Мобилизация: Саратовтағы қазақтар қырылуы мүмкін

3355
Adyrna.kz Telegram
Қазақтың Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркіменстандағы атажұртында отырған ағайындардың тағдыры қашан да көпшілікті алаңдатады. Әсіресе, Ресейдегі атажұртымызда қалған қазақтардың көбі мобилизация желеуімен ұрыс даласына аттандырылуда. Олардың тұманды тағдырына қатысты журналист Алма Сайлауқызы арнайы пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
-Кеше Саратовтың (қазақша атауы - Cарытау) қазағы өз жеріндегі мобилизация қалай өтіп жатқаны туралы айтып берді. Тыңдап отырып жүрегім ауырды. Гай Александров атты (орталығы Саратовтан 1113 км) елді-мекенде орыстар мен қазақтардың үлесі теңдей екен. 50:50 деуге негіз бар. Мобилизация басталғанда, екі жақтан да теңдей адам алынады деген логикалары “сынып” қалыпты. Гайлықтардан 450 адам соғысқа алынған. Нешеуі орыс деп ойлайсыздар? 225 адам? 25 адам? 3 адам! 450-ден тек үшеуін ғана орыстан алынған. Сенесіздер ме? 447-сі қазақтар! Әскерде болып келген Володя әлі ішіп, шалқып жүр екен. Оған повестка келмеген. Ал өмірі әскерде болмаған, заң бойынша ішінара мобилизацияға жатпайтын механизатор, тракторист, ветеренар Бақыт, Мұрат, Арманның бәрін бір күнде жинап, аттандырып жіберген, - деп жазды автор.
Сонымен қатар, қазақтың аяулы қызы Ресей жерінде өмір сүрсе де, өз ата-бабасының атажұртында отырған ағайынның тағдырына алаңдаушылық білдірді.

- 9000 адамы бар осы селодан бір-екі жігіт қана Қазақстандағы туыстарына кетіпті. Ал қалғандары “Сатқын болмаймыз, Отанымызды қорғаймыз” деп, отар-отар қой секілді кете беруге әзір. Қандай аянышты. Сарытауын емес, өзге елдің территориясында путлердің сасық көкірегін қорғаймын деп күлі көкке ұшарын ойлауға қауқарсыз. Өздерін оқты азайтар “пушечное мясо”, әрі қазақ жерін қазақтардан оңай тазартар құрал ретінде аяусыз қолданып жатқанын ұғынуға дәрменсіз, - деп жазды.

Атажұртында қалған қазақтардың келешегі жайында:

- Бірер жыл бұрын Қытайға өткен атажұртында қырылған қазақтардан еш айырмашылығы болмай тұр. Әдіс әртүрлі. Нәтиже бір. Авторитарлы, қылышынан қан тамған жерде қазақтың болашағы жоқ. Ол жерлер енді тарихи отанына орала ма, жоқ па, беймәлім. Бірақ өзін сақтағысы келген, ұрпағын өрбіткісі келген қазақтар Қазақстанға оралмаса, ол жақта құрып-жойылары немесе атын, жөнін, ділін, тілін, дінін сатып, толық ассимиляцияға түсіп кетері анық екен, - деп пікір білдірді сөз соңында.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде мобилизация процесіне Ресейдегі саны аз этникалық ұлт өкілдерін алып жатқаны жайлы ақпарат тарап жатыр. Соған орай,  BiGroup құрылыс компаниясы Астана мен Атырауда Ресейдің этникалық қазақтарға жатақхана беріп, елге келгендерді орналастыруды бастап кетті.
Бұған қатысты:
"Әр қазағым жалғызым. Тек шекарадан өтсеңіздер болды. Бөтен ел мен бөтен соғыстан қазақты сақтап қалайық. Бұл біздің ата-баба алдындағы қастерлі борышымыз" делінген компания хабарламасында.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер