Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан барлық көлік инфрақұрылымының штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Қазіргі таңда еліміздің барлық көлік инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеуде. Пойыздар мен ұшақтар және автобустар күндегідей жолаушылар тасымалын ұйымдастыруда.
⠀
Сондай-ақ тасымалдау сыйымдылығын арттыру және рейстердің кешігу санын азайту мақсатындағы тапсырманы орындау үшін кеше кешкілік отандық әуе паркі тағы бір «Boeing-737» ұшағымен толықты. Бұл SCAT авиакомпаниясының соңғы бір жарым айда алған төртінші «Boeing» әуе кемесі. Сыйымдылығы 189 орындықты құрайтын самолет авиакомпания паркіндегі 30-шы ұшақ. Биылғы жылдың соңына дейін Қазақстанның азаматтық авиация флоты тағы да 10 әуе бортымен толығады деп жоспарланып отыр.
⠀
Республикалық маңызы бар көлік жолдарындағы қазіргі жағдай мен ондағы қозғалыс қарқындылығы да алдыңғы апталардағыдай қалыпты деңгейде»,—деді ол.
⠀