Қоршаған ортаны ластағаны үшін «ҚазАзот» мекемесіне 6 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды«Адырна»тілшісі.
Маңғыстау облысы Басқұдық ауылының тұрғындары ауадағы жағымсыз истің таралуына байланысты «ҚазАзот»АҚ-ның үстінен шағым түсірген.
Елдің шағымына құлақ асқан облыстық экология департаменті «ҚазАзот» АҚ-ға жоспардан тыс тексеру жүргізіп, аммиак көлемі рұқсат етілген шекті концентрациядан асып кеткенін анықтады.
«Тексеріс барысында құрамында аммиак бар суды заңсыз ағызу фактісі анықталды. Бұл жаңадан салынған «ҚазАзот» АҚ «Залалсыздандыру және булану бөлімі» нысанын пайдалануға берілген кезде орын алып отыр. Осы фактілер бойынша департамент мамандары су сынамаларын алып, атмосфералық ауаны өлшеді. Жүргізілген талдау нәтижесі судың құрамындағы зиянды заттардың және атмосфералық ауадағы аммиак нормаларының рұқсат етілген шекті концентрациядан асып кеткенін көрсетті»- деді Маңғыстау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Мақсат Айсин.
Аталған экологиялық заңнаманы бұзу фактілері бойынша «ҚазАзот» АҚ ҚР ӘҚБтК-нің 331-бабының 1-бөлігі және 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ кәсіпорынға заңбұзушылықты жою жөнінде нұсқама берілді.