«AMANAT» партиясы: Ауыл халқының сауаттылығын арттыруға бағытталған жоба 250 мың адамды қамтиды

2563
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысы Президенттің Сайлауалды бағдарламасындағы ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі бастамаларын жүзеге асыруға алғашқылардың бірі болып кірісті. Бұл жұмысқа «AMANAT» партиясы белсенді атсалысуда. Бүгін партия Төрағасы Ерлан Қошанов өңірдегі шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасының жаңа кезеңін жүзеге асыруды талқылады және «Қаржылық сауаттылықты арттыру» жаңа партиялық жобасын іске қосты.

Ақтөбе қаласында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің, облыс әкімі Ералы Тоғжановтың және мемлекеттік органдар өкілдерінің, өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қатысуымен «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған барлығы 200-ден астам адам қатысты.
Партия Төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында ауыл мәселесін бірінші кезекке қойып отырғанын атап өтті. Жалпы, алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам жұмыс орыны ашылады деп күтілуде.

«Ауыл халқының тұрмысын жақсартып, табысын арттыру, барлық әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешу үшін Үкімет «AMANAT» партиясымен бірлесіп «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда. Биылдың өзінде оны жүзеге асыруға 52 миллиард теңге бөлінді. Партия жанынан әдіснамалық сүйемелдеуді, азаматтар мен әкімдерді оқытуды, өтінімдерді қабылдау және қаражатты бөлу процесінің мониторингін қамтамасыз ететін Жобалық кеңсе ашылды. Бұл – ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадам», - деді Ерлан Қошанов.

Ол жобаның пилоттық үлгісі Жамбыл облысында жемісті жүзеге асырылғанын, нәтижесінде 11 ауылдық округте орташа айлық табыс 1,7 есе өскенін, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есеге азайғанын, жұмыссыздар саны 36% төмендегенін атап өтті. «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің міндеті – «Ауыл аманаты» жобасын барлық өңірге енгізу. Жобаның барлық артықшылығы туралы халықты дұрыс хабардар ету де маңызды.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алудың ыңғайлы әрі жылдам болуына ерекше назар аударылады. Өтінім ЭЦҚ арқылы арнайы цифрлық платформада онлайн беріледі. Сонымен қатар, егер бұрын несиені мақұлдау үш аптаға созылса, қазір ол ең көп дегенде үш сағатқа созылуы керек. Қажетті мәліметтер барлық қол жетімді дерекқорлардан автоматты түрде жиналады. Қазіргі уақытта цифрлық платформа пилоттық режимде жұмыс істейді.

Осы күні Ерлан Қошанов Мәртөк ауданының тұрғындарымен, «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларымен кездесіп, жобаның негізгі бағыттары туралы айтып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Партия Төрағасының қатысуымен алғашқы қарыз ресімделді – шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Тәңірберген ауылының тұрғынына 4 млн теңгеге тауарлық несие берді.

Сондай-ақ, Мәртөк ауданында ауыл тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Қаржылық сауаттылықты арттыру» партиялық жобасы басталды.

«Бұл ауыл тұрғындарын алаяқтардың ықпалынан, қаржы пирамидаларына алданып қалудан және басқа да күмәнді қаржылық операциялардан қорғауға көмектеседі. Мұндай жағдайларға тап болған адамдарға консультациялық көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта 166 қаржы сарапшысы 250 мың адамды қамти отырып, еліміздің шалғайындағы барлық елді мекенді аралап шығады. Оқытудың бір курсы 5 күнге созылады», - деді партия Төрағасы.

Барлық кездесуде Ерлан Қошанов ауылды дамыту – Мемлекет басшысы саясатының басты басымдығы екенін атап өтті. Бұған қомақты қаржы бөлінеді. Ауылдардың инфрақұрылымын – жолдарды, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерін және т.б. айтарлықтай жақсарту жоспарлануда. Жұмыс орындары ашылуда. Ал «AMANAT» партиясы Президент бағытының қоғамдық тірегі ретінде осы міндеттерге қолдау көрсету үшін өзінің барлық ресурсын жұмылдыруға ниетті. Партия филиалдары осы бағытта жұмыс істейді.

Пікірлер