«Біз - Алаштың ұрпағы» атты қалалық танымдық кездесу сабағы өтті

3023
Adyrna.kz Telegram

28 қазанда Астана қалалық Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясында семинар форматында «Біз - Алаштың ұрпағы» атты кездесу сабағы өтті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Алаш идеяларын Нұрша Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы мектеп тәжірибесінде іске асыру және олардың еңбектерін жас ұрпаққа кеңінен ұғындырып, дамытуды мақсат еткен бұл шараның басты кейіпкерлері ұстаз бен шәкірт болды.

"Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мынадай өсиет сөз қалдырған: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады, арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар!". Сондықтан, біздер, ұстаздар қауымы Алаш зиялылары аңсаған ұрпаққа тәрбие мен білім беруде ұлттық құндылықтары бойына сіңген Жаңа Қазақстанның болашақ тұлғаларын қалыптастырудамыз. Бүгінгі шарамыз соның бастамасы деп ойлаймыз", - деді өз сөзінде Н.Алжанбайқызы.

Былтырғы оқу жылынан бері Астана қаласында «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы зертханасының аясында Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназия, М.Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназия, №72 мектеп-лицей, С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназия, «Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тани атындағы №85 мектеп-лицей» ұстаздары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытуда Алаш зиялыларының педагогика-психология, әдістеме саласындағы мұраларын басшылыққа алып жұмыс жасап жүр.

Мектеп директоры Ұлболсын Бекмырзақызы осы төл технологияны қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, математика, тарих пәндерінде қолданудың арқасында 52-мектебінің білім сапасы 78%-ға көтерілгенін айтты. 72 оқушы халықаралық олимпиадалардан орын алған. Ал бұл мектепте жалпы 48 сынып осы технологияны қолданса, оның 20 сыныбы - бәрін тез сіңіріп алатын 1-сынып оқушылары. Сонымен қатар, осы әдісті меңгерген, қолданатын мұғалімдер оқу- әдістемелік кешен жазып жүр.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оразахынова Нұрша Алжанбайқызының Алаш арыстарының идеялық еңбектерінің негізінде жасаған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы – ұзақ жылдан бері өз өміршеңдігін дәлелдеген төл технология.

Іс-шара барысында аталған жобаның қазіргі білім жүйесіндегі орны, білім алушыларды технология бойынша оқытудың маңыздылығы, ана тілін дамытудағы рөлі туралы талқылаулар болды. СКО технологиясында мұғалімдер Алаш арыстарының мұра етіп қалдырған нақыл сөздерін күнделікті сабақтарында тілдік бірліктерді талдаудың нысана етіп алып, оқушыларымен үнемі ойтолғау жұмысын жүргізеді. Сол арқылы тіл білімі салаларын терең, нық меңгерумен қатар ойларын еркін, айшықты жеткізуге дағдыланады.

Қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазы ұстаз бен шәкірттің сол дағдыларын танытатын білім көрінісіне тамсана келіп, осы жолдың мұраты биік екеніне сеніп, сәттілік тіледі. Ал PhD ғылым докторы, алаштанушы, журналист Алма Сайлауқызы “Мағжан Жұмабайұлының педагогикасындағы ұлттық таным” атты презентация жасап, мұғалімдерге Алаштықтар артқан жауапкершілік жүгін нақты ұлттық сипаттағы мысалдармен пайымдап берді.

Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Әдістеме басқармасының басшысы, ф.ғ.к. Жазира Мақсұтқызы Ысқақова және Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші ғылыми қызметкері Гүлдариға Мерекебайқызы Кенжебаева да бұл технологияның тиімділігі мен маңызына тоқталып, алғыстарын білдірді.

Рухани-танымдық білім кешінің сәнін кіргізген әнші Жаңабай Өтегенов болды. Халық ықыласына бөленіп жүрген дарынды өнерпаз Мағжанның қос бірдей өлеңіне, атап айтар болсақ, “Түркістан” мен “Мен жастарға сенемін” өлеңдеріне ән жазған екен. Сол туындыларды домбырасын күмбірлете тұрып шырқап берді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер