7 сәуір күні кешке Алматы қаласында ауа райының күрт құбылып, жел мен нөсер жауын орын алды. Табиғаттың тосын мінезі қала тұрғындарына бірқатар қиындықтар тудырды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда желдің күшті екпінімен үйлердің шатырлары ұшып кеткені, көшедегі маңдайшалар мен жарнамалық тақтайшалардың сынғаны анық көрінеді.
Таугүл ықшамауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің шатырын жел ұшырып кеткені туралы желіде ақпарат тарады.
Нөсер жауын салдарынан кей тұрғын үйлердің балкондары су өткізе бастаған. Көше бойындағы ағаштар құлап, бірнеше көлікке зиян келтірген. Сонымен қатар, кейбір аудандарда жарық пен интернет уақытша өшіп қалған.
Қала көшелері шағын өзендерге айналып, қозғалыс қиындады. Дегенмен, алматылықтар қиындыққа қарамастан, көтеріңкі көңіл күйде қалуға тырысып жатыр. Желіде «Бәлкім, ертең демалыс болар?», «Бұл – астаналықтардың көктемді ерте бастағанымызға кегі», «Есесіне, қала желдетілді» деген әзілге толы пікірлер жазылуда.
Қазгидромет 7 сәуірден 8 сәуірге қараған түні Алматы мен Қонаев қалаларында бұршақ жауып, жел екпіні секундына 28 метрге дейін жететінін ескерткен болатын. ТЖД Алматы тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтауға, тауға серуендеуден бас тартуға кеңес берді.
«Электр желілерінің бүтіндігін тексеріңіздер, көліктеріңізді ағаштардың астына қоймаңыздар, әлсіз бекітілген құрылыстардан аулақ болыңыздар – бұл адам жарақатына әкелуі мүмкін», – деп мәлімдеді құтқарушылар.
Айта кетейік, екі күн бұрын Алматыда шаңды дауыл соғып, қала тұрғындарына тағы да қиындық туғызған еді.