Жаңа ғасырда Шыңғыс ханға қызығушылық жаңа деңгейге көтерілді
Ол туралы түрлі тілде жазылған кітаптар мен мақалалар күннен күнге көбейе түсуде. Шыңғыс хан туралы түсірілген көркем фильмдер мен деректі фильмдер де аз емес. Қытай киногерлері түсірген көп бөлімді «Шыңғыс хан» телесериалы да көпшіліктің көңілін осы бір дара тұлғаға тағы бір рет аударды.
Мен өз тарапымнан Шыңғыс хан туралы: «Шыңғыс хан қай жерде жерленген?», «Шыңғыс ханның бүгінге жеткен өсиеті», «Александр Македонский маскүнем болған, ал Шыңғыс хан ше?» атты мақалалар жазып жарияладым.
Кеңес үкіметінің көптеген жылдар бойы Шыңғыс ханды Ресейді жаулап алған жауыз ретінде насихаттаған әрекеті бүгінде ескірді. Бәрін былай қойғанның өзінде, сол Ресейдің танымал баспаларының бірі «Молодая гвардия» өзінің «Тамаша адамдар өмірі» топтамасының бірі ретінде «Шыңғыс хан – әлемді мойындатушы» атты кітапты шығарды!
Дегенмен, Кеңес үкіметі кезінде басылған ғылыми кітаптардан Шыңғыс хан туралы жағымды мәліметтерді де оқуға болатын. Бірақ, ғылыми кітаптар аз таралыммен шығатын болғандықтан, КСРО халқының бұндай әдебиетті қолға түсіру мүмкіншілігі шектеулі болды. Шенеуніктерінің өзі 1800000-ға (он сегіз миллион!) жеткен үлкен елді басқарған Коммунистік партияның идеологиялық машинасының жаудырған мәліметтері арасынан халықтың ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмауы да түсінікті.
Соңғы жылдары Шыңғыс ханның шыққан тегі туралы, ол ана ұлттың өкілі, мына ұлттың өкілі деген пікірлер айтылуда. Бұл сұрақ бекер туындап отырған жоқ. Себебі, Шыңғыс хандай ұлы тұлғаны өз халқының өкілі ету арқылы елінің мәртебесін көтеруге мүдделілік танытып отырғандар аз емес.
Шыңғыс ханның тегі кім деген сұраққа жауап беру оңай емес.
Бірақ, жауап беруге болады. Шыңғыс хан туралы білгісі келген әр адам, әлем ғалымдары мойындаған Василий Владимирович Бартольдтің шығармаларын айналып өте алмасы анық. Орыстанып кеткен Санкт-Петербургтік неміс жанұясында туған В.В.Бартольд араб, парсы және түркі тілдерін жақсы білген. Ол өз еңбектерін көптеген шет елдерде болып, байырғы жазбалардың түпнұсқаларын оқып зерттеу нәтижесінде жазған.
Мен екінші сыныпқа барған 1964 жылы әкем, ғалым Әсілхан Оспанұлы В.В.Бартольдтың көп томдық шығармалар жинағын сатып алыпты. Жинақ бүкіл КСРО аумағына 5400 (бес мың төрт жүз ғана!) данамен басылып шыққан екен. Жинақтың бірінші томы «Түркістан аймағы моңғол шапыншылығы дәуірінде» деп аталады. Осы кітапты қарап отырып бір қызық дерек оқыдым. Ғалым Мэн-Хун деген кісінің: «Моңғол деген сөз Шыңғыс хан кезінде моңғол халқына тіпті белгісіз ресми сөз болған» деген пікірін келтіріпті. Бірақ, Мэн Хунның кім екенін жазбапты. Осы бір мәлімет менің жадымда жақсы сақталынып қалды да Шыңғыс ханның кезінде моңғолдар өздерінің моңғол екенін білмегені қалай, деген сұрақ анда-санда есіме түсіп жүрді.
Жақында «Чингисиана» деген кітап қолыма түсті. Осы кітаптағы Шыңғыс хан туралы жазылған Рашид ад-Диннің шежіресінің төртінші бөлімі «Байырғы заманда моңғол атанған түркі тайпалары туралы...» деп аталады. Түркі тайпаларының кейбірі моңғол атанғаны кімге де болса қызық көрінері анық.
Бұл маған Мэн Хунның «Моңғол деген сөз Шыңғыс хан кезінде моңғол халқына тіпті белгісіз ресми сөз болған» дегенін тағы да бір рет есіме салды. Содан Мэн Хунның кім екенін білгім келіп біраз әдебиеттерді ақтардым. Сұрағымның жауабын А.Г.Оловинцевтің орыс тілінде жарық көрген «Түркілер әлде моңғолдар?» атты кітабынан таптым. Мэн Хун 1219 жылы Батыс Қытайға қарсы әскери жорық жасау туралы келіссөз жүргізу үшін Шыңғыс ханның ордасына барған Оңтүстік Қытай үкіметінің елшісі. Шыңғыс ханның жеке қабылдауында бірнеше рет болған ол көбінесе ханның Қытайдағы бас қолбасшысы Мұхалимен тығыз қарым-қатынас жасаған. Мэн Хунның жазуы бойынша Мухали өзін моңғолмын деп айтпаған. Елшінің Қытайдың әскери құжаттарының арасынан он тоғызыншы ғасырдың орта шенінде табылған «Мэн-да, бей-лу» атты 1221 жылы жазылған еңбегі арқылы Шыңғыс хан және оның заманы туралы көптеген мәліметтер бүгінгі күнге жетті.
«Моңғол деген сөз Шыңғыс хан кезінде моңғол халқына тіпті белгісіз ресми сөз болған» деп жазбастан бұрын, лауазымы жоғары қытай шенеунігі Шыңғыс хан елінде болған кезінде, «моңғол» деп аталатын тайпаның өкілдерін табу үшін көп күш жұмсапты. Тәжірибелі елші Мэн Хун іздеу жұмыстарын тоқтатпай ақыры ержүрек моңғолдарды тапқан екен. Бірақ, Шыңғыс ханның құрған мемлекеті Мэн Хун айтып отырған жерден бірнеше мың ли (ли – қытай өлшемі = 497,7 метр – Б.О.) қашықтықта екен. Бұл машина мен ұшақтар бар бүгінгі кезге жақын болғанымен, он үшінші ғасырдың басында өте ұзақ қашықтық.
Мэн Хунның жазбасынан жоғарыдағы деректі келтірген ғалым өз кітабында: «...тарихшы-ғалымдар әлі күнге дейін моңғол атты тайпаны Моңғолиядан іздеуде» деп жазады. Моңғолиядан әлі күнге дейін моңғол деген тайпаның табылмауы да көп нәрсені аңғартады емес пе? В.В.Бартольд та өз еңбегінде Солтүстік Қытайда үстемдік жүргізген Цзинь әулеті он екінші ғасырдың ортасында Мынгу – дада (немесе – Мэнгу) деген тайпамен соғысқанын айта келіп оларды моңғол деп атайды. Ал, тайпаның халық емес екені кімге де болса түсінікті ғой. Турасын айтқанда ол кезде қазіргі Моңғолия жері сегізінші ғасырдағы Түркі қағанатының аумағының жері болғанын байырғы түркі алфавитімен жазылған тас ұстын ескерткіштердің табылуымен дәлелденген.
Ол кезде мемлекеттік тіл түркі тілі болған.
Ғалымдардың айтуынша байырғы түркі тіліне ең жақыны қазақ тілі. Пайда болғанына 2500 (екі мың бес жүз!) жылдан асатын түркі (түрік емес – Б.О.) алфавитімен қашалып жазылған Білге-қаған, Күлтегін және басқа тас ұстындардың қазіргі Моңғолия деп аталатын ел аймағында көптеп болуы осының дәлелі. Орхон-Енисей жазуы деп аталатын осы жәдігерлерді оқыған бүгінгі қай қазақ болса да түсіне алатыны белгілі. Осы жерде бүкіл түркі тектес халықтарға ортақ Күлтегін тас ұстынының көшірмесі көптеген қаржыға жасалып Астана қаласындағы Еуразия университетіне орнатылғанын айта кету керек.
Түн ұйықтамадым. Күндіз отырмадым.
Қара терімді төктім.
Қып-қызыл қанымды жүгірттім.
Түркі елі үшін. – деп сонау сегізінші ғасырда өмір сүрген бабаларымыздың бүгінгі ұрпағына жолдаған отаншылдық бас ережесі университет қабырғаларына үлкен әріптермен жазылды. Шыңғыс ханның билік құрған кезінде қолданылған жазу да түркі (түрік емес – Б.О.) жазуы. 1818 жылы табылған Шыңғыс ханның жазуы жазылған тас ұстыны қазір Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда тұр. Осы ұстынның мәтіні ғалымдардың «ескімоңғол» деп атайтын жазуы біз білетін байырғы түркі жазуымен жазылған.
Сол кезгі дәуір туралы оқыған кім де болса Шыңғыс ханның халқын құраған тайпалар жалайыр, қоңырат, керейіт, наймандар болғанын біледі. Олар қазіргі Моңғолия жерінен неге кетті? Бұған тарихи әдебиеттерде анық жауап берілген. Ғалымдардың келтірген деректері бойынша, 1218 жылы Шыңғыс ханмен бірге Хорезмнің шахын бағындыру үшін 10 түмен жорыққа аттанған. 1235 жылы Ресей мен Шығыс Еуропаны бағындыру үшін Бату бастаған екі түмендей әскер; 1252 жылы Иранды басып алу үшін Хулагу бастаған 7 түменнен астам әскер жіберілгені мәлім. Бұл қарулы қолдармен бірге олардың жанұялары да кеткенін ескеру керек.
Әр түменде он мың сарбаз, олардың ата-аналары, бауырлары, әйелдері мен бала-шағасы болғанын ескерсек Шыңғыс хан мемлекетінің қанша халқы отырған мекенін тастап шыққанын шамалауға болады.
«Шыңғыс хан – әлемді мойындатушы» атты кітаптың авторы, француз Рене Груссе: «Шыңғыс хан өзінің ең жақсы күштерін басқа елдерге алып кетті де, олар сол жақта біржолата сіңіп, орнығып қалды» деп жазады. Рене Груссе Шыңғыс ханның Тәңірге сыйынғаны жөнінде де жазған. Тәңірге тек түркі тектес халықтардың сыйынатыны баяғыдан белгілі. Қазақтар «Тәңір» деген сөзді кеше де, бүгінде де «Алла», «Құдай» деген сөздермен қатар қолданған, әлі де солай қолданып жүр. Бұған ұлы қазақ ақыны Мағжан Жұмабайұлының «Тәңір» атты өлеңі дәлел. Қазақта Тәңірберді, Тәңірбеген сияқты адам есімдері қазірде де көптеп саналады.
Шыңғыс ханның туған кезде берілген есімнің мағынасы нені білдіреді
Шыңғыс ханның туған кезде берілген есімін Темуджин деп білетіндер бұл есімнің не мағына беретініне көңіл аудара бермейді. Темуджин Темірші деген сөздің басқа тілді халықтардың айтуымен тарап кеткен нұсқасы. Мысалы: ағылшынша – стэнс, орысша – станция, қазақша – станса болып өзгергені сияқты. Шыңғыс – өте биік, Аспанның ұйғарымымен берліген билік иесі, дегенді білдіреді. 2004 жылы Әмірхан Балқыбек «Астарлап айтылған ақиқат қандай еді?» мақаласында Олжас Сүлейменовтің: «...хан болғанда алған аты да, сірә түркі әліпбиінен алынған болуы керек: Шыңғыс – хан (Шыңғыс – Қан) меніңше қазақ тілінде сақталған шығыс, күншығыс – (шыңғыс) сөзімен төркіндес. Осы жерде моңғолтанушылардан қалқаланып келген құпия ашылатын сияқты. Ұлы ханның шенді есімінде «сайлаушылардың өсиетін билеушінің өмірлік бағдарламасы астарлы түрде берілген: Шығыс-Қан – Шығыс (елдерінің) билеушісі (монғолша: «шығыс» – дормот, неге Дормот хан емес?, «күншығыс» – мандах)» деген пікірін келтірді. Көп нәрсені аңғартатын бұл тұжырым заманымыздың білімі өте терең тұлғаларының бірі Олжас Омарұлы Сүлейменнің пікірі!
Шыңғыс ханның тегі туралы жазған үлкен ғалымдардың бірі, Ресейдің үкіметінің «шет елге кетпесең – атыласың» деп қойған талабынан соң отанымен қоштасуға мәжбүр болған князь Николай Трубецкой. Ғұлама ғалым «Шыңғыс ханның мұрасы» атты еңбегінде хан туралы «тұрандық тұлға» деп жазған. Бір кездері дүние жүзінде түркілерді «тұрандықтар», тұрған елін «Тұран» деп атаған. Атақты Фирдоусидің «Шах-наме» жырында Иран мен Тұран арасында болған оқиғалар жазылған.
Шыңғыс хан қазақ ұлтына қатысы бар тұлға
Қай тарихшы болса да нақты дереккке жүгінуі тиіс. Бұл ғылымның бұлжымас ережесі. Шыңғыс ханның өзімен сөйлескен Мэн Хунның жазуына сүйенсек Шыңғыс ханға дейін моңғол деген халық болмаған. Бұл ортақ атты өз қоластындағы тайпалар мен руларға берген Шыңғыс хан. Демек Шыңғыс хан 1206 жылы болған құрылтайда өзінің еліне моңғол атын бергенде жаңа халықты қалыптастыруды көздегені анық.
Қазақтың ең ұлы ғалымдарының бірі Әлкей Марғұлан өз еңбектерінде «түркі-моңғолдар» деген сөз тіркесін қолдануы да бекер емес. Моңғолдардың басқа түркі тектес халықтармен туыстығы тіл ұқсастығымен де дәлелденеді. Мысалы: Құда – құда, бажа – бажа, жіген – жиен, бұта – бұта, бұлақ – бұлақ, сагадак – садақ, т.б. Сонымен менің болжамым бойынша, Шыңғыс хан байырғы Сақ, Ғұн, Түркі қағанаты атты мемлекеттің мұрагерлері болып табылатын тайпалардың бірінен шыққан. Демек, әлемнің ең үлкен мемлекеттерінің бірін құрған Шыңғыс хан, барлық түркі тектес халықтарға, оның ішінде қазақ халқына да ортақ ұлы тұлға.
Бердалы ОСПАН.
Мәдениеттанушы.