Сабантой - түркілік ежелгі күзгі мереке

5948
Adyrna.kz Telegram

Түркі халықтары төрт дүлейді/стихия Жаратқанның ұлы жаратындысы ретінде қастерлеген. Олар - су, от, топырақ және ауа. Түркі танымында аталмыш төрт дүлейге Уақыттың төрт жылдық маусымы сәйкеседі: көктемге - Су дүлейі, жазға - От, күзге – Топырақ, қысқа – Ауа дүлейі шендесіп, соған орай кеңіс те төрт күйге түседі.  Көктем кезінде жер бетін су қаптайды, дүниенің бәрі сумен араласып, ол кезді қазақ «аласапыран» атайды; жаз маусымында жер бетіне шықпайтын шөп,өсімдік қалмайды, адам да, жәндік те, жан-жануар да қорекке қарық болып қоңданады, бойларына қуат жинайды. Күз келгенде жазғы «оттың» бәрі қурап,күзеледі, жерге түсіп, топыраққа айналады. Күзде кеңістік топырақ дүлейіне қызмет етеді. Ал қыс түсісімен ауа дүлейінің патшалығы орнап, жер бетіне орныққан тоқсан күн «желтоқсан» аталатыны содан. Көктем «жылға» сөзінен - «жылтоқсан», жаз - «оттоқсан», күз маусымы – «күзтоқсан» атал келе бертініректе ұмытылған.

Сабантой мерекесі - аса ежелгі тәңірлік танымнан бастау алатын мерекенің бірі. Бұл мерекені көктемгі Наурыз  секілді күзгі басты мейрам ретінде атауға болады. «Сабантой» атауы «сабан» сөзінен құралған. Сабан — дәнді және ірі бұршақты дақылдарды бастырғаннан кейін қалатын өсімдік сабағы. Бірақ кейбір түркі халықтары бұл сөзді соқамен шатастырып жүр. Осыдан келіп, жазғы егістің басталуын осы мерекемен соқа тойы ретінде атап өтіледі, мысалы шұбаштарда бұл акатуй (ақатой) аталып, көктемгі егіс науқанының бітуімен байланыстырылады.

Сабантой – күз маусымының басталуына сәйкес келетін әрі күзгі күн мен түннің теңесуі қарсаңындағы аталатын түркі мерекесі. Сабантой – түркі халықтарының ежелгі тәңірлік танымына негізделген төрт ұлы мерекенің күзгі жыл маусымындағы ұлы мерекесі.

Сабантой түркі халықтарында (татар, башқұрт, ішінара қазақтарда) тойланатын мейрам, көбіне егіншілікпен айналысатын түркі халықтарына тән. Алайда, бүгінде жалпытүркілік сипаттан ажырап, ұмытыла бастағанын жасыруға болмайды. Бұл мерекені бүгінде көбінесе татар халқы белсене өткізеді. Оның да өзіндік себебі бар: татар мен шұбаш халықтары түркі халықтарының ішіндегі егін егіп, ежелден отырықтанған жұрттар болғасын сабантойдың мазмұнын барынша сақтап қалған. Егін жинау науқанынан кейін күзде өткізіледі. Сабантой мейрамы 20 ғасырдың 90-жылдарынан бастап Татарстан Республикасында мемлекеттік деңгейде атап өтіледі.

Сабантойдың ежелгі үлгісі ретінде шұбаш халқындағы «чүклеме» мерекесін атауға болады. Жаңа қырманның салтанаты мен диқандардың жылдық шаруашылығының қорытындысы ретінде Чүклеме күзгі күн мен түннің теңесуіне сәйкес келеді. Бұл мейрамға шұбаш түркілері арнайы әзірленіп, ағыл-тегіл нан пісіреді, жаңа егіннің сусыны етіп боза секілді сусын ашытады. Жұрт бірін бірі қонаққа шақырып тойлайды. Арнайы дұға мен тілек айтылып, ғұрыптар істеледі.  Мешкейлер жарысы өтеді.

Сабантой – «күзтоқсан» аталатын тоқсан күн күз мезгілін паш ету салтанаты; ырзық пен несібенің көзі топыраққа деген құрмет, келесі жылдың несібесін күту мен тілеу, жарық пен қараңғының үйлесімін қадыр тұту, топырақ пен ауаның үйлесіміне жол ашу секілді адамзаттық құндылықтарды сіңірудің басы.

Сабантой мейрамының мазмұнын айғақтай түсетін тарихи мына айғаққа назар аудармай болмайды.Аңырақай тауындағы жартастағы петроглифте бейнеленген  күзгі маусымды байқататын Тәңіриеге қараған семірген өгіздің жайылып, осы күз мезгілінің сиырға айналған түріндей «тойынған» бейнесін мойындауға тура келеді.

Топыраққа қатысты кие тұту рәсімдері жасалады. Топырақтың құны жайқалған егінде. Сол себепті күздегі бұл мерекенің нышаны жайқалған бидай масағы екені күмән келтірмес. Бұл кезде құс біткеннің бәрі балапанын өргізіп, өз беттерінше күн көруге таратады. Қанаттылардың арасында бұл бейнені қаздар жақсы байқатады: олардың өздері де, балапандары да тойынып, семіреді.

Көшпелі жұрттар күзгі бұл мейрамды негізінен жылқы сауынының жабылуымен, қой күйегінің аяқталуымен байланыстырса, отырықшыл түркі халықтары егіс науқанының аяқталуымен, егіннің жиын-терінімен байланыстырады.

Қазақ халқы жартылай көшпелі болғандықтан, сулы маңайларда тары, арпа, қара бидай еккен. Оны нан мен дақыл тағамдарын істеумен бірге сыра секілді боза сусынын ашытқан. Сондықтан сабантой мерекесі қазақ үшін тек қана шаруашылық көзі емес, рухани-мәдени құндылықтың да көзі болған.

Жазғы түлеген, өнген, өскен табиғаттағы барлық өнім топыраққа айналады, күзеледі. Табиғат келесі жылдың топырағын дайындайды. Жаңа туған төлдер марқаяды, піседі, жан-жануар семіреді.  Сабантой мейрамы осы шаққа сәйкес келетін жыл маусымының ішіндегі ең бай салтанат. Сол себепті совет дәуірінде бұл мейрам тіпті «Алтын күз» мерекесіне айналды.

Негізгі өмір салты мен шаруашылығы малға қатысты болғанымен қазақ халқы егінді де жайқалтып, өзіне тән ғұрыптар мен салттарды қалыптастырған. Мысалы, егін жиналып біткен соң, өз туыстарына, көрші-қолаңға «кеусен» аталатын астықтай үлес таратады.

Сабантой мерекесі қазақтың мал шаруашылығындағы маңызы зор «күйек алу» науқанына да тікелей байланысты, сол себепті де бұл ай «қыркүйек» аталады. Бұл айда қойдың күзем жүні қырқылады. Күйек – қойды сезгілсіз қашыртпасқа арнайы қошқарға байланатын кедергі. Қойды ұрықтандыру қыркүйек айының ортасында, яғни 14-15-терінде басталады. Бұл күн - күздің нағыз ене бастаған шағы. Міне осы күйекті алып тастағаннан бастап қой ұрықтана бастайды, осыны «күйек алу» атайды.

Бұл айдың соңына қарай, қазан айының ішінде жылқы сауу науқаны аяқталып, қымызмұрындықпен басталған сауын маусымы «сіргежияр» деген жоралғымен аяқталады. Бұл да осы мерекеге маңыз бен мән беретін ғұрып.

Сабантой бау-бақша өнімін де қорытындылайтын мереке. Бау-бақша өсіріп, мол өнім алғандар ағайын-туғандарына немесе көрші-қолаңға қауын-қарбыздан сый-сыяпат таратады. Оны «бір тоғыз», «екі тоғыз» атайды. Жалпы бұл ғұрып «тоғыз» аталады.

Сайып келгенде Сабантой мейрамы күзгі Күндіз бен Түн үйлесіміне қатысты барлық шаралар мен жоралғыларды, ғұрыптарды қамтиды. Бұған жамбы ату, көкпар тарту, айтыс, алтыбақан тебу  секілді қазақ мәдениетіне сіңісті бүгінгі салт-ғұрыптардың, рәсімдердің баршасы да Сабантойға сән беретін шаралар болып табылады. Сабантойды жаңа дәуірге лайықтап мерекелеудің шарасы керек. Мәселен табанан осы мерекенің басты нышаны болар еді, ол – дөңгелек пошымы Күннің бейнесін паш етеді, Топырақ  дүлейінің өнімі. Нан – қазақ үшін ырзықтың қасиетті нышаны.

Серік ЕРҒАЛИ, мәдениеттанушы, этнограф

 

 

Пікірлер