"Адырнаға" артқан үміт ақталды

2539
Adyrna.kz Telegram

Қыркүйек айында жариялаған мына бір мақаламызда (https://qandastar.kz/?p=757 ) Берзат Жұмағазы есімді жас отбасының Қазақстанға заңды келіп, жылдар өте түрлі себептермен құжатсыз тентіреп кеткені туралы жазып едік. Жазып қана қоймай, мән-жайды көзбен көріп, “құр” уәде беріп те аттанғанбыз. Абырой болғанда, уәдеміз Республикалық “Жебеу” ұйымының араласуымен күні кеше оң шешімін тапты. Бұл қуанышты аталған ұйымның сайты бірінші болып хабарлады.(Толық сілтеме: http://jebeu.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=5&id=1244&fbclid=IwAR1VebYN6P6qxg6fPg-WLizJdsDElQX-SInRtTDYqd28OKlwQmuA39I9C2Q)

Алайда бұл Берзат отбасын толық қанды ҚР азаматы болды дегенді білдірмейді. Керісінше Қытай Халық Республикасының су жаңа қызыл паспорты қолға тиді деген сөз. Бірақ, мұның өзіне шүкірлік етуге, сүйінші сұрауға тура келіп тұр. Себебі Б.Жұмағазының отбасындағы бұған дейінгі барлық құжаттарының уақыты өтіп, заңдық тұрғыдан мүлдем жарамсыз күйге түскен-ді. Заңға салсаңыз Қытай асып кері қайтудан басқа ләж жоқ тұғын. Дәл осы тығырықтан аман шыққанының өзі – бір олжа. Алдағы уақытта құжаттарын аман-есен қолына алған Берзат отбасының ҚР азаматы атану түкте қиын шаруа емес. Әрі кетсе жарты жылда Қазақстанның төлқұжаттарын қолдарына ала алатын болады. Қариялар мұндайды: “Істің беті оңға бұрылды” – деуші еді. Оңға бұрылмай қайтсін, барлық мәселе оң шешімін тауып жатса…

Ерекше айта кетер бір жай бар. Негізі Берзат Шығыс Қазақстан өңірінде тұрақты мекендеген. Құжаттарының да уақыты сонда өткен. Тіпті, Қазақстанда дүниеге келген балалары жетімдер үйіне тапсырылып, өздері Қытайға қуылу қаупі төніп тұрған тұста, қоғам белсендісі, қандастар арасында қор құрып, қайырымдылық іс-шарасымен айналысып жүрген – Бахаргүл Табысқызы есімді азаматша араша түседі. Шығыстан алдырып, пәтерін жалдап, айлық ішіп-жемін де айырып береді. Тіпті, “Адырна” бірлестігінің араласуына, БАҚ бетіне Берзат отбасының мәселесі көтерілуіне дейін осы азаматшаның тікелей ықпалы болды. Сөз соңында, “Адырна” бірлестігіне үміт артып, араша сұраған барша ағайынға, Бахаргүл ханым мен екі ел арасында бейбіт келісімге келіп, жүйелі жұмыс жасаған “Жебеу” ұйымына да алғыс білдіргенді жөн көріп отырмыз. Көш көлікті болсын ағайын!

Пікірлер