Сайлау-2022: Алматыда құрылған қоғамдық қозғалыстың міндеті қандай?

2441
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзі мәлімдегендей елімізде 2022 жылдың 20 қарашасы күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлауында елішілік тұрақтылық пен сайлау процедураларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету мақсатында еліміздің барлық аумағын қамтитын өңірлік штабтары бар тәуелсіз бақылаушылардың «BAQYLA» Қоғамдық қозғалысы құрылады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Аумақтық бақылаушылар желісі жұмысы Алматы қаласындағы Орталық штаб пен еліміздің 26 қаласында орналасқан өңірлік штабтар арқылы жүргізіледі (тізім қосымша ұсынылады).

Қозғалыстың бақылаушылары еліміздің 26 ірі қаласында барлығы 3,2 мыңнан астам сайлау учаскелерінде бақылаушылық жасайды.

Саясаттанушы Дос Көшімнің атап өткеніндей сайлау процесіне белсенді қатысатын топтың бірі – бақылаушылар. Олардың сауатты жұмыс істеуі, бақылаудың барлық тәсілдерін терең меңгере білуі – Қазақ еліндегі Сайлау жүйесінің жақсаруының бір кепілі.

“Менің міндетім – әрбір облыс. қалалардағы бақылаушыларды дайындайтын тренерлерді дайындауға арналған арнайы офлайн, мүмкіндік болса, он лайн семинар-тренингтер жүргізу, сайлауды бақылау барысында туындаған сұрақтарға жауап беру болып табылады”, – дейді ол.

Қозғалыс белсендісі Бақытжан Бұқарбайдың пікірінше 2019 жылы бақылаушылар институты елде жаңа қарқын алып, билік санасатын қоғамдық күшке айналған.

“Түрлі себептерге байланысты қазір елдегі азаматтық қоғамның күйін көңіл көншітетіндей деп айтуға келмейді. Сол үшін біздің ұран «Күн сайын азамат бол!» болуы керек.Мен үш жыл бұрын белсенді бақылаушылардың қатарында болдым, осы жолы ел бойынша бақылаушыларды қалыптастыруға дәрістер өткізу арқылы атсалысайын деп жатырмын. Бақылаушылардың негізгі бөлігі жастар болмақ деп ойлаймын, атап айтқанда, оларға «Азаматтық қоғам не үшін керек?» және «Қалай тиімді пост жазу керек?» тақырыптарында дәрістер өткізуді жоспарлап отырмын. Бұдан бөлек процеске жаңа бақылаушыларды тарту да жоспарда бар.Әрине, елдегі бүкіл сайлау учаскелерін толық қамту үшін 20 мыңның үстінде білікті бақылаушы керек, аз болып көрінгенмен, ел болып осы көрсеткішке әлі жете алмай келеміз. Бірақ көш жүре түзеледі. 2019 жылы азаматтық белсенділер көтерген туды түсірмей, бағыттан таймай, бақылаушылар институтын нығайтуды жалғастыра беру керек. Сайлаудан сайлауға бақылауға алынатын учаскелерін саны артса, ертелі-кеш халықтың дауысы түгел ескерілетін күнге де жетеміз”, – дейді ол.

Осы қозғалыстың құрылуына бастамашы болған жас саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, қазақтілді аудитория әділ әрі шынайы сайлау өткенін қалайды. Алайда сайлаудың шынайы өтуіне билік құлықты емес.

“Көптеген Қазақстан азаматында берген дауысым, салған бюллетенім өзге кандидаттың қанжығасына байланып кетуі немесе қоқыс жәшігінде жатуы мүмкін деген күдік бар. Бұл ұзақ жылдар бойы қалыптасқан және әлі де жалғасын тауып келе жатқан сайлаудағы құйтырқы әрекеттердің нәтижесі.Біз бұл олқылықты толық шешпесек те, сайлауда бақылаушыларды қатыстырып, оқытып көргіміз келеді. Әрине, тұтас Қазақстанды қамту мүмкін емес.Оны биліктік партиялар ғана жасай алатын шығар. Бірақ барынша көп учаскені қамтуға тырысамыз. Ірі қалаларды, облыс орталықтарын қамтуға тырысамыз. Ел бойынша 6 мыңға жуық бақылаушы оқытуға әрекеттеніп, жоспарлап отырмыз”, – дейді ол.

Пікірлер