Алматыда жастар үйлену тойының бір бөлігін балалар үйінде өткізді

741

Алматыда шаңырақ көтерген екі жас үйлену тойын Алматы қаласында орналасқан №1 Балалар үйіне арнады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы

Azattyq Ruhy порталының мәліметінше, аталмыш балалар үйінде қазіргі уақытта 80-нен аса бала тәрбиеленіп жатыр. Жастар мұнда үйлену тойының шағын түрін өткізіп, тойдың әсерін шынайы түрде сезінуіне мүмкіндік сыйлады. Жастар арасында соңғы уақыттары зор қызығушылыққа ие болған маклюбе тамағын әкеліп, үлкен тортты да дөңгелете бірге кесті.

«Бүгін балалар үйіне келіп үйлену тойының шағын түрін ұйымдастырдық. Бұл ойымды көптен бері жоспарлап жүр едім. Түркия елінде шаңырақ көтерген екі жастың балалар үйіне барып, қайырымдылықпен айналысқанын естідім. Сонда осы идея сап ете қалды. Лимузин жалдап, артық шығынға батып, ысырап жасағанша қоғамға аз да болсын пайда әкелуді ойладық, балалардың да шынайы қуанышын, күлкісін көргіміз келді. Ниетімнің артында отбасылық құндылықтарды насихаттау деген ой жатыр. Бүгінгі жас - ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Ал отан отбасынан басталатыны белгілі. Отбасына мейірімділік танытқан адамнан ертең білікті маман, еліне жанашыр азамат өсіп шығады.

Ойға алған ісім қалай өтеді деп қобалжып едім, балалардың көңілінен шыққан сияқты. Жүздеріндегі шынайы күлкіні, қуанышты байқадық. Қасымызға келіп, тілектерін айтып, құшақтап кетті. Бала періште ғой, бәрін шынайы көрсетеді. Ата-ана махаббатынан ерте айырылса да жүздерінен күлкі кетпейді. Әрқайсысының болашағы жарқын, бақытты болуын тілеймін! Ал өзім жоспарымның жүзеге асқанына қуанып отырмын», - деді күйеу жігіт Мадияр Қайратұлы.

Қос жас бүлдіршіндерге арнап танымал мультфильм, фильм кейіпкерлерінің киімін киген аниматорларды жалдап, түрлі сайыстар өткізді.

«Өз басым ысырап жасағанды ұнатпаймын. Жолдасым екеуіміз сөз байласып, ақ некемізді қиғаннан кейін балаларға арнап шағын той өткізу туралы идеясын айтты. Мен де бірден қуана кеттім. Үйленуді жоспарлап жүрген өзге жастарға бұл ісіміз үлгі болады деген ойдамын», - деді қалыңдық Беназир Ерікқызы.

Шағын тойдың соңында күйеу жігіт пен қалыңдық арнайы әзірленген тортты кесіп, дәм татқаннан кейін балаларға үлестіріп берді

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket