Алмалы ауданынының тұрғындары «Халық қатысатын бюджет» жобасына  42 өтінім берген

2250
Adyrna.kz Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің « Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан Халқына Жолдауында:  «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек.  Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс. Осы айтылған мәселелерді тиімді жүзеге асыру үшін жаңа Бюджет кодексін қабылдау қажет, деп айтқан болатын.

Бүгінгі күні Алматының Алмалы ауданында аталған жобаға басым назар аударылуда. Қуантарлығы сол тұрғындарда ат салысып, өз ұсыныстарын беру үстінде. Мәселен,  биыл алмалылық тұрғындардан 42 ауланы абаттандыруға өтінім келіп түскен. Тізімдегі мекен-жайлардың басым көпшілігі біраз жылдан бері жөндеу көрмепті. Ескі тұрғын үй аулаларына жергілікті әкімдік соңғы жылдары көңіл бөле бастаған. Нәтижесінде балалар ойнайтын алаңдар мен скверлер орнатылып, жарық бағандары пайда болды.

Бұл – Шагабуддин мен Чайковский көшелері бойында орналасқан тұғын үй аумағы. Алмалы ауданына қарасты мекен жайда биыл құрылыс қарқынды жүрді. Спорт құрылғылары орнатылып, алаңдарға резеңке жабын төселді. Балалар ойнайтын аулалар шарбақтармен қоршалды. Десе де мұның бәрі жергілікті әкімдіктің жылдағы жоспарлы жұмысы. Бұдан бөлек, ауданда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында да шаруа жасалды.

«Биыл бізде 42 ауланың ішінен 5 аула таңдалып алынып, күрделі жұмыстан өткізілді. Сондай-ақ «Халықтың бюджетке қатысу» бағдарламасы арқылы 21 аулаға жұмыс жүргізіліп, тұрғындар өздерінің ризашылығын білдіріп жатыр», –деді Алмалы ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Руслан Айтанов.

Осылайша айнала жаңаша түрленіп, бос жатқан жерлердің көркі келісті. Балалар мен егде жастағы зейнеткерлер қуанышында шек жоқ. Жергілікті әкімдік өкілдері жобаны бастамас бұрын тұрғындардың талап-тілегін тыңдайды. Тиісінше орындықтар мен балалар алаңы көпшіліктің талғамына қарай орнатылған.

«Чайковский көшесінде тұрғанымызға 48 жыл болды. Сол уақыттан бері ауламызда тек балалар алаңы болатын. Қазір далаға шыққанда демалатындай жағдай жасап берді», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Кенжетай Барақбаева.

«Ауланы абаттандыру жұмыстарының тұрғындармен кеңесе отырып жүргізілгені қуантады. Бәріміз көршілер болып шығып, демалып серуен құруымыз үшін қажетті дүниемізді айтамыз. Аудан әкімдігі сол жоспар бойынша жұмыс жүргізеді», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Елена Вавулиди.

Жауаптылар мұндай жұмыстардың келер жылы да жалғасатынын айтты. Жалпы тұрғындар тарапынан биыл 42 жобаға өтінім келіп түссе, соның бесеуі аяқталды. Қалған 37 жоба алдағы жылға жоспарланған.

Пікірлер