"Ұлым мені тыңдамай, жылына 30-50 кітап оқитын болды" - Министр Аймағамбетов сыр бөлісті

4094
Adyrna.kz Telegram

Қазақ елінің Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өз перзенттерін қалай кітап оқуға баулып, оларға қалай бағыт-бағдар бергені хақында сөз етті. Сонымен қатар, ұлттың жетекші ұстазы парасатты қоғам қалыптастырудың басты кілті - жаппай кітап оқу мәдениеті екендігін өз мысалында айғақтады. Бұл турасында "Адырна" ұлттық порталы баяндайды.

Қазақ елінің оқу-ағарту министрі кітап оқу мәдениетінің тал бесіктен бастап қалыптасатыцндығын жеткізді. Өз жазбасының беташарында бұл жайлы:

Балалық шағымнан қалған естеліктердің бірі - үйдегі кітаптарға толы үлкен сөрелер мен алуан түрлі әдебиеттер. Үйде кітаптардың белгілі бір сериясына жазылу немесе кезекті рет оқылған кітаптар туралы сондай мақтанышпен, қызығушылықпен айтылғаны әлі есімде. Осыдан болар менің де үйдегі кітаптарды қайта оқып шыққаным таңқаларлық емес. Ал кейінірек аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы атандым. Бала кезімде «тамақ ішіп отырғанда кітап оқымау керек» деген ескертуді жиі еститінмін, -деп жазды.

Министр бұл игі құбылысты өз шаңырағында дәстүрге айналдырғанын жеткізді. Министрден бөлек, қарапайым отағасы, әке ретінде өз перзенттерін жата-жастана кітап оқуға қалай баулығанын тарқатып айтты.

- Өзім әке атанғанымда балаларыма алдымен ертегі оқып бердім, кейін үлкен ұлым өзі оқи бастады. Ертегілер мен шағын әңгімелерден бастап, шытырман оқиғалар, ғылыми фантастика және көркем емес фантастика сынды жанрларға біртіндеп көштік. 5-сыныптан бастап ұлым жылына 30-50 кітап оқитын болды. Сол кезде мен де ұлыма кешкі ас кезінде «кітап оқыма» деп ескерту жасай бастадым. Балабақшаға барып жүрген кенже балам ертегілерді, әсіресе, «Еркетай» мен «Жәнібек» туралы заманауи қазақ комикстерін тыңдағанды ұнатады, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Асхат Аймағамбетов өз балаларын кітап оқуға еш мәжбүрлемеген. Кітап оқу - қысыммен емес, қызығушылықпен қалыптасатын дағды. Оның айтуынша, бала көргенін істейді. Сондықтан, ата-ананың кітап оқығаны лазым.

«Мен өз тәжірибемнен балаларды оқуға мәжбүрлеуге болмайтынын айта аламын. Балаларға қысым көрсетпей, керісінше жеке мысалмен оқуға деген сүйіспеншілікті ояту қажет. Бала ата-анасының кітап оқып отырғанын көруі керек. Сонда ғана қызығушылық пайда болады. Кітаптар баланың мінезіне және құндылықтарының қалыптасуына әсер ететінін де ескерген жөн. Оң сюжеттік желісі бар кітаптар жақсы әдеттерге баулып, дұрыс тәрбие береді. Сол себепті балаларды қолдау, кітап оқуға баулу, оларға кітап сатып алып беру, кітап көрмелеріне бірге бару өте маңызды», – дейді бас ұстаз.

Сонымен қатар, министр барлық талапкерлерді кітаппен дос болуға шақырды.

- Мереке қарсаңында осы жазбаны оқитын ата-аналарға балаларға қызықты кітап оқуға кеңес беруді ұсынар едім. Олардың кітап әлеміне жасаған саяхаты қызықты болсын! Барлық оқушыны кітап оқуға көбірек уақыт бөлуге шақырамын. Өйткені, білім – ең құнды байлық, – дейді Асхат Аймағамбетов.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер