БҚО-да Сейітқали Меңдешевтің 140 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті

1809
Adyrna.kz Telegram

Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, автономиялы Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитетінің тұңғыш төрағасы, Алаш тұлғасы Сейітқали Меңдешевтің 140 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Шараға Астанадан президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқыды.

«Құрметті жиынға қатысушылар! Сіздерді Жаңақала ауданының қайта құрылғанына 50 жыл және осы өңірдің әйгілі перзенті Сейітқали Меңдешевтің туғанына 140 жыл толуымен құттықтаймын. Жаңақала ауданынан көптеген өнер саңлақтары мен белгілі тұлғалар төрт Кеңес Одағының Батыры, 17 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Олардың ішінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешевтің орны бөлек. Оның ағартушылық қызметі ұлтазаттық көтеріліс және ашаршылық кезіндегі халқына жанашырлығы жұртымыздың жадында әрдайым сақталады. Сейітқали Меңдешевтің туған еліне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Халқының болашағы үшін аянбай тер төккен осындай тұлғаларымызды ұлықтау бүгінгі буынның перзенттік парызы. Ұлт мүддесіне адал қызмет еткен Сейітқали Меңдешев сияқты ардақ азаматтардың есімін есте сақтау жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу тұрғысынан өте маңызды. Оның өмір жолы мен қайраткерлігі ұрпаққа үлгі өнеге бола біледі деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке тілеймін»,—делінген құттықтауда.

Аудан әкімі Дархан Закарин, ақын, Қазақстан журналистер және жазушылар одағының мүшесі Закария Сисенғали бастаған делегация Астана, Алматы қалаларынан келген қонақтарды қарсылап, ұлттық киім киген жерлестеріміз қонақтарды ұлттық аспабымыз домбырамен ән салып, ұлттық тағам бауырсақ пен ақ ұсынды.

Одан әрі Мәмен және Тұяқберді Шәмеловтың кесенелеріне тоқтап құран бағыштады.

Бұдан бөлек конференцияға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, «Орталық мемлекеттік архив» Республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры, тарих ғылымының кандидаты, ҚР Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Сәбит Шілдебай, «Жаһанша Досмұхамедов» атындағы қоғамдық қордың президенті, тарих ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессоры, Алаштанушы, Сырым ауданының құрметті азаматы Дәметкен Сүлейменова, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықтың иегері, «Махамбет» әдеби, мәдени және танымдық журналының бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Абат Қыдыршаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агралық-техникалық университетінің «Рухани жаңғыру» орталығының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты – Есқайрат Хайдаров, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстан жазушылар және журналистер одағының мүшесі Закария Сисенғали қатысты.

Пікірлер