Жын шығарамын деп, өлтіріп алды

2437
Adyrna.kz Telegram

Орда бұзар отызына таяған азамат емшінің қолынан қаза тапты. Оның өліміне күдікті ретінде халық емшісі қамауға алынды.   Оқыс оқиға 12 қаңтарда Қарасай ауданында болған. 28 жастағы ер адам өз үйінде өлі табылған. Сот-медициналық тексеруінің нәтижесінде кеуде қуысының тұйық жарақаты, қабырғаларының сынуы мен өкпенің жарақаттануы салдарынан жас жігіт қайтыс болған. Қайтыс болған азаматқа түрлі ауыр дене жарақатын салу себебімен оның өліміне әкелуге қатысы бар деген күдікпен полицейлер халық емшісінің үстінен қылмыстық іс қозғады.

"Полицияға қайтыс болған азаматтың туыстарынан әлі күнге арыз түскен жоқ. Алайда бұл дерек бойынша РҚ Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істе күдікті ретінде дәстүрлі емес медицина қызметімен айналысатын 63 жастағы ер адам айыпталып жатыр", - деп атап өтті Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. Анықталғанындай, халық емшісіне қайтыс болған азаматты оның туыстары алып келген. Туыстары, жас азаматқа жын кірген және соның салдарынан соңғы үш жыл қиналып жүрген деп ойлаған. Халық емшісінің 5 күн бойы түрлі әдістерді қолдану арқылы азаматтан жынды шығару салдарынан жәбірленушінің көз жұмуы мүмкін делінеді.

"Бұл іс Қарасай ауданы полициясының өндірісінде. Күдікті уақытша ұстау  мекемесіне қамауға алынды", - деп облыстық полиция баспасөз қызметі мәлімдеді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер