«Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестік мүшелері «Stop Fake» үндеуіне қол қойды

2487
Adyrna.kz Telegram

Соңғы кездері еліміздің ақпарат кеңістіктігінде қауесеттер мен жалған ақпарат ағыны бұрынғыдан да артып келеді. Интернет ресурстағы ақпараттық ағынның ақ-қарасын ажыратып, ақиқатын айту маңызды міндетке айналды. Өйткені, жалған ақпарат адамның көңіліне күдік ұялатып, сенімсіздік тудыратыны анық. Міне, «Бас редакторлар клубының» кезекті отырысында осындай өзекті мәселе талқыланды.

Қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбайдың төрағалығымен өткен жиынға медиа холдинг және ақпарат құралының басшылары, ел зиялылары қатысты. Журналистер қауымы онлайн режимде қосылып, өз ойын ортаға салды.

Бибігүл Жексенбай ресми дереккөздер тарататын ақпараттың маңыздылығын атап өтті: «Бүгінде толассыз ақпарат тасқыны кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Сол ақпараттан шын ақпаратты тауып, соны ғана кәдеге жарату – өзекті. Сондықтан, ресми дереккөздер таратқан ақпаратқа ғана сену қажет. Әрине, кей жағдайларда әлеуметтік желілерде лезде тараған ақпараттың жылдамдығынан оның шынайылығын сараптау қиын. Әлем кеңдігі ақпараттың алуандығымен де өлшенеді. Бүгінде қоғамда жанжал, үрей тудыру, жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген қауесеттер мен жалған сөздер жиі таралып жатыр. Осындай алмағайып заманда біз тексерілмеген ақпараттан, әсіресе түсініксіз дереккөздерден эмоцияларға беріліп жазылған жазбаларды оқып, асығыс тұжырымдар жасап, оларды көпшілікке таратпауға, асығыс шешімдер мен әрекеттер жасамағанымыз абзал. Қасақана жалған ақпарат тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын есте ұстаған жөн. Сенімді көзден түскен ақпарат пен жалған ақпаратты ажырата білу керек. Арандатушылар өздерінің ақпаратының ақырғы нәтижесін ойламайды, олардың міндеті - елімізде дүрбелең мен хаос себу, әсіресе сайлау кезеңінде. Қорытындылай, баршаңызды тұрақсыз уақытта арандатушылардың сөздеріне сенбей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырамыз!».

Қоғам қайраткері, «Человек и закон» республикалық газетінің бас редакторы Марат Башимов заңгер ретінде фейк ақпараттарды жиі оқитынын сөз етті: «Фейк ақпарат таратқандар Қылмыстық кодекс бойынша жауапкершілікке тартылады. Шын мәнінде, фейк ақпараттар қоғамды адастырып, сеніміне селкеу салады. Елде ауқымды саяси науқан жүруде. Мұндай кезде жалған ақпаратты таратудың алдын алу маңызды», – дейді қоғам қайраткері.

«Бас редакторлар клубының» вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин жалған ақпаратты тарату заңға қайшы екенін айтты. «Өз пікірін ашық және батыл айту дұрыс. Ол жариялануы тиіс. Журналистер арасында блогердің фейк ақпаратын алып, соған сілтеме жасап таратуын қалай түсінеміз? Бұл – ақылға қонымсыз және заңсыз. Саяси науқандар тұсында түрлі фейк ақпараттардың көбейіп кететінін байқап жүрміз. Алдымызда Президент сайлауы келе жатыр. Осы тұста бұқаралық ақпарат құралдарының сайлауға қатысты фейк ақпараттардың жарияланып кетпеуін мұқият қадағалау аса маңызды. Өйткені онсыз да ғаламторда, әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар аз емес. Осы келеңсіз көрініске жол бермеу – біздің басты мақсатымыздың бірі. Себебі ел тағдыры, келешегі шешілетін саяси науқанның қалыпты жағдайда өтуіне бәріміз де мүдделі болуға тиіспіз. Ал фейк-ақпаратпен күресу үшін БАҚ редакцияларындағы шұғыл хабарлармен айналысатын бөлім фейк-ақпараттарды шұғыл тексеріп, басылымда жарияланбауын ерекше қадағалағаны жөн», – деді ол.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов кейінгі жылдары жалған ақпарат көзінің өршігенін атап кетті: «Қазір әр ақпараттың артында мүдде тұрғанын ажырату қиынға соғуда. Ақпаратты бірден қабылдап оны әріқарай таратып, сонымен қорытынды жасауға машықтанып кеттік. Осыдан кейін фейкке неге сенесіңдер деп айыптау артық болады. Маманның оны анықтауға мүмкіндік болса, ал қарапайым оқырманда ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті үлкен қауіпке қарсы тұрудың жолын қазірден ойластырған дұрыс».

«Qazcontent» АҚ басқарушы директор Махат Садық «фейк» біздің ғана емес әлемдік мәселе екенін айтты: «Фейк біздің заманға дейін 153 жыл бұрын пайда болды. Бұл мәселе мемлекеттік мүддеге қарама-қайшы деуге толық негіз бар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ел сенетін мықты аналитик журналистерді дайындау қажет, мейлі ол блогер болсын. Алдымызда қандай жағдай болатынын болжай алмаймыз. Сол себепті, ақпаратты дұрыс беретін БАҚ өкілдері керек. Фейкті жою үшін ақпаратты дұрыс беретін мемлекетшіл журналистердің клубын құру қажет».

Бибігүл Жексенбай егер жалған ақпарат анықталса, өзге өңірдегі әріптестерге фейк ақпарат туралы хабардар ету маңызды екенін айтты: «Жалған ақпарат тарату үшін арнайы қаржы бөлетін әлемдегі үлкен инвесторлар мен арнайы компаниялар жұмыс істейді. Жалпы жалған ақпарат Орталық Азиядағы біздің мемлекет сынды әлемнің алдыңғы санатындағы алпауыт мемлекеттерде де үлкен мәселеге айналған. Kantar ақпарат агентігі АҚШ, Франция, Ұлыбритания және Бразилия тұрғындарына зерттеу жүргізген. «Ақпаратқа деген сенім» атауымен өткен акцияға 8 мың адам қатысқан. Нәтижесінде, халық баспасөз құралдарының ішінде журналға сенім артатыны белгілі болды. 72 проценті журналдан оқыған ақпараттың шынайлығына сенімді. Сауалнамаға қатысқандардың 69% телеарнаға, 68% радиоға, 67% дәстүрлі БАҚ таратқан ақпаратқа сенеді. 50% интернет портал мен сайтқа құлақ асады. 37 проценті мессенджерде таралған ақпараттың дұрыс екеніне көзі жетеді. Қалған 33% ғана әлеуметтік желідегі ақпараттың ақ-қарасын айыруға тырысады екен. Жалған ақпаратпен күресу жолында түрлі Google, Facebook cекілді ірі компания қыруар қаражат бөліп келеді. Германия, Индонезия, Ресей, Ұлыбритания секілді елдер арнайы заң қабылдаған. Бұл игі дәстүр елде Ата заң бойынша бекіген. Оған байланысты арнайы бірнеше бап бар. Оның ішінде әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдіктен бастап, діни алауыздықты өршітуге дейінгі баптар қарастырылған. Таратқан жандарға түрлі мөлшердегі айыппұлмен қатар 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. Жалған ақпараттың жарға жығатынын біліп жүру, баршамыз үшін қайырлы болатыны сөзсіз».

«Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай еліміздегі әр кәсіби журналист жалған ақпараттың таралмауына өз үлесін қосу керек деген ұсыныс айтып, «Stop Fake» үндеуіне қол қойды.

Пікірлер