"Сіз бізге қажетсіз": Халық Аймағамбетовтың қызметтен кетуін қалай қабылдады?

11420
Adyrna.kz Telegram

Қашан да қоғамға ашық болып, халыққа жақын бола білген білікті топ-менеджер Асхат Аймағамбетов бүгін Оқу-ағарту министрі қызметінен босатылды. Ешкім күтпеген тосын хабарды естіген халқымыз министрді қимайтындарын жеткізді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Аймағамбетов жайлы "Елге жасаған қызметіңізге мың алғыс" деген жазба жариялап, халықтың сеніміне ие болған министрге ризашылығын білдірді.

"Мемлекеттік қызметшінің жұмысын әділ бағалайтын тек халық. Асхат Аймағамбетовтай білім саласына жақсы өзгерістер әкелген министрді атау қиын ау. Жарты миллионнан астам білім саласының қызметшілерінің басым көпшілігі бұл пікірге толық қосылады деп сенемін. Әрине Министірліктің басшылығынан кеткені өкінішті. Бірақ азаматтың абыройы қызмет дәрежесімен емес, халықтың сенімімен, тұлға ретінде абыройы мен жинаған беделімен өлшенеді. Жұмыс орын әлі талай рет өзгеруі мүмкін, бірақ ондай кезде шын құрметтейтін қарапайым адамдардың сенімі өзгере қоймайды. Мен Асхат Аймағамбетов әлі де Қазақ елі үшін аянбай қызмет жасайтынына және алдағы кезеңде талай жетістікке жететініне сенемін! Абырой беделіңіз арта берсін!", - деп жазды Мұрат Әбенов. 

Ақмарал Шатемірқызы есімді ұстаз министрдің осы уақыт аралығында білім саласында қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, мұғалімдердің атынан алғысын білдірді.

"Білім саласына жан-тәнімен беріле қызмет еткен: қазақ тілінің мәртебесін көтеруге күш салған,ұлттық әліппемізді қайтарған, диплом сатумен айналысқан жоғары оқу орындарын жауып, талай жемқорлықтың алдын алған, ауылдық жерлердегі оқушыларды автобустармен қамтыған, "Оқуға құштар мектеп" жобасымен оқушылардың назарын компьютерден кітап оқуға аударған, мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтқан, ел ішінде мұғалімге деген құрмет артты, 5 күндік жұмыс енгізіп, мұғалімдердің ел қатарлы демалуына мүмкіндік берген, бастауыш сыныптарды тамақтанумен қамтамасыз етуге ықпал еткен, оқушылардың да, мұғалімдердің де үндерін ести білген,  әрдайым халықтың ортасынан табылған министріміз Асхат Аймағамбетов. Асхат Қанатұлы мырза, қай салада жүрсеңіз де аман болыңыз. Еңбегіңіз ерен. Сіздей білімді, өжет азаматтар халыққа қызмет етуді тоқтатпауы керек. Мұғалімдердің сізге деген алғысы шексіз. Сіз халыққа керексіз", -деп жазды ұстаз.

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Аймағамбетовтың білім саласында жүзеге асырған тың бастамаларына тоқталып өтті.

"Асхат Қанатұлы болашағынан үлкен үміт күттіретін тәжірибелі саясаткер. Білім және ғылым саласын, кейін оқу-ағарту министрлігін дамытуда белсенді үлес қосты. Мемлекет Басшысының білім саласын дамытуға бағытталған тапсырмаларын сапалы жүзеге асыруға ден қойды. Заманға сай саланы жетілдіруге күш салды. Берген уәдесіне берік болды. 2 мысал келтірейін: педагогикалық өтілі 30 жылдан асқан ұстаздарды ұлттық біліктілік тестінен босату туралы және былтыр, «Алтын белгі» иегерлерін Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 1 пәннен емтихан тапсыруын өткізбеу туралы депутаттық корпустың ұсыныстарын қабылдады, орындады, халықтың алғысына бөленді. Халықаралық пәндік олимпиада жүлдегерлеріне және осы жүлдегерлерді дайындайтын, сүймелдейтін халықаралық пәндік олимпиада тренерлеріне сыйақы жүлдеқорын Заңмен бекітілуіне үлес қосты. Білім мазмұнындағы 2013-2015 жылдары кеткен қателіктердің орнын толтыруға байланысты айтар болсам, 2015 жылдан бері 1-сыныпта оқушылар 3-тілде оқып келді. Қоғамдастық арасында, ата-аналар арасында көп сұрақтарды тудырды. Соны ескере отырып, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі баланың жас ерекшілігіне байланысты тілді оқыту методикасына сәйкес, биыл 2022-2023 оқу жылында Әріпті танып, білгенге дейін тек ана тілінде Әліппені үйренуі қажет деп өзгерістер енгізді. Негізі 2019 жылдан бері нәтижелі жұмыстары өте көп. Біразын халықтың өзі де айтып жатыр. Асхат Қанатұлы, саясат сахнасына жас саясаткер ретінде қадам басып, бүгінде салмақты тұлға, ірі реформатор, рухани батыл қайраткер ретінде өзін қоғамдастыққа мойындатты деп ойлаймын. Асхат Қанатұлы біздің замандасымыз. Қай кезеңде де белгілі бір ұрпақ пен буынның маңдайына тарих һәм ұлт алдындағы өзіндік орындайтын миссиясы болады. Сол жолда Асхат Қанатұлына жаңа жеңістер және ірі жетістіктер тілеймін!", - деп жазды депутат. 

Дана халқымыздың ақ батасын алып, алғысын арқалаған Асхат Қанатұлына желі қолданушылары алғыстарын білдіріп, толассыз ақ тілектерін арнауда.

"Халқына адал қызмет атқарған әділ министр","Білім саласы сіз келгелі еңсесін тіктеді", "Жас буын ес білгелі көрген ең мықты министр", "Қарапайым, нағыз іскер басшы ретінде барлық халық өзіңізді құрметтейді және жақсы көреді", "Осы күнге дейін бір министрдің аты, затын білмейтін халыққа ең жақын министр едіңіз", "Өте өкінішті, сізді халық қимай жатыр", "Сіздей тарихта қалатын министр енді бізде бола ма, болмай ма?",  "Ұлтқа қызмет етудің шынайы үлгісін көрсете білдіңіз", "Халықтың көңілінен шыққан жалғыз министрсіз", - деп жылы лебіздерін білдірді желі қолданушылары.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер