"Қызметін пайдаланып 376 000 теңге материалдық көмек алып алды" - педагог Парламентке хат жазды

3708
Adyrna.kz Telegram
Ұстаз, білім мен тәрбие саласындағы келеңсіздіктерді ашық жазатын қоғам белсендісі өз қызметін асына пайдаланып, 376 000 теңгені қалтасына басқан  Түркістан облысы, Түлкібас ауданының бас ұстазы Ержан Қадырбектің және оның әйелінің үстінен шағымданды. Себебі Ержан Қадырбектің әйелі босанған кейін аса ірі көлемде материалдық көмек жаздырып алған. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы хабарлайды. 
Белсенді Өмір Шыныбекұлы бұл турасында былай дейді:
- Педагог атану үшін ғана емес, білім ошағын, білім бөлімін басқару үшін де адамда белгілі бір моральдық құқық болуы шарт! Тәрбиешісі 19 мың теңге больничныйын ала алмай жүргенде өзіне 376 мың теңге материалдық көмек алуға ұяты жететін азаматтың білім бөлімін басқаруының салдары қандай болмақ? Бала бақша қызметкерлерінің балалары саусақтарын сорып отырғанда, дөкейлердің балалары бал жалап отыра берсін бе? Мұндай жағдайда сөз ең алдымен "Әділетті Қазақстан орнатамыз" деп жүрген мемлекет басшысына тиеді. Халықтың президент пен оның жүргізіп отырған саясатына деген сеніміне селкеу түсіреді.. Түлкібас жақтан тағы шу шықты.. Басшылардың әлдебір шешіміне наразы тұрғындар көшеде жүр.. Көктемде мен дабыл қаққан кезде осы азаматты "Айналайын, кете қойшы" дегенде бүгінгі дау болмас еді! Осындай жағдайларды министр шеше алмаса, Облыстық Білім басқармасының басшысы шеше алмаса, мүмкін Мәжіліс және Қоғамдық палата төрағасы Ерлан Қошанов мырза шешер. Сол кісінің назарына жеткізіңізші. Қаңтар қырғыны қайталанбасын десек, "мемлекеттік қызметкер" деген атқа көлеңке түсіретін шенеуніктерден жедел түрде арылуымыз қажет! Сіздерге деген құрметпен ҚР Парламентінің Мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі Өмір Шыныбекұлы, - деп жазды.

Шенеунікке ақша аударылғаны туралы құжаттың фотосы әлеуметтік желіде тарап кетті. Мұнымен қоймай бұл ауданда кейбір мектеп директорының орынбасарлары мен мұғалімдердің 250 мың теңге сыйақы алып келгені де белгілі болды.

"Білім саласындағы 20 жылдық тәжірибемде педагогтарға 250 мың теңге көлемінде сыйақы төленгенін есіме түсіре алмай отырмын. Ал Түлкібас ауданында кейбір мектеп директорының орынбасарлары мен мұғалімдерге 250 мың сыйақы берілген... Әрине, бұл құжаттардың қаншалықты рас екенін білмеймін. Оны құзырлы органдар тексерсін", — деді Өмір Шыныбекұлы.

Автордың жазбасы оқырман қауымды ызаландырды. Олар:

"Мұндай мәселе тек білім саласында ғана болмай тұр ғой, өкінішке қарай...", "Әлеуметтік желіні шулатып келе жатқанына бұл басшының біраз уақыт болды ғой. Сонда да білгенін істеп отыр? Түлкібас ауданына заң жүрмей ме? Әлде бұл кісінің крышасы мықты ма? Бұл жағдайдан да сытылып шығатынына күмәнім жоқ", "Тәрбиешілерді өзара қырылыстырып, ел ішіне лаң салған басшыны орнынан сырғытуға ешкімнің қауқары жетер емес" деп жазуда.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер