ҚазҰУ-да Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды

2803
Adyrna.kz Telegram

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркітану және Алтайтану ғылыми-зерттеу институты ашылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Салтанатты ашылу Әл-Фараби кітапханасында өтті.

Жаңадан ашылған институтта сирек кездесетін қолжазбалар мен көне кітаптарды кеңінен зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Мәселен, «Әл-Фараби» кітапханасының қорында 600-ден астам қолжазбалар толық зерттелмеген.

Университет ректоры Жансейіт Түймебаев соңғы он жыл ішінде түркітілдес мемлекеттердің мемлекетаралық ынтымақтастығы ерекше дами түскенін атап өтті.

Түркологияның өзекті мәселелері – түркі тілдерін зерттеу, Орхон, Енисей, Талас, Алтай жазба ескерткіштері мәтінін түпнұсқадан қайта оқу, түркі тілдерінің сабақтастығын көрсету. Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі түркологияның мамандық ретінде оқытылуы үлкен жетістік болды. Бүгінгі конгресс аясында «Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтын» ашып отырмыз. Бұл осы саладағы мамандар мен жас ғалымдардың жаңа зерттеулеріне жол ашады, - деді ол.

Сондай-ақ шара аясында «Әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты I халықаралық ғылыми конгрессі өтті. Ғалымдар Қазақстандағы және әлемдегі түркітану мен алтайтанудың өзекті мәселелерін талқылады.

Алқалы жиынға қазақстандық ғалымдармен қатар Түркия, Әзірбайжан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Мажарстан мемлекетінің зерттеуші ғалымдары, тарихшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.

Пікірлер