"Жолдасыма көмектеспесем болмайды ғой..." Еріне болысқан асыл анамыз көпшілікті тәнті етті

3563
Adyrna.kz Telegram

Қазақтың салқар даласында үйір-үйір жылқы иіріп, ата кәсіптің берекесін тасытып отырған ерлі-зайыптылардың бір-біріне сүйеу, еліне тіреу болғандары қашан да мақтауға тұрарлық.  Диджитал туындыгер, қазақ қалпы мен қазақ салтына қатысты бірқатар бейне-деректердің жасампазы Ернар Алмабек еріне болысып, жылқы қайыруға шыққан "жеңгеміздің" ерекше болмысын таспаға түсірді. Тарпаң тұлпардың жалын тартып мінген анамыз жайлы "Адырна" ұлттық порталы суреттеді. 

- Айдалада адасып кеткенбіз. Алыстан мал бағып жүрген бір кісіні байқадық та, жолды сол білер деп жанына бардық. Әйел адам екен. Жөн сұрассақ, жеңгеміз болып шықты. Сұхбаттасып, фотосессия ұйымдастырдық. Суреттер қалай? - деп жазды видео туындыгері.

Әңгіме-дүкен арасында тұлпардың тізгігін тұтқан анамыз жылы шыраймен:

"Маған ат ұнайды. Ат маған күш-қуат береді. Жолдасыма көмектеспесем болмайды ғой" - деп жауап береді.

Шаңырағы берік, іргесі бекем отағасы мен отанасының бір-біріне деген ыстық ықыласын аңдаған қалың көпшілік кейіпкерлерге ізгі тілектерін жаудырып жатыр.

"Адырна" порталы кейіпкерлерге қатысты деректерді анықтап көрді. Шаңырақ иесі - Айдос Үркінбаев, таныстық-білістік Тоғызбұлақ ауылының маңында болған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер