«Әлемде 2023 жылы үлкен дағдарыс болады» - Думан Ерқанат

6542
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі танымал трейдер-инвестор,  «DK Trading» компаниясының негізін қалаушы, он мыңнан астам студентті қазақ тілінде оқытып, қаржылық сауатқа баулыған  Думан Ерқанат мырза порталымызға сұхбат беріп, экономикалық құбылыстарға қатысты пікір айтты. Жаңа заман талабына сай трендтерді жіктеп, қазіргі күндегі қаржылық сауаттың маңызын айшықтады.   

- Бүгінгі заманның талабы – қаржылық сауат. Әлемдік деңгейдегі дағдарысқа қарсы тұрудың басты амалы – қаржылық тұрғыдан сауатты болу.  Көп жылдар бойы шетелде болдыңыз. Сізді шетелдің өмірін жақсы, жетік білетін азамат ретінде танимыз. Шетелде болу, шетелде тұру кейбір жастарға арман деп айтсақ болатын шығар. Қазір Қазақстаннан баз кешіп, шетелге қоныс аударғысы келетіндер бар. Осы тұрғыдан сіздің көзқарасыңызды білгім келеді? Қазақтың бәрі шетелге кетсе, атажұртымызды кім қорғап, кім ұлан-ғайыр атырапқа ие болады деген сұрақ та бар көкейде....

- Армысыздар! Шынымен де, өте қызықты сұрақ. Мен Америкадағы Колорадо штатының Денвер қаласында тоғыз жылға жуық тұрдым. Білім алдым, бизнес саласы бойынша арнайы MBA-магистратурасын оқыдым. Бес-алты жыл «трейдер» саласын зерттеп, өзіміздің төл академиямызды құрдық. Қазір бұл бағыттағы сұрақтар көп жастарды мазалайды.

Алдымен, көрермен бір нәрсені түсінсе екен деймін. АҚШ-тағы өмір кино мен инстаграмдағыдай емес. Бір жақсы жері – барлық адамға бірдей мүмкіндіктің берілуі. Кім көп қимылдаса, сол көп ақша таба алады. Көп мүмкіндіктерге қол жеткізе алады. Алайда,  АҚШ-та өмір сүру – қиынырақ. Өзім де тек саяхаттаған сәттерімді, қызықты оқиғаларымды инстаграмда бөлісетінмін. Қоғамдық көлікпен қатынап, аяқтан он бір сағат тік тұрып жұмыс істеген кездерім болды.

 

Менің Америкаға баруым – мен үшін үлкен шешімдердің бірі болды

 

- Менің ойымша, шетелге арман қуып барған жастарымыздың барлығы осындай күрделі сатыдан өтеді. Шыңдалады. Жастардың шетелге шыққанын өз басым қолдаймын. Мысалы, менің Америкаға баруым – мен үшін үлкен шешімдердің бірі болды. Америка мені тәрбиеледі. Расымен, қоғам біздің болмысымызды қалыптастырады, құндылықтарға үйретеді. Бір сағат еңбегіңді бағалауды үйретеді. Бізде жұмыс қарқыны сағатпен есептелмейді ғой. Америкада осындай ережелерге мойынсұндық.

Америка бару – Америкада қалып қалу деген сөз емес. Ол жақтағы қазақтардың көбімен таныспын, әлі күнге өзара аралас-құраласпыз. Отбасымен түбегейлі көшіп кеткендер өте сирек. Америка қазақтарының көбі тапқан-таянғанын елде қалған жақындарымен бөліседі. Кез келген қазақтың Америкаға орнығып қалу мүмкіндігі аз. Жағдайын жасағаннан кейін қайтып келеді. Өзімнің ағам да қазір АҚШ-та тұрып жатыр, олармен сөйлессем,  елге қайтқысы келетінін, қазақтың топырағын сағынғанын айтады. Тек екі баласы Америкада жақсы білім алсын деген ниетпен уақытша тұрақтап қалды.

- Ол балалар қазақша біле ме?

- Өкінішке қарай қазақша білмейді. Бірақ аптасына екі рет қазақша онлайн дәріс алып, ана тілін үйреніп жатыр. Мен баршаңызға Америка жайлы шындықты айтып отырмын. Голливудтағы фильмдерге қарай отырып Американы қабылдаудың қажеті жоқ. Капитализм болған соң, ол жақта қарбалас. Менің өзім туған ағаммен 30 минут арақашықтығы бар жерде тұрып екі аптада бір рет кездесетінмін. Апта ішінде қызметте болдық, ол  сенбі,  жексенбі күндері отбасымен бірге уақыт өткізеді. Қайткенде жиі жолығудың реті келе бермейді.

Америкада ақша табуға мүмкіндік бар. Туған ағам орташа деңгейден жоғары өмір сүріп жатыр. Күйбең тірліктің қамымен  өзі баласына уақыт бөле алмай жүр. Кешқұрым ғана балаларының білім сапасына көп көңіл бөледі. Үйде қазақша сөйлеседі. Бірақ балалары Америка балабақшасында тәлім алғандықтан, ағылшыншасы қазақшаға қарағанда басым.

 

Америкаға бардым, бақытты болып кеттім деген түсінік жоқ

 

- Иә, таяқтың екі ұшы бар емес пе? Белгілі бір уақытта АҚШ-та өмір сүріп, қалыптасып, кейін елге келсе, несі зиян?

- Дұрыс айтасыз. Осы орайда екі маңызды нәрседен сөз еткім келеді. Меніңше, адамдар туған Отанына түбі қайтып келеді. Америкаға бардым, бақытты болып кеттім деген түсінік жоқ. Жалпы біз ақшаға неге ұмтыламыз? Түпсанамызға үңілсек, жақын адамдарымызбен көбірек уақыт өткізуге мүмкіндік алу үшін. Мен қайтып оралдым, маған Қазақ елі ұнады. Мен секілді көп адамдар еліне оралғысы келеді, бірақ олар әлі мұндай қадамға дайын емес. Екіншіден,  Қазақстанда мүмкіндік мол. Қазақстаннан шығып көрмеген адам оны байқай алмайды. Сырттан бақылағанда елімізде мүмкіндіктің өте көп екенін түсінесіз. Қазақстан нарығы арқылы ТМД нарығына шығуға мүмкіндік бар. Қазақстандағы кәсіпкерлер Америкадағы кәсіпкерлерге қарағанда көбірек ақша табады.

- Адамның табысты болуының сексен пайызы қаржылық сауатқа байланысты дедіңіз. Нақтырақ айтсақ, қаржы үнемдей білу қабілеті. Бұл жайлы тарқатып айтсаңыз...

 - Бұл қазіргі маңызды тақырыптардың бірі. Себебі, қазір инфляция өсіп жатыр. Бұл дүниежүзінде болып жатқан жағдай. Американың өзінде инфляция 9 пайызға жетті. Биржа құнды қағаздарының бағасы түсіп жатыр. Бұл біз үшін тиімді. Осындайда қаржылық сауат маңызды. Әлемдік стандарт бойынша кірісіңіздің 15/20 процентін тек қана сақтап, сауатты менеджментпен басқарған жағдайда қаржылық еркіндікте өмір сүру мүмкіндігіңіз 80 пайызға жетеді екен. Қазақстанда ше? Қазақстан үкіметінің көрсеткен дерегі бойынша инфляция көлемі – 16-20%. Түркияда – 50-60% . Енді қараңыз, жылда тапқан кірісіңіздің 16 проценті бір жылда «құлап қалып жатыр». Сіз қаржы жинамадыңыз, бірақ шығындалып жатырсыз. Ақшаңызды депозитке салып қойсаңыз, теңге бағамында 13 процент береді. Инфляциямен бәрібір 3-4 пайыз шығын шығып тұр. Егер ақшамыздың 15-20 процентін жинап, оны биржаға салсақ, «Аpple», «Tesla» «Amazon» cекілді «ТМД 500» нарығына салып, сонымен есептесек, ұтамыз. Жылына 15 пайыз табыстың өзі кеткен шығынды жауып, жобамен жылына 30-40 пайыз ғана айырмашылық береді. Ақшаңызды сақтап, инвестицияға салудың арқасында қарапайым кәсіпкерлермен салыстырғанда 40-50 пайыз алдыда жүресіз. Бір жылдың өзінде осындай нәтиже болса, он жылда жақсы табысқа жетуге болады. Он бес жыл дегенде, тіптен, толайым  табысқа жетесіз.

- Ақша деген су сияқты. Үнемдемесең, таусыла береді. Ақшаны үнемдеуге қатысты қандай кеңес айтуға болады?

 - Ақшаны үнемдеуге байланысты көптеген әдіc-тәсілдер бар. Мысалы, «40–30–20–10» немесе «40–40–20» деген экономистердің шығарған тәсілдері нарықта өте тиімді. Мұның ішінде ең көп қолданылатыны «50–30–20».  Демек, тұрақты кірісіңіздің 50 пайызын тұрақты шығынға бөлу қажет. Пәтерақысы үшін, ішіп-жейтін жеке қажеттілігіңіз үшін әрі жанар-жағармайға төлейсіз. Қалған 30 пайызды өзіңізді дамытуға жұмсау қажет. Тіл үйреніңіз, дұрыс тамақтаныңыз, спортпен шұғылданыңыз, киноға барыңыз. Мұны 30%-дан асырмау керек. Соңғы 20 пайызды сақтау қажет. Көбірек сақтасаңыз, тіптен жақсы. Барлығы кіріске байланысты. Америкада жеке адам не отбасылы адам үштен алты айлық шығынын сақтап қою қажет екендігін айтады. Бұл төтенше жағдайға арналған шығын. Себебі, адам басынан түрлі оқиғалар өтеді. Өмірде бәрі мүмкін. Сондай жағдай туа қалса, қаржыдан қысыла қоймайсыз.Оны қалай жинаймыз? Жиырма пайыз табыстың бес пайызын, он пайызын бөліп, алты айда жинап алға болады. Бұл – қаржылық сауат.

- Түсінікті. Америкадағы сіз санамалап айтқан әдіс-тәсілдерге халқы бой үйретті десек болады. Ал қазақ тілді ортада қаржыны қолдануға қатысты сауаттың артқаны байқала ма?

 - Байқалады. Мен де қазақ тілді ортаның өкілімін. Мен, шынымды айтсам, мүлдем бұл саланың басында жүремін деп ойламадым. Ағартушылық қызметке келгеннен бастап өзіме мотивация таптым. Қазақ тілді аудиторияға сапалы білімді жеткізуге тырыстық. Шәкірттеріміз де бар. Біздің қазіргі кезең – қазақ тілді жастардың қаржылық сауатқа бет бұрған кезеңі. Жаңа толқын келді. Бес жылдың ішінде сапалы жастардан құралған қоғамымызды қалап аламыз. Ютубтың өзінде қазақ тілді контенттердің көрілімі өте жоғары. Одан бөлек, қазақ тілді нарықтың белсенділігі артып, талап-тілегі артқандығын сырттағылар да мойындап жатыр. Сондықтан, біз өз кәсібімізді мейілінше профессионалды түрде меңгерсек, еліміз, сөзсіз, дамиды.

 - Көп рақмет, Енді оқу құнына қатысты сұраққа ойыссақ. Құпия болмаса, оқу құны сіздерге қанша болады?

- Оқу құны – әртүрлі. Ең арзанын дәрістердің саны бойынша айтар болсақ, жүз тоқсан тоғыз мыңнан басталады. Бұдан бөлек, қаржылық сауатқа қатысты жалпы білім беретін, барлық адамның білуі тиіс тақырыптарды қамтитын тегін курстарымыз да жоқ емес. Негізінен алғанда, оқу бағасы жұмыс процесіне, жүзбе-жүз оқуға қарай көтеріле береді.

- Қандай да бір әлеуметтік жеңілдіктер, немесе науқандар бар ма? Қалың көпшілікке көмек тұрғысынан...

- Әрине. Өзім, біріншіден, конференциялардан, сұхбаттардан қалмай, оған спикер ретінде баруға тырысамын. Өзіміз де арасында тегін лекциялар, инстаграмымдағы оқырмандарға арналған жиындар ұйымдастырып тұрамыз. Қазіргі уақытта жаңа жоспар құрып жатырмыз. Мүмкіндік болса, Алматы облысы Мәдениет басқармасымен бірлесе отырып, «Республика сарайында» тегін конференция жасағымыз келеді. Егер, шын мәнінде, ойымызды жүзеге асырсақ, қаржылық сауатқа деген үлкен үлесіміз болады деген сенімдемін.

 

Экономикалық жағынан дамып жатқан елдердің құпиясы ұқсас

 

- Істеріңізге береке тілеймін. Жақында ғана өзіңіз іс-сапардан оралдыңыз. Алған әсеріңіз қалай? Тың ой-пікір таба алдыңыз ба?.. Еліміздің дамуына байланысты қандай да бір ұсыныстарыңыз бар ма?

- Сапар сәтті әрі өте қызықты болды. Ағаларымызбен бірге Малайзия және Сингапур мемлекеттеріне барып қайттық. Жобамен тоғыз күндей сапарладық. Малайзия – мұсылмандар елі. Көшеде қайыр тілеген адамдарды кездестірмедік. Адамдардың әрекетінен арамдық та байқалмайды. Халқының өзара сыйласуы, бір-біріне деген жақындығы, қол ұшын беруге дайын тұруы энергиясынан-ақ сезіледі. Біз ол жерде, негізінен, кішігірім өндіріс орындарын араладық, кәсіпкерлерінің жұмысымен таныстық. Нені үйрендім? Шынымды айтайын, өзім ол жатағы көп нәрсеге трейдинг саласының көзқарасымен қарадым. Қос елдегі трейдерлермен кезіктім.

Ең алдымен, біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды, екіншіден, трейдинг саласына қызығатын жандардың ешқашан тоқтамайтынын, жаңа қадамдарымызды еңсеріп, келешекте IPO ашқанға дейін үлкен жоспарларды қол жеткізуге болатынына көзім жетті. 12 жыл бойы бұл саланың төңірегінде жүрген жандармен кезіктім. Олардың курстарының құны – он мың доллар. Сондық дамыған. Өздерінің жеке стратегиялары бар, бес жыл нарықты зерттеген.

- Сингапурда, бір қызық жері, сіз 1000 доллар тапсаңыз, сіздің кірісіңіздің жиырма пайызын, яғни екі жүз долларыңызды үкімет алып қояды. Жұмыс беруші сізге он алты пайыз төлеу қажет. Үкімет сіз үшін күрделі процентпен 36 пайыз табысыңызды ұстап, депозитіңізді көбейтеді. Содан соң жылына доллармен 4 процент береді. Көрсеткіш жаман емес. Дүние жүзінде доллар бағамында бұл көрсеткіш 1-1,5%. Қазақстанда – 1 процент.

Енді қараңыз, Сингапур 4 пайыз кірістен бөлек инфляцияны жеңіп жатыр. Әлем экономикасында мынандай қызық бір статистика бар. Егер кез келген 30 жастағы адам өзінің зейнет қорына бір рет 1000 доллар салып, содан соң ай сайынғы кірісінен 100 доллар салып отырса, зейнетке шыққан кездегі салған ақшасы, жобамен 36-37 мың доллар болады да, күрделі процентпен оны ESNB 500-ге салғанда ол сізге, шамамен, орташа 15 пайыз ұсынады. Нәтижесінде сіздің ақшаңыз 512 000-нан 570 000 долларға дейін өседі екен. Әрине, бәрі тікелей қанша ақша салғаныңызға байланысты. Көбірек салсаңыз, миллионға дейін өседі.

Америка, Сингапур секілді экономикалық жағынан дамып жатқан елдердің құпиясы ұқсас. Менің жеңгем Microsoft-тың IT-маманы болып жұмыс істейді. Оларда қалыптасқан заң бар. Сіз зейнет қорына түсіп жатқан ақшаңызды міндетті түрде компаниялардың акцияларына салуыңыз қажет. Сізге тізім береді, сол бойынша акцияларды таңдайсыз.

Бұл бізде теріс жүзеге асады? Әке-шешеміздің ақшасымен үй аламыз. Негізінен алғанда, егде тартқан адамдар саяхаттап, демалуға барлық ресурсын жұмсауы керек.

 

Трейдинг өз алдына жеке бір мамандық

 

 - Трейдингті бәс тігу, тәуекел ретінде қарастыратындар бар. Тәуекелге барғанда шығынға ұшырамас үшін нені білу керек?

 - Рас, трейдинг саласында бәс тігу бар. Дегенмен, өте аз. Coca-cola 1920 жылдан, Тесла 2009-дан бері бар. Алғашқы жылы 17 доллардан шыққан акцияcы 2400 долларға дейін өсті. Акциялар ұзақ уақыт бойына өсе береді. Трейдинг қысқа уақытта қаржыға қол жеткізетін құрылым. Бір күннің ішінде акцияларды алып, қайта сата аласыз. Бұл өз алдына жеке бір мамандық.

Америкадағы Wall Street-те арнайы cабақ алдым. Сабақтары 20 000 доллар тұрады. Сингапурда 10 000 доллар тұратынын айтып өттім. Біз бұл саланы  қазақшалап, қазақыландырып жатырмыз. Нәтиже жаман емес. Екі, үш, төрт мың доллармен адамдар трейдинг дәрістерін алып, өз жағдайларын жасап жатыр. Яғни, трейдинг дегеніз – мамандық. Оның артықшылықтары да қатері де бар. Оны барынша меңгеруге, сол саланың біліми инвестициясын көкірегіңе құюға тырысу қажет. Асығыстық танытудың қажеті жоқ.

Қазақ – көшпенді халық. Біздің қанымызда діттеген мақсатымызға дер кезінде жетуді көздейтін қызуқандылық қасиет бар. Шартты қатынас бар. Мен саған жылқы берсем, сен маған қой бер деген қарым-қатынас... Шетелден келген пирамидалық жобалар осы қасиетімізді қолданып, сан соқтыратыны да рас. Біз тез алданамыз. Қазір «крипто» деген құбылыс бар. Ірі экономистердің өзі оның болашағына сенім артып отыр. Қазақстан нарығында да «Binance», «Kraken», «ByBit» секілді биржалар мен «Meta» келді. Бізге болашақ үшін дайын болу қажет.

Биржа 1700 жылдардың өзінде Америкада дамыған нәрсе. Тредингті белгілі бір кәсіп көзі ретінде қабылдап, инвестицияға қатысты қаржылық сауат, ұзақ мерзімге ақша жұмсауды жоспарлау, портфолио құру деген сынды қажеттіліктерді меңгерген артық етпейді.

 

Дүниежүзінде ешбір қадам тәуекелсіз жасалмайды

 

- Тәуекелге бел байламастан байып кеттім, жағдайымды жасадым деген нәрсе жоқ. Тіпті, сіз Қазақстандағы банкке ақшаңызды салып қойсаңыз да, 10 миллионнан артық ақшаға ешкім кепілдік бере алмайды. Банктерде кепілдемесі көбірек болса, пайызы азырақ болады. Мұны түсіну керек. Трейдингте қаржының пайызы көбірек болғаннан кейін қатер ықтималы артады. Қарапайым тілмен түсіндіргенде «арзанға алып, қымбатқа сату» қағидасы жұмыс істейді.

Дегенмен, адамның психологиясы күрделі. Тез баюдың жолында қате шешім шығарып қоямыз, оның түбінде, әрине, осы бағыттағы алған, жиған-терген білімнің аздығы төбе көрсетеді.

 - Білімділік әрі әлемдік өзгерістерді сол мезетте бақылап, тіпті, алдын ала болжай білу қасиеттері қажет қой...

 - Ол трейдер болу үшін ауадай қажет. Біз күн сайынғы жаңалықтарды қараймыз. Бүгін қандай жаңалық болды, қандай индекстер шықты деген секілді сұрақтардың төңірегінде ізденуге тура келеді. Мәселен, Америкада ай сайын жаңа индекстер шығады. Онда «Тауар бағасының индексі өсті ме, құлдырады ма?», «Тесланың есебі қандай?», «Apple компаниясының есебі жарыққа шықты ма?», «Қытай инфляциясының көрсеткіші жарияланды ма?» секілді ақпараттарды назарда ұстауға тура келеді. Әсіресе, Қытайдың акциялары мен қазіргі жүріп жатқан соғыстың салқыны әлемдік нарық үшін өте маңызды.

- Пандемия кезінде көптеген онлайн жобалардың айы оңынан туды. Мысалы, «Амazon» жақсы табыс тапты. Қайта офлайн өмір салтына көшкен кезде біраз өзгерістерге ұшырады. Негізі пандемияның салдары қазір ортамызға шығып отыр. Ресми емес деректерге сүйенсек, әлемдегі барлық доллардың 30 пайызын қайтадан өндірілген екен. Бір жылға дейін көптеген әлеуметтік көмектер көрсетілді. Нәтижесінде, қаржылақ көмекті алған еңбек күші жұмыс істеуге құлық танытпады. Ақыры өндіріс азайып, тепе-теңдік жойылды. Мұның барлығы инфляцияға әкеліп соқты. Қазір әлем алпауыттары пайызды көбейту арқылы адамдардың ақша жұмсау қажеттілігін қысып жатыр.

 

Кәсіби экономистердің болжамдары бойынша 2023 жылы үлкен дағдарыс болады

 

- Қазір тұтас әлем соғыс жағдайында. Мұны Украина-Ресей арасындағы соғыс емес, әлем деңгейінде болып жатқан соғыс деп қабылдауға болады. Себебі, саяси тұрғыдан, әлеуметтік, психологиялық-моральдік тұрғыдан соғыстың әлемге ықпалы байқалады. Украинаның өзі астықпен бірнеше аймақты қамтамасыз етіп отырған мемлекет болатын. Қазіргі кездегі мұның көрінісі қандай? Болашақта бұл жағдай неге апаруы мүмкін? Маман ретінде не айтасыз?

- Өзіндік болжамым бар. Қазіргі соғысқа бола мұнай бағасы жоғары қарқынмен өсіп келе жатыр. Астық, мұнай дегендер жоспармен өндірілетін экономикалық өнімдер. Қажеттілікке сай өндіріліп отырады. Бірақ биылғы өнім көлемі соғыс жағдайында аз болып қалады. Мұнай-газ саласы үшін бұл үлкен проблема. Бір жағынан саяси ойын болуы мүмкін. Себебі, электрлі көліктердің қолданысы артып келеді. Соған сай мұнай бағасы да өсуі мүмкін.

- Қазақстанда да электронды көліктер көбейіп жатыр. Егер оның нарығы артатын болса, мұнай өндірісіне кері ықпал етуі ғажап емес. Дегенмен, кәсіби экономистердің болжамдары бойынша 2023 жылы үлкен дағдарыс болады. Көп компаниялар соңғы үш айдан бері көптеген қызметкерлерін қысқартып жатыр. Алдын-ала болжамға сүйеніп, қысқартып жатыр. «Тесла» басталды. «Microsoft», «Google» компаниялары да бұл процеске үн қосып, қызметкерлерінің қатарын сиретті.

- Дағдарыстың келе жатқаны анық. Ең бастысы, қалай ақшамызды үнемдеу, қалай артық ауыз шығын жасамау, ай сайынғы «starbucks», «netflix» сияқты тұтынымдарды азайту туралы көп әңгіме айтылып жатыр.

 - Әңгіме арасында электронды көлік қолданатыныңызды айтып қалдыңыз. Құпия болмаса, қанша көлігіңіз бар? Бағалары қандай?

 - Қазір екі көлігім бар. «Tesla» және «range rover». «Range rover» көлік міну – бала кезгі арманым еді. Сол арманым, шүкір, бүгін шындыққа айналды. Тесла көлігінің акциясымен біраз айналыстым. Ұнады. Жобамен бағасы – 45 000 доллардың төңірегінде. Range rover – 28 000 000 миллион теңгенің маңайында.

- Сұхбатқа дайындық барысында түрлі сауалнамалар жүргізуге тырыстық. Оқырмандардың көкейінде жүрген сауалдарды жинақтауды мақсат еттік. Соның ішінде «Бастапқы трейдингті қанша бюджетпен бастауға кеңес бересіз?», «Долларға қандай акциялар сатып алуға болады?» деген сауалдар түсті. Өзіңіз қандай қаржыдан бастадыңыз?

 - Мен ең алғаш үш мың доллардан бастадым. Кейіннен 10 0000 одан кейін 27 0000-ға өсірдім. Қазақ жастарына айтарым, сіздің соқыр тиыныңыз болмаса да, батылдық танытып, бұл салаға келіңіз. Алдымен, біліміңізді жетілдіруге күш жұмсаңыз. Freedom Finance өкілінің өзі бір сұхбатында сізде 20000 доллармен қай акцияны алар едіңіз дегенде, қаржымды тұтас білімге салар едім деп жауап береді. «Ең жақсы инвестиция – білімге салған инвестиция». Расымен, біліміңіз жақсы болса ғана тұрақты түрде табыс таба аласыз.

- Байқап отырмыз. Саяси жағдайлар экономикаға ықпал етіп отырады. Саясатты тап басып айтудың өзі қиындап барады. Алдағы уақытқа арналған болжамдарыңыз бар ма? Қанша уақыт аралығына болжам жасай алдыңыздар?

- Біз америкадағы биржа нарығына сүйене отырып, жоспар құрамыз. Америкадағы саясат – тұрақты. Жақсы жағы – экономикалық жағдайында. Соғыс америка экономикасына агрессивті түрде, яғни қарқынды әсер етіп жатқан жоқ. Америкадағы басты проблема – инфляция. Оның да шешімі болатынына сенімдімін. Саясат та, экономика да тұрақтанатын бір уақыт келеді. Халықаралық компаниялар IPO-ларын аша бастайды. Бізде де екі биржа: KASE мен AIХ бар. Біз де болашақта өз акцияларымызды жасасақ, трейдерлер саны артса, экономикамыз жақсы дамиды.

- Менің ойымша, қазіргі жағдайда Америкадағы ірі компаниялармен инвестиция жасау қажет. Ірі компаниялар деген не? Кәсіби тұрғыда назар салсақ, ірі компаниялар дегеніміз жоғары капитализациясы бар компаниялар, яғни он миллиардтан жоғары құны бар компаниялар. Болашақта бәрі технологиямен тығыз байланысты. Сондықтан бізге технология жағын көбірек көңіл бөлу керек.

- Кез келген соғыс АҚШ дамуына әсерін тигізді. Ағылшын тілінің дамуына да соғыстың әсері бар деп айтуға болады. Мынандай жағдайда ықтық нүктелер АҚШ дамуына әсер ете ме?

- Менің ойымша, иә. Өйткені, АҚШ қашықта орналасқан. Ең соңғы жаңалықтарда Ресей Еуропаға мұнай мен газды тасымалдамай қойса, Америкадан да тасымалдауға болады деген ақпар шықты. Америка экспорттаушы ел қатарына кіруі мүмкін. осындай мүмкіндіктер ашылуы мүмкін. Ресейдің қазіргі мұнай мен газды тасымалдамай, Еуропаны қысамыз, рубль қолдана отырып сатамыз деген саясаты өзінің жақсы нәтижесін көрсетпейді. Еуропаның өзінде долларды мойындалған. Бұл Ресейдің ғана емес, Еуропаның да экономикасын құлдыратуы мүмкін.

- Ресей құлдыраса, Қытайдың күшеюі табиғи заңдылық секілді. Қалай ойлайсыз?

- Қытайдың қазірдің өзінде қарқыны жоғары. Америкамен бәсекеге түсіп жатыр. Қытайдағы достарыммен ұдайы байланыстамын. Ол жаққа бару үшін виза алу қиын, қазір барған күннің өзінде карантинге жатқызылады. Көршіңіз ауырып қалса, сізді де қатар карантинге кіргізеді. Моңғолиямен шекарасы да жабық. Бұл Моңғолияның экономикасына теріс әсер етіп отыр.

- Қытай қазір Африканың нарығына шықты. Малайзияда да Қытайдың құрылыс компаниялары өте көп. Қытай көп нәрсеге араласып жатқан жоқ, менің ойымша, үлкен саяси ойынға дайындалып жатыр. Американың әлемдік экономикаға ықпалы болса да, Қытайға ықпалы бәсеңдеу. Қытай ірі көлемде саяси-экономикалық ойын ұйымдастырып жатыр. Сондықтан қытайша үйренгеніміз дұрыс

- Біздің қоғамда Қытайға қарсы фобия бар. Мұндай фобияның болуы дұрыс па? Қытайша үйрену бастамалары бұрын да көтерілген.

 - Қытайдан қауіп бар. Олар Тайваньді алып қоюға тырысып жатыр. Гонконгті алып жатыр деген ақпарат бар. Тик-токтың өзі Қытайдың компаниясы. Қытайдағы тик-токта білімге байланысты сапалы контенттер жарыққа шығады. Басқа елдерде қажетсіз қоқыс ақпараттарды шығарып отырады. Алгоритмінің өзі соған құрылған. Қытайдан бір іргемізді алысқа тіге алмаймыз. Қайта достаса отырып, олардың жақсы жақтарын ел нарығында қолдану керек. Қытай соңғы уақыттарда жылдам қарқынмен дамып кетті, Біз әлі көшке ілесе алмай жатырмыз. Олар әлемде шығатын технологиялардың барлығын өздеріне ыңғайлап, реформалап алған. Біз де бұл межені бағындыра аламыз. Мысалы, қараусыз қалған ауыл тұрғындарын Алматы маңына шоғырландырып, 5-6 миллион халқы бар алып қала жасай аламыз. Ағайын жағдайсыз жүргенше аз жалақыға болса да қалада өмір сүрсін. Жоқ дегенде балалары сапалы білім алып шығады.

 

Бір-бірімізге қамқорлық танытып, қазақтың болашағы үшін болысуымыз қажет

 

- Сұхбатымыз да соңына жетіп қалған сияқты. Әңгімемізді жастарға арналған мотивациялық кеңеспен түйіндесеңіз. Жаңа заманның жастары қандай болуы қажет?

 - Кейінгі сапарымнан түйсінген маңызды бір оқиға болды. Мен сапарға ауырып бардым. Жол бойы тұмаураттым. Катарда да бір күн тынығып, ары қарай сапарладым. Сондағы түсінгенім, адамда, алдымен, денсаулық болуы қажет екен. Денсаулық болмаса, қаржылық сауаттың, қанша ақша тапқаныңның бәрі бекер. Отыз екі жасқа дейін жақсы әдет қалыптастыру керек. Жақсы көретін заттарды тауып, өзіңді жіті тануға тырыс. Одан кейін физикалық тұрғыдан қиын болады. Жүгіруге, тау бойында шаңғы тебуге көңіл бөл.

- Екіншіден, бәріміздің қанымыз қазақ. Тіршілігіміз бір-бірімізбен тығыз байланысты. Сондықтан, бір-бірімізге қамқорлық танытып, қазақтың болашағы үшін болысуымыз қажет. Оның алғашқы қадамдары өте қарапайым. Есікті ашып беру, жол көрсету, көлікті ережеге сай жүргізу деген секілді қағидалардан құралады. Осыны ескеруге тырысайық. Білімді болайық. Әрбір қазақ бай болуы тиіс. Сол кезде бір-бірімізге тіреу болу мүмкіндігі туады. Асылында, барлық адам – тең. Мәселе – біреудің ерте, біреудің кейін маңызды қадам жасауында. Мүмкіндікті жіберіп алмайық, ағайын! Жолыңыз ашық болсын!

- Көп рақмет! Сіздің ісіңізге де береке тілейміз. Амандықта жүздескенше!

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер