Әлемді мейірімге, отбасын бақытқа бастаған аналар

2456
Adyrna.kz Telegram

Болмысы мен тілегі, арманы мен мақсаты ортақ арнада тоғыса алатын жандар – әлемді мейірімге, отбасын бақытқа, адамзатты игілікке бастайтын аналар қауымы. Бейбітшілік бесігін тербетіп, жас өскінге өміршеңдігі мол ұлағатты тәрбие сіңіріп, ерен еңбек үлгісін көрсетіп жүрген аналар Алаштың анасы атанған Сырдың төріндегі «Этноауыл» кешенінде бас қосты. Шынайы ілтипатқа ие, адалдық пен еңбекқорлықты жанына серік еткен жаны әзиз, жүрегі ықыласқа толы асыл аналардың қатарында еңбекші ауыл әйелдері бар. Атап айтқанда, аймаққа қарасты барлық ауданнан күрішші, тазалықшы, хат тасушы, күзетші, комбайншы аналар марапат төрінен көрініп, ұлттығымызды ұлықтайтын ән айтты. 

15 қазан – Халықаралық ауыл әйелдері күні мен 25 қазан – Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған шара барысында ерекше еңбек әйелдеріне құрмет көрсетіліп, фотосессия ұйымдастырылды. Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның ұйымдастыруымен өткен қарапайым еңбекші ауыл әйелдерінің кездесуі аясында «Сыр аналары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұрсәуле Мұсаева «Тұлғалық даму тренингін» өткізді.

- Жалпы облыс тұрғындарының 49,8 пайызы әйелдер болса, оның 54,5 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Облысымызда 141 мыңнан аса отбасы бар. Оның ішінде 48 мыңнан астамы – көпбалалы аналар. Алтын құрсақты аналарымыздың 17 мыңға жуығы – «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегері, - деді Облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның хатшысы Қаламқас Каримова.

Қаланың қауырт жұмысы мен даланың дамылсыз тірлігінен қуат алатын ардақты аналар қауымына облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағановтың Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, бағалы сыйлықтар және сертификаттар берілді.

Пікірлер