"Назарбаев кланын тоқтатамын": Хасен Қожахмет ҚР Президенті болғысы келетінін мәлімдеді

2174
Adyrna.kz Telegram

Қоғам қайраткері Хасен Қожахмет ҚР президенттігіне үміткер болғысы келетінін мәлімдеді. Бұл туралы Арон Атабектің фейсбук парақшасында хабарланды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

«Азат» қозғалысының және «Қазақ елі» коалициясының төрағасы Қожа-Ахмет Хасен Кәрімжанұлы 2022 жылғы қарашада өтетін президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірді.

Хасен Қожахмет алдағы сайлауға байланысты өз бағдарламасына келесі толықтырулар енгізді:

– Мен 2022 жылғы қаңтардағы қанды қырғынды кім және не үшін ұйымдастырғанын халыққа айтуға дайынмын. Осы қайғылы оқиғаға байланысты тұтқындалып, сотталған адамдар босатылып, толық ақталуы керек!

- Өз көзқарастарын білдіргені үшін сотталған азаматтар (митингтерде және БАҚ-та және т.б.) дереу ақталып, мемлекеттен моральдық залал үшін өтемақы алуы тиіс.

– Ешбір елде "жаппай тәртіпсіздіктер үшін" азаматтарды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырмайды, өйткені олардың әрекеттерін нақтылау мүмкін емес. Қазақстан халқын қорқыту үшін 2006 жылы "Шаңырақ оқиғасы" бойынша Арон Атабек, Ерқанат Тараншиев, Құрманғазы Өтегенов және Рүстем Тұяқов жазықсыз сотталды. Оларды ақтау керек!

– Қазақстан "нарықтық экономикаға" көшу туралы мәлімдеді, бірақ ешқандай бәсекеге түспей, олигарх-капиталист ретінде тек Тұңғыш Президент пен оның туыстары танылғанына куә болдық. Биліктегі кланның мұндай заңсыздығын тоқтату үшін елдегі барлық ірі кәсіпорындарды мемлекет мүлігіне айналдырып, адамдарға тек шағын жеке кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беру керек, мен бұл туралы 1973 жылы ұсыныс тастаған болатынмын.

- Н.Назарбаев кланы басып алған жерлерді дереу жергілікті халыққа қайтару керек. Қазақстан билігі өкілдерінің заңсыздығынан туындаған басқа да проблемалар мен олардан арылу жолдары туралы халықпен кездескен кезде айтамын. Жаса, Қазақ елі!", - деп хабарланды Арон Атабектің фб-тегі парақшасында.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер