Қостанай облысындағы Тобыл өңіріндегі тұңғыш тракторшы әйел Ғайникамал Тәткенова 99 жасқа толды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «Астана» телеарнасына сілтеп.
Көнекөз қария бұл күндері ұл-қызының қызығына кенеліп, шөбере-шөпшек қолынан су ішіп отыр,
Әкесінен үш жасында айрылып, анасына қолқанат болған Ғайникамал әже еңбекке ерте араласқанын айтады. Тыл ардагері сұрапыл соғыс жылдары трактор тізгіндеп, жеңіс күні жеткенше қырда тер төккен.
«Басқарма сосын тракторшыға барасың әйтпесе ПЗУ-ға жіберем деді. Шешем үш баламен үйде. Жаман уақыт. Аштық уақыт. Соғыс уақыты. Сосын не істейін, сол Боровойда қыстай оқыдым трактор оқуын. Сосын тракторшы болып, соғыс біткенше трактор айдадым», — дейді Ғайникамал Тәткенова.
Кейуана 99 жасқа келсе де іс тігіп отыр.
«Неше түрлі ауыр жұмыс істей жүріп өзім кілем тоқып, кісілерге іс тіктім. Көрпе тігіп, камзол тігіп оларға іс істедім. Пенсиям жақсы. Бәрі бар. Ал бірақ сонда да адам еңбек ету керек шама келгенше», — дейді ол.
Бір қолымен колхозға жұмыс істеп, екінші қолымен бесік тербеткен алтын құрсақ ана он балаға тағылымды тәрбие беріп, қатарынан қалдырған жоқ. Ұл-қызы түгел іргелі оқу орындарын тәмамдап, еліне елеулі қызмет етті. Үлкен баласы 78 жаста, кенжесі алпыста.
«Бала кезінен бізге айтты.Еңбекқор болыңдар.Жұмыс істеңдер.Ешкімнің ала жібін аттамаңдар деген сияқты.Бәріміз де жоғары білім алдық.Әлі күнге дейін айтқанымен ғана жүреміз», — дейді ұлы Әділбек Хайдар.