті.

Биылғы жылы Әлімжанов көшесіндегі екі 60 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа берілмек. Пәтерлер ағымдағы жылдың ақпан айында бөлінеді.

«Одан бөлек жаңа пәтерлерге маусым айында  1000-нан астам талдықорғандық қол жеткізбек. Жалпы есеппен 35 тұрғын үйді ел игілігіне тапсырылмақ. 2023 жылы Талдықорғанда жеке құрылыс компаниялары есебінен 275 пәтерлі 6 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа енгізіледі. Сондай-ақ, 9 шағын ауданда 218 пәтерлі 6 үйдің құрылысы басталады», - дейді Талдықорған қаласының әкімі.

Талдықорғанда көгілдір отынға қосылу жұмысы қауырт жүргізілуде. Қаңтар айының аяғына дейін Үйтас саяжайының тұрғындары да табиғи газға қол жеткізеді. Екі мыңға жуық тұрғын үйге көгілдір отын қолжетімді болады.

«2022 жылдың қыркүйегінде басталған 8-шағын ауданға газ құбырын тарту жұмыстары үстіміздегі жылдың наурыз айында аяқталып, 16 тұрғын үй көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алады. Биыл 2 нысан бойынша жобалау жұмыстары өз мәресіне жетпек, оның бірі қаланы газдандырудың негізгі жобасына енбеген желілер мен Мойнақ ауылындағы желілер құрылысы», - деп атап өтті Әсет Масабаев.

Айта кету керек, әлі де 4 мыңға жуық көгілдір отынмен қамтылмаған жер телімдері бар. Бұл Қаратал, Қызылтас, Мерекелік, Балықты, Сарыбұлақ, Алмалы, Ащыбұлақ, 1-бөлім саяжай қауымдастықтары. Облыстық энергетика басқармасының мәліметінше, бұл учаскелерге газ тарту бойынша жобалау жұмыстары биыл басталмақ.

«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес,  табиғи газға қосылу құнына мониторинг жүргізілді, анықталғандай қазандық құнын қоса есептегенде көгілдір отынға қосылу құны 450 мыңнан 600 мың теңгені құрайды. Қосылу құнын төмендету үшін бүгінгі күні «Жетісу Газ Сервис» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы монтаждайтын мекемелермен арнайы келісімшартқа отыру сынды ұсыныстар қаралуда. Консорциум келісімшартына сәйкес барлық қажетті материалдар өз құнына сәйкес сатылатын болады.  Бұл жұмыс қосылу құнын 25-30 пайызға төмендетпек. Сондай-ақ, коммуналдық мекеме арқылы қажетті материалдар мен қазандықтар бөліп төлеу арқылы сатып алуға мүмкіндік берілмек», - деп түсіндірді қала әкімі.

Көппәтерлі тұрғын үйлер, мектептер, әкімшілік ғимараттардың құрылысының табиғи өсуін ескере отырып, жылу қуатының тапшылығы күтілуде, оның алдын алу үшін Талдықорған қаласын жылумен жабдықтауды дамытудың 2038 жылға дейінгі схемасын әзірлеу қажет.

«Біз бұл жұмысты «Қазнипиэнергопром институты» және «Қазақ сантехпроект» ЖШС-ларымен бірлесіп бастадық. Бұл схема «Баскуат» қазандығының жүктемесін азайтуға, магистральдық жылу желілерін айналып өтуге, алдағы 15 жылға арналған жылу жүктемесі бойынша қаланың дамуын анықтауға мүмкіндік береді. Жалпы, бұл бізге жылумен жабдықтаудың жаңа көздері мен жылу жолдарын кеңейту немесе салу қажеттігін тағы бір мәрте анықтауға мүмкіндік береді», - дейді Әсет Масабаев:

Тағы бір аса маңызды мәселе – таза ауыз сумен қамту. 2023 жылы Талдықорғанда 85,2 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу жоспарланған

«Ағымдағы жылдың 2-жартыжылдығында 141 көшеде ұзындығы 71 км су және кәріз желілерін салу жөніндегі жоба іске асырылады. Сондай-ақ, Ұлан әскери қалашығында, Жастар1/1 және Еркін ауылында желілерді салу және реконструкциялау қолға алынады. Ащыбұлақ саяжайында сумен жабдықтау желілерінің жұмысы толығымен аяқталып, 700-ге жуық тұрғын таза сумен  қамтамасыз етілді.  Сонымен қатар, наурыз айында Қызыл тас және Қаратал саяжайының 6 мыңға жуық тұрғыны таза ауыз суға қол жеткізеді», - деп хабарлады спикер.

Жол мәселесіне тоқталсақ,  бүгінгі күні Талдықорған жолдарының 82% қанағаттанарлық жағдайда.

2022 жылы облыс орталығының 45,4 шақырымы жөнделді. Қаланың 20 көшесінде 10,5 км жаңа жол салынды. Дегенмен, 12 көшеде 7,8 км жоспардан артта қалушылық бар. Мұның себебі - кейбір мердігер ұйымдардың жұмысына салғырттығы.

Мәселен, орташа жөндеу бойынша шарттық міндеттемелерін орындамаған «Ярус» ЖШС және «СтройПроект-21» ЖШС мердігерлерінің істері сот қарауында.

«Биылғы жылы жалпы 18,3 км жаңа жол салу және 67,3 км жол жөндеу жоспарлануда. Құрылыс Жастар-1, солтүстік-батыс және 8,9 шағын аудандарында жоспарлануда. Жөндеу жұмыстары Шығыс және оңтүстік-шығыс аудандарында, Өтенай, Еңбек ауылдық округтерінде жоспарланған. Ащыбұлақ және Сарыбұлақ саяжайларында 43 көшеге қиыршық тас жабыны қамтамасыз етілмек», - дейді Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев.

Талдықорғанда көлік жүргізушілерінің жол ережелерін сақтауын қамтамасыз етіп, жолдағы қауіпсіздік мәселесін қадағалау мақсатында 5 көшеде «Сергек» бейнебақылау камералары орнатылған болатын. Олар: Балпық би – Жансүгіров, Үштөбе тас жолының Батыс бөлігі мен Алматы тас жолына шыға берісте, Жансүгіров көшесіндегі Политехникалық колледж жанында және Біржан сал мен Гаухар ана көшелерінің қиылыстарында орналасқан. 

«Комиссияның шешімімен қосымша жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін әрі қауіпті жол учаскелеріне қосымша 30 «Сергек» камерасын,100 жалпы бақылау камераларын, 25 жылдамдықты қадағалауға арналған бейнекамералар орнату мәселесі шешілді», - дейді әкім. 

 «Коммерциялық мақсаттағы пайдаланылмаған жерлерге келетін болсақ, қаланың оңтүстік-батыс бөлігінде 1997-2021 жылдар аралығында қолданысқа беріліп, игерілмеген 110 жер телімі анықталды.  Анықталған заң бұзушылықтарға қатысты тиісті шара қабылдау үшін ақпарат облыстық Жер ресурстарын басқару департаментіне жолданды», - деп атап өтті облыс орталығының әкімі Әсет Масабаев. 

Ағымдағы жылы қаланы абаттандыру жұмысына да көп көңіл бөлінеді.

Алдабергенов, Желтоқсан, Назарбаев проспектісі мен Еңбек ауылында жаңадан 4 сквер салынады. Қайта құру және жөндеу жұмыстары 2 саябақта жүргізіледі, бұл орталық саябақтың ескі бөлігі және Жастар паркі. Барлық саябақтар мен скверлерде автоматты суару жүйесін, воркаут аймағын салу, орындықтар мен маф орнату, жасыл желектерді отырғызу қарастырылған.

Ауылдық округтер де назардан тыс қалмайды. 2022 жылы Еңбек ауылында шағын футбол алаңы мен балалар алаңқайы салынады. Қала маңындағы, Жастар-2 тұрғын кешенінде және Мойнақ ауылында балалар алаңдары салынды, ал Өтенай ауылында жұмыс істеп тұрған шағын футбол алаңына жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай–ақ, Жастар-2 шағын ауданында 330 шаршы метр аумақты құрайтын 380 орындық жаңа мешіт салынады.

Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Облыс орталығында 1,3 гектар аумақты құрайтын Мұз алаңының құрылысы басталады. Ол 2023 жылдың шілде айында жоспар сәйкес аяқталады. Одан бөлек, Волейбол кешенінің құрылысының жобасы жасалуда. Кешен 6 шағын ауданда 1,2 гектар аумақ жерді қамтымақ.

«Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында қалада 4 жаңа мектеп құрылысы  жоспарланған, олар Жастар-2 шағын ауданы, Көктал, Батыс шағын ауданы мен қаланың Шығыс бөлігінде орналасады. Жаңа мектептердің құрылысы қаланың өзге мектептерінің жүктемесін азайтып, оқушыларға сапалы білім алуға мүмкіндік беруге бағытталған.

Баспасөз брифингін қорытындылай келе, Әсет Масабаев 2023 жылы барлық бағыттағы жұмыстар оң қарқын алып, көтерілген әрбір мәселе өзінің жеке бақылауында болатынын жеткізді.

 

Пікірлер