«Орал қаласының құрметті педагогы» анықталып, үздік ұстаздар марапатталды

1825
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрында өткен «Ұстазым, сенің әр күнің, әр сәтің тұрған бір ерлік» атты мерекелік шарада «Орал қаласының құрметті педагогы» анықталып, үздік ұстаздар марапатталды.

Орал қалалық білім беру бөлімі ұйымдастырған шарада театр фойесіне білім беру ұйымдарының дайындаған композициялары мен республикалық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған ұстаздардың суреттері қойылды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығымен тұспа-тұс келген мерекелік жиын ағартушыға арналған қойылыммен бастау алды. Қала әкімі Миржан Сатқанов педагогтер мен сала ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

- Құрметті педагогтер, ардагер-ұстаздар!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаздық – кез келген азаматтың тұлға болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосатын мамандықтың төресі, қастерлі есім. Ұстаздар – балаларға білім беріп, ұрпағымызды отаншылдық рухында тәрбиелейтін ең мықты жандар.
Қаламыздағы білім беру ұйымдарында 7 мыңға жуық ұстаз қызмет етеді. Олардың алдында келешекте еліміздің дамуы жолында еңбек етер 58 мыңдай шәкірт білім мен тәрбие алуда. Ұстаздардың еңбегінің нәтижесінде білім саласының табыстары жыл санап артуда. Оқушыларымыз түрлі додаларда үздік атануда. Қала командасы пәндік олимпиадада облыс командалары арасында тұрақты бірінші орында. №38 Ә.Молдағұлова атындағы мектеп-лицейі республикадағы үздік 100 мектептің қатарында. М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінде үздік 100-дікте. Қазақстанның талантты балалары «Ел үміті» энциклопедиясына Орал қаласы мектептерінен 75 үздік оқушы енді.
Республикалық, халықаралық жарыстарда Оралдың, Батыс Қазақстанның атынан қатысып, үздік атанып жүрген шәкірттеріміз көп. Осындай шәкірттеріміздің білімге құштарлығын оятып, талантын шыңдап, биікке жетелеп жүрген ұстаздарымыз – Сіздердің еңбектеріңіз зор.
Ұлтымыздың болашағын қалыптастыратын мамандық иелерін қолдау әрдайым мемлекет назарында. «Педагог мәртебесі» заңы аясында мұғалімдерді шамадан тыс есеп беруден, міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға жағдай жасалды. Мұғалімдердің жалақысы бірнеше жылдан бері жыл сайын 25 пайызға көтеріліп келеді.
2023 жылдың қаңтар айынан бастап мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарындағы барлық педагогтің жалақысы тағы 25 пайызға өседі. Сондай-ақ Президент тапсырмасы бойынша тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға көңіл бөлініп, жалақысы артатын болады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет» деп мәртебелі мамандық иесі беделінің жоғары болуы керектігін айтты. Қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетуге бағытталған шаралар, жергілікті атқарушы орган тарапынан ынталандыру жұмыстары жалғасын табатын болады.
Мерекелеріңізбен, қадірлі ұстаздар!
Өздеріңізге айтар алғысымыз шексіз!
Ел болашағы жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолындағы еңбектеріңіздің жемісі еселене берсін, - деді Миржан Мұнайдарұлы.

Жергілікті атқарушы орган тарапынан педагогтарды ынталандыру мақсатымен үшінші рет өткізілген «Орал қаласының құрметті педагогі» байқауына биыл 40-тан астам педагог қатысты. Кәсіби шеберліктері, жетістіктерінің негізінде Эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Ақгүл Рахметова «Орал қаласының құрметті педагогі» атағына лайық деп танылды. Қала басшысы төсбелгі мен куәлігін ұсынып, 954 мың теңге сыйақы сертификатын табыстады. Сонымен қатар қала әкімдігі жанындағы комиссия шешімімен 6 қатысушы жүлдегер атанып, 100 мың теңге сертификатқа ие болды.
2012 жылдан дәстүрлі түрде өтікізіліп келе жатқан республикалық «Үздік ұстаз» байқауының қалалық кезеңіне 18 педагог қатысып, олардың ішінде №42 «Ақ ниет» гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Дамира Канатбаева үздік шықты.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы, Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы атынан 7 педагог «Құрмет грамотасына» ие болды.
Мерекеге орай салада ұзақ жылдар қызмет етіп, білім саласының дамуына елеуі үлес қосқан ұстаздарға арнайы номинациялар берілді. Атап айтқанда, 28 жылдық педагогикалық еңбек өтілінің 25 жылында ұжымға басшылық еткен қазіргі уақытта №47 ЖОББМ директоры Нұрлан Саттықов «Ең тәжірибелі басшы» номинациясы бойынша марапатталды. «Ұлағатты ұстаз» номинациясы биыл еңбек өтіліне 37 жыл толған Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей мұғалімі, педагог-шебер Гүлзиһан Тасқаринаға, «Үздік әдістеме көшбасшысы» номинациясы 22 жыл бойы үздіксіз директордың орынбасары лауазымын Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназия директорының орынбасары Гүлбану Карагойшинаға, «Зерделі тәлімгер ұстаз» номинациясы 30 жылдық еңбек өтілі бар Круглоозерный орта мектебінің физика пәні мұғалімі Хатира Айтқалиеваға, «Заманауи шығармашыл тәрбиеші» номинациясы 36 жылдық еңбек өтілі бар педагог-зерттеуші, №22 «Колобок» бөбекжайының тәрбиешісі Баянсұлу Сақыповаға, «Қосымша білім беру шебері» номинациясы педагогикалық еңбек өтіліне 30 жыл толған Мектептен тыс жұмыс орталығының педагогы Ли Олег Константиновичке берілді. Сонымен қатар «Жұлдыз жаққан» номинациясымен №19 жалпы орта білім беретін мектебінің хореограф-мұғалімі Гулден Канатова марапатталды.

Шара білім беру ұйымдары өнерпаздарының концерттік құттықтауымен жалғасын тапты. «Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да ұстаздан тәлім алған» дегендей, барлығы да әріп танытып, жарқын өмірге сәуле ұстатқан ұстазға қарыздар. Мерекелік бағдарлама аясында шараға арнайы қатысқан әр саланың озат мамандары – медицина, төтенше жағдай, құқық қорғау, құрылыс саласының өкілдері ұстаздарға алғыстарын білдірді.

Пікірлер