"Қазақ елінің қай тілде сөйлейтінінде Ресей елшісінің шатағы болмасын!" - депутат Қазыбек Иса

1393
ҚР Мәжілісінің депутаты, ақын Қазыбек Иса Ресей елшісінің "ойға - қонымсыз, ақылға - cыйымсыз,  іске - жарамсыз"  мәлімдемесіне жауап берді. Депутат Ресей елшісінің өз орнын біліп, Қазақ елінің ішкі саясатынан бойын аулақ ұстауын қадап айтты. Өзінің екі аяқпен шатқаяқтамай тең, нық тұрғысы келсе, қазақ тілін үйренуін талап етті. Бұл турасында "Адырна" ұлттық порталы жазды. 
- ...Ресейдің Қазақстандағы өкілетті елшісі Алексей Бородавкин: “Әрбір қазақстандық екі аяқта нық тұруы тиіс: бірі мемлекеттік тіл – қазақ тілі, екіншісі, Қазақстан Конституциясында көрсетілгендей ресми тіл –орыс тілі. Бұл екі аяқтың екеуі де бірдей болған жағдайда ғана алға қадам баса алатынын ескеру керек”-дейді.
Өзге елге не істеуді үйретіп, өзеуреп, “екі тілді білген екі аяғымен нық тұрып, алға қадам баса алады” деп пәлсапа соғып отырған елшіге өз сөзінен ұстап алып, ескертуіміз бар біздің де! Сонда тек Ресей тілін ғана білетін біздің елдегі орыс этностары 31 жылдан бері қашанғы бір аяғымен тұрады? Қашан алға басады? Өзге тілде ғана - яғни бір аяғымен ғана ұзақ тұрған адам құлайтынын ұмытпау керек, елші Борадавкин мырза! Айтпақшы, сіз біздің елде елші болғаныңызға биыл бес жыл болды, өзіңіз әлі бір аяқпен жүрсіз ғой, қашан қазақ тілін біліп, нық тұрасыз? - деп өрлік көрсетті депутат.
Мұнымен қоса, Қазыбек Иса Қазақ елінің Сыртқы істер министрлігінен де батылдықты, өрлік пен өткірлікті талап етті. Ресей елшін Тәуелсіз Қазақ елінің саясатынан бойын аулақ ұстауға шақырды.
- Тәуелсіз Қазақ Елі азаматтарының қай тілде сөйлеуін нұсқап көрсететіндей билікті Ресей елшісіне кім беріп отыр? Тәуелсіз қазақ елінің қай тілде сөйлеу керектігінде Ресей елшісінің не шаруасы бар? Сыртқы істер министрлігі сырт қала бере ме тағы, бұған қандай қайрат көрсетеді? Біздің Ресейдегі кешегі-бүгінгісі бар, елшілеріміздің қайсысы болса да, “Бір миллионға жуық қазақ тұратын Ресейде неге бір қазақ мектебі жоқ?!.-деп айта ала ма? Тек Иманғали Тасмағамбетовтың ғана елші кезінде Ресейде қазақ тілінде сөйлегенін білеміз.
Бұл елші А.Бородавкин 2018 жылы да: “Ел басшылығы орыс тілінде сөйлейді, тек өз араларында ғана емес, Қазақстан халқына үндеу жасаған кезде де", - деп, астамси жауап берген болатын “Россия 24" телеарнасына берген сұқбатында. Бір жағынан Ресей елшісі ащы шындықты, Қазақ билігінің Ресей тілінде сөйлейтінін ашық айтып отыр.
Жалпы, Ресей елшісінің бұдан төрт жыл бұрынғы да, кешегі де сөзіне қарасаң, Тәуелсіздік алғанына 31 жыл толып отырған Қазақстан әлі Ресейдің губерниясы секілді…
Сондықтан да биыл 27 сәуірде Кеңес одағы империясының 70 жылын айтпағанда, Тәуелсіздік алған 30 жылда, барлығы 100 жылда тұңғыш рет парламентте Конституциядағы тіл туралы 7 бапты өзгертіп, тек Қазақ тіліне ғана жекедара Мемлекеттік статус беруді және Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдауды талап еткен “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жариялағанбыз. Осы депутаттық сауалда “Ақ жол” талайдан көтеріп келе жатқан Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыруды тағы да ұсынғанбыз. Бұл мәселе шешіліп жатқанын жақында Үкімет басшысы Ә. Смайыловтың өзі мәлімдеді. Ал Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесі әлі созылып келе жатыр.
2020 жылы “Қазақ үні” ұлттық порталындағы Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды, конституциядан 7 баптың 2 тармағын алып тастауды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа бір жарым айда әлемге әйгілі Ұлт зиялылары бастаған 126 мың адам қол қойды. Бұл қолдау қазір 130 мыңға жетті. Артында миллиондар тұрған, Мемлекеттік тіл туралы заңды талап еткен Ашық хатқа еститін мемлекетіміз Әділетті Қазақстанда әділетті қарайды деп білеміз. Бүгінгі күннің ең басты мәселесі - Мемлекеттік тіл міселесі! Тіл тағдыры шешілмей, Ел тағдыры шешілмейді! - деп қадап айтты Қазыбек Иса.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket