Бөлінгенді бөрі жейді

7114
Adyrna.kz Telegram

Қазір бүкіл әлем толқып тұрғаны белгілі. Мемлекеттер арасында геосаяси жағдай шиеленісіп, халықаралық ахуалдың қиындай түсуде. Бүкіл адамзат күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындада елдікті нығайтып, мемлекет тыныштығының маңызы арта түсті. Өйткені бірлік – бейбітшілік пен тыныштықтың кепілі. Сондықтан әр істе парасаттылық пен сабырлық таныту еліміздің амандығы мен жеріміздің бүтіндігі үшін аса маңызды.

Сонымен бірге, елімізге көрші мемлекеттен келіп жатқандар туралы мәселе көптің көкейінде жүр. Айтарым, барлық істі байыппен талқылап, ақылмен шешуіміз қажет.

Біріншіден, президенттік мандаттық жеті жылдық мерзімге белгілегені – оң шешім. Өйткені мынандай өтпелі кезеңде Президент сол уақыттың ішінде лайықты, өзінің орын басатын, патриот азаматтарды тәрбиелеп қалыптастырмақ. Себебі, біз 30 жыл бойы монархиялық биліктің бодауында болдық. Ал қазір Жаңа Қазақстан деген жаңа бағдарлама бойынша қадам бастық. Сондықтан осындай кезеңде біз, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты бір ауыздан қолдауымыз керек. Қазақта «бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, бөлінбеуіміз керек.

Екіншіден, Президент халыққа жолдаған әр жолдауында ел экономикасын көтеру, халықтың тұрмысын жақсарту секілді күрделі мәселелерді көтеріп келеді. Тіпті, дүниежүзілік тәжірибелерді игере отырып, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолында қолға алынып жатыр. Оның үстіне, қандай да басшы болмасын халықтың көңілі толмайды, оның көңілінен шығу өте қиын. Сол себепті Мемлекет басшысының жаңа саясат жүргізейік деген ойын құптаймын.

Есберген Алауханов,
Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері

Пікірлер