150 миллиард доллар инвестиция тартылады – Тоқаевтың бағдарламасы

2150
Adyrna.kz Telegram

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штабтың мүшелері Ақтөбе облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Ақтөбе рельс-арқалық зауытының еңбек ұжымымен кездесуде кандидаттың сайлау алдындағы бағдарламасында көрсетілген ел өнеркәсібін дамытуға арналған шаралар талқыланды.

Республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев ел ішінде тиімді индустриялық тізбек құрылатынын, өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқыны күшейетінін және өнімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар жаңғыртылатынын атап өтті.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономика саласында өңдеу секторын нығайтуды бірінші кезектегі міндет ретінде белгіледі. Өндірістерді қолдауға, жоғары сапалы өнімдер шығаруға басымдық беріледі. «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданады. Онда сапаның ең төменгі бағадан басым болатыны және сатып алуларда импортқа қарағанда қазақстандық өнімдерге басымдық берілетіні бекітіледі. Алдағы жеті жылда ел экономикасына 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылады. Инфрақұрылымды ауқымды түрде жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Осылайша, сіздерде тұрақты жұмыс және осындай кәсіпорындарға тапсырыстар болуы үшін ел экономикасы қарқынды дами береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ірі мұнай-газ жобаларын дамытуға арналған ұзақ мерзімді жоспар әзірленеді, экономиканы монополиясыздандыру жалғасады, монополистерге бақылау және бәсекелестікті қорғау күшейтіледі.


РҚШ мүшелері Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесуде сайлау алдындағы бағдарламаның өңірлік инфрақұрылымды жақсарту және жұмыс орындарын ашу мәселелеріне арналған бағыттарына назар аударды.

Штаб делегациясы қаладағы Орталық стадионда «Ақтөбе» футбол клубының ойыншыларымен кездесті. Онда Кандидаттың кәсіби спортты дамытуды және саламатты өмір салтын дәріптеуді көздейтін басымдықтары сөз болды.

Қ.Жұбанов атындағы университетте жоғары оқу орнының ғалымдарымен және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесу өтті. Кездесуде сайлау алдындағы бағдарламадағы ғылымды қолдауға арналған нақты шаралар талқыланды.

Бұл бағытта алдағы 7 жылда қолданбалы ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайту, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру үшін жағдай жасау, жетекші жоғары оқу орындары мен ірі кәсіпорындардың жанынан мамандандырылған инжинирингтік орталықтар қалыптастыру жоспарланып отыр.

Дайындаған: Республикалық қоғамдық штаб
Астана қаласы, Қонаев 12/1.
Тапсырыс беруші: М.Ж. Оспанов.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Қ.К.Тоқаевтың сайлау қорынан төленді.

 

Пікірлер