Алматыдағы сайлау үрдісін қоғамдық ұйымдардың белсенділері бақылайды

2437
Adyrna.kz Telegram

Қоғам белсенділері өздерінің әлеуметтік желілері арқылы алматылықтарды сайлау науқанының барысы мен Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының өткізілу үрдісін бақылауға қатысуға шақырды. Бұл туралы журналистерге қор белсендісі, қоғам қайраткері, Independ Digital Agency басшысы Рафаэль Гасанов айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Белсендінің айтуынша, қазірдің өзінде 100 азамат бақылаушы болуға ниет білдірген.

Бақылау үрдісін жүргізу үшін әдетте бізге 500-600-дей адам қосылады, өткен референдумда да, өткен Мәжіліс сайлауында да солай болды, бұл жолы бақылаушылар одан кем болмайды деп сенеміз, – деді қоғам қайраткері.

Рафаэль Гасанов мәлімдегендей, жақын арада бақылаушылар мектебі өз жұмысын бастамақ, белсенділер оның ашылғаны туралы әлеуметтік желілердегі парақшаларында хабарлайды. Дәріскер ретінде сайлау учаскелерінде жұмыс тәжірибесі бар волонтерлер қатысады. Еріктілермен қоса заңгерлер де шақырылады, олар болашақ байқаушыларды сайлау заңнамасының негіздерімен таныстырады. Барлық белсенділер анықтамалық әдебиеттермен, атап айтқанда, «бақылаушы дәптерімен» қамтамасыз етіледі, бұл оларға сайлау учаскелері мен сайлау барысын мониторингілеу мен бақылау кезінде құқықтық ресурс ретінде қажет болады.

Рафаэль Гасанов тұжырымдағандай, «Қоғамдық пікір» қорының бақылаушылары сайлау учаскелерінің сайлауға дайындығын, атап айтқанда, олардың қажетті құрал-жабдықтармен және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуін тексереді.

Сайлау күні сайлау учаскелеріне байқаушылар бекітіліп, олар мониторинг жүргізіп, сайлау барысын бақылайды. Сондай-ақ қоғамдық белсенділер сапынан мобильді топтар құрылады. Олар даулы мәселелер, заң талаптарының сақталуы, дауыс беру ережелері бойынша сұрақтар туындаған жағдайда жедел түрде сайлау учаскелеріне барады.

Сайлау күні қоғамдық белсенділер жарты сағат сайын сайлау науқаны барысы туралы есеп дайындайды. Олар өңірлердегі өкілдермен онлайн режимде пікір, дерек алмасады, бұл бүкіл елдегі дауыс беру барысына талдау жасауға мүмкіндік береді.

Рафаэль Гасанов бұл жұмыстардың қорытындысы бойынша қоғамдық белсенділер арнайы қарар дайындайтынын айтты. Бұл құжатта олар өздерінің барлық бақылау жұмыстарының нәтижелерін көрсетеді. Қарар ОСК-ға жіберіледі.

Брифингте Рафаэль Гасановпен қатар басқа да қоғамдық белсенділер – журналист, блогер, «Aнық Time» телебағдарламасының жүргізушісі Мақсат Мамадияров және т.б. сөз сөйледі. Олар кәмелеттік жасқа толған жастарды бақылау процесіне белсенді қатысуға шақырды.

Пікірлер