Қостанай облысындағы өрт толығымен сөндірілді

1993
Adyrna.kz Telegram

Қостанай облысы Әулиекөл ауданындағы ірі орман өрті 10 қыркүйек күні сағат 10.00-де толық сөндірілді, - деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрлік өрттің хронологиясын айтты. Өрт 2 қыркүйек күні сағат 15.10-да Әулиекөл ауданына қарасты Басаман және Семиозерный орман шаруашылығы бөлімдерінің аумақтарында басталған.

Өрт басталғаннан бергі жалпы аумақ 43 мың гектарды құрайды. Өрт екі елді мекендегі 91 үйді шарпыды және зақымдады.

Эвакуацияланғандар үйлеріне оралды, қалғандары туыстарында қалды. Өрт басталғаннан бері құтқарушылар 2091 адамды қауіпсіз жерге көшірді.

Өрт кезінде 12 адам дене жарақатын алған, күйік шалған, жеңіл және орташа дәрежедегі уланған. Зардап шеккен 3 адам Әулиекөл аудандық ауруханасында жатыр.

Аманқарағай ауылындағы үйінділерді талдау кезінде 1935 жылы туған азаматтың мәйіті табылды.

Жедел штаб жұмыс істей бастағалы Төтенше жағдайлар министрлігінің сенім телефонына 38 қоңырау түскен. 87 азаматқа кеңестік-психологиялық көмек көрсетілді, 45 балаға топтық психологиялық жұмыстар жүргізілді.
Әуе техникаларымен өрт сөндіруге барлығы 327 су төгу жұмыстары жүргізілді.

Өртті сөндіруге қатысқан күштер мен құралдардың жалпы топтамасы 207 бірлік техника мен 1785 адамды құрады.

Басаман және Семиозерный орман орналастыру бөлімшелерінің орман шаруашылығы кәсіпорындарының 73 адамнан және 21 техникадан тұратын күштері мен құралдары орнында қалды.

Жедел штаб өз жұмысын аяқтады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер