ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын зор ықыласпен оқып шықтым. Өте салмақты да маңызды құжат. Тап бүгінгідей күрделі ахуалда не істеу керек деген сұраққа жауап беруге тырысқан. Мәселенің экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани, тағы басқа қырларын интеллектуалды ізденіспен, эмоциялық толғаныспен талдапты.
Мұнда миллиондаған отандастың жақсы өмірге ұмтылысының тәжірибесі, ұрпағының болашағына алаңдап, Қаңтар қасіретіне ұрындырған әділетсіздікке наразылығы көрініс тапқан. Президент өз ұсыныстары мен шешімдерін 5 бағытқа бөлген. Бәрі толғағы жеткен қажеттіліктер. Тапсырмалардың атқарылу мерзімдері де назарынан тыс қалмаған.
Мәселен, құрылыс саласындағы біршама ережелер мен нормалар кеңестік жылдардан бері сақталып келе жатыр. Ондай мұралар білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларында бар. Демек, Жаңа Қазақстанды құру үшін алдымен өзіміз өзгеруіміз керек. Қиынның қиыны осы болар, сірә!
Шығыны көп, пайдасы жоқ жобаларды күн тәртібіне қоюмен қалтасын толтырғандар, көзбояушылықты шебер игерген пысықайлар аз еместігі рас. 2019 жылы ең жоғары билікке келгеннен бері Президентіміз Қ.Тоқаев халыққа 5-жолдауын жариялап отыр. Ғылым мәселесі талданбай қалуда. Ал ғылымсыз қоғамның ілгерілеуі мүмкін емес. Бұл сан мәрте дәлелденген ақиқат. Барша саналы өмірім ғылымда өткендіктен, мәселен, мен Мемлекет басшысынан Қазақстан ғылымына қатысты тың ойлар мен бастамаларды күтемін. Әділетті Жаңа Қазақстанға ғылыммен жол тартса, шынымен әлемдік биіктікке көтеріле аламыз.
Хангелді ӘБЖАНОВ, тарих ғылымының докторы, профессор: